Ресми бет

Партияның міндеті – халықты біріктіру



Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыру туралы шешім қабылдады. Елбасының бұл шешімі Nur Otan партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жария етілді. Партия басшысының өкілеттігін тапсыру рәсімі партия жарғысына сәйкес жүзеге асырылып, төрағаны сайлау және қызметінен босату мәселесі Nur Otan партиясының алдағы құрылтайында қаралатын болады.

[smartslider3 slider=1049]

Билік транзитінің логикалық жалғасы

«Атқаратын лауазымына, құқықтарына қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы ұлтымыздың Көшбасшысы – Елбасы, әлем мойындаған қазіргі заманның көрнекті саясаткері, беделді тұлға болып қала беретінін түсіну керек.

Заманауи Қазақстанның негізін қалаған, жанын салып, бүкіл өмірін елге арнаған адамның әрқашан халық мүддесін ойлап, еліміздің болашағы үшін алаңдайтынын бәрі түсінеді деп ойлаймын. Елбасының бұл ұстанымы өзгермек емес.

Бүгінгі шешім – билік транзитінің қисынды жалғасы ғана. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, әсіресе қазіргі пандемиядан болып отырған жаһандық дағдарыс кезінде Nur Otan партиясы Қазақстан Президенті үшін басты тірек болуы керек.

Жарғыға сәйкес, Nur Otan партия­сының Төрағасын сайлау мен оны лауазымынан босату Партия съезінің ерекше құзыретіне жатады. Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия Төрағасының қызметінде болады» деп жазды Тұңғыш Президенті-Елбасының кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Твиттердегі парақшасында.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Елбасы мәртебесіндегі өкілеттіктері мен Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметі сақталады. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы туралы» заңға сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік құрылыстың, ішкі және сыртқы саясаттың, ел қауіпсіздігінің маңызды мәселелері бойынша өз бас­тамаларымен Қазақстан халқына, мемлекеттік органдарға және лауазымды тұлғаларға үндеу жасауға өмір бойына құқығы бар. 2021 жылы 28 сәуірде Елбасы Мемлекет басшысына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қыз­метін тапсырғаны мәлім. Сондай-ақ Тұңғыш Президент Конституциялық Кеңестің мүшесі болып қала береді.

Партияның стратегиялық мақсаттарын айқындады

Енді Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партия­сы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысының күн тәртібінде қаралған мәселелерге келейік. Бейнеконференция байланысы режимінде өткен отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр мен Үкімет мүшелері, Nur Otan партиясының Саяси кеңесі мен Бюро мүшелері, Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттардағы партия фракциясының депутаттары, өңір басшылары, Jas Otan жастар қанатының көшбасшылары қатысты.

Жиынды ашып, сөз сөйлеген ­Елбасы отыз жыл ішіндегі еліміздің даму жетістіктеріне тоқталып, мұның барлығы бірлесе атқарылған жұмыстың, маңызды мемлекеттік шешімдер мен батыл реформалардың жемісі екенін атап өтті.

«Бірізді саяси реформалардың нәтижесінде бүгінде елімізде жоғары демократиялық стандарттарға сай келетін тиімді көппартиялық жүйе қалыптасты. Биыл тарихымызда алғаш рет заң шығарушы және өкілдік органдарға сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтті. Сондай-ақ ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Бұл қадамдардың бәрі елдегі партиялар арасында бәсекені күшейтіп, олардың жауапкершілігі мен есептілігін арттыра түсті» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыста Премьер-министр, партия Саяси кеңесінің Бюро мүшесі А.Маминнің, Парламент Мәжілісінің төрағасы, партия фракциясының басшысы
Н.Нығматулиннің, Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы Өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Ю.Кучинскаяның, Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы М.Әйтеновтің, Nur Otan партиясы Павлодар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Nur Otan партиясының аудандық мәслихаттағы фракциясының басшысы, Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшесі В.Гейнцтің, Nur Otan партиясының мүшесі, Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауылдық округінің әкімі Ә.Зарифовтың баяндамалары тыңдалды.

Елбасы Премьер-министр мен Парламент Мәжілісі төрағасының баяндамаларынан соң биліктің атқарушы және заң шығарушы тармағы партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда үйлесімді жұмыс істегенін ерекше атап өтті. Нұрсұлтан ­Назарбаев мемлекетіміздің алдында тұрған сын-қатерлерге, сондай-ақ партияның келешек стратегиялық мақсаттарына жан-жақты тоқталды.

«Қазақстан Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басуда. Бұл ауқымды өзгерістерге, қиын да жауап­ты шешімдерге толы кезең болары анық. Қазірдің өзінде пандемияны тоқтату қиынға соғуда. Бүгінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Оған ақпараттық технологиялар мен жасыл энергетиканың қарқынды енгізілуі де әсер етуде» деді Елбасы.

Тұңғыш Президент адамзат алдында тұрған бірқатар сын-қатерлерді атап өтті. Соның ішінде жаңа пандемияларға қарсы күреске, экологиялық проблемалар мен жаһандық жылынудың теріс әсерінің күшеюіне, әлемдік экономиканың өзгеруіне орай елдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, геосаяси шиеленістің өршуіне, сондай-ақ қоғамдық пікір мен құндылықтардың күрт өзгеруінен саяси алауыздық белең алатынына назар аударды.

«Жаһандық тұрақсыздық ұзаққа созылуы мүмкін. Осы орайда партия­ның соңғы парламент сайлауындағы «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген ұранының өзектілігі арта түсуде. Біз бүкіл қоғамның мүддесін қорғайтын центристік ұстанымды сақтауымыз қажет екенін тағы да атап өткім келіп отыр. Партияның міндеті – халықты бөліп-жару емес, біріктіру» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бірлікті көрсететін қадам

Елбасы партия фракциясы депутаттарының пандемия кезіндегі тиімді жұмысына тоқталып, барша қазақстандықтар Президенттің мемлекеттік бағдарын қолдап, соның аясында жұмылуы маңызды екеніне баса мән берді. «Мен партиямыздың негізін қалап, оған осы жылдар ішінде басшылық еттім. Nur Otan партиясын ел Президенті басқарып, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыруы маңызды екенін жақсы білемін. Бұған дейін де солай болды. Біз партия Жарғысына сүйене отырып, шешім қабылдауымыз керек. Бұл – біздің бірлігімізді көрсететін қадам» деді Тұңғыш Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын партияның ұзақ мерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды. Елбасы атап өткендей, ол үшін Nur Otan партиясы үнемі жаңғырып отыруға, заман талабына сай әрі өзгерістерге дайын болуға, халық мүддесін басшылыққа алуға, алдына айқын мақсат қойып, оған жетудің нақты жолдарын табуға, билік органдарының, қоғамдық институттардың тиімді ықпалдастығын қамтамасыз етуге тиіс, сондай-ақ қоғамды партия құндылықтары төңірегіне біріктіруі керек.

«Біз Тәуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын ақиқатқа айналдыру осы ұрпақтың тарихи миссиясы деп санаймын» деді Тұңғыш Президент.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button