Ресми бет

Суға түскенде сақ болыңыз!

Жаздың ыстық маусымы басталысымен қалалықтар жағажайға асығады. Жыл сайын қала аймағында және айналасындағы өзен-көлдерде ­қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамай шомылғандар суға батып, қаза табады. Елордалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Азамат Құсайынов қауіпсіздік ережесін қалай сақтау керектігі туралы онлайн-брифингте әңгімелеп берді.

Күн сайын құтқарушылар, полицейлер, еріктілер және жұмыспен қамту орталығының қоғамдық қызметкерлері тұрғындарға шомылуға рұқсат етілген орындар туралы хабардар етеді. Судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы шомылу кезеңін қауіпсіз өткізуді белсенді жүргізетін рейдтік іс-шаралар өткізеді.

«Рейдтік іс-шаралардың барысында Полиция департаментімен бірлесіп, 14 әкімшілік хаттама жасалды. Елордалық құтқарушылардың күшімен шомылу маусымы басталғаннан бері шомылуға рұқсат етілмеген учаскелерде 3 адам аман-есен құтқарылды, оның ішінде 1 бала бар» деді А.Құсайынов.

Ол өз сөзінде ресми түрде шомылуға арналған 4 орын бар екенін айрықша атап өтті. Олар: Орталық жағажай, «Три пескаря» демалыс аймағы, «Столичный двор» және Ш.Бейсекова көпірі ауданындағы коммуналдық жағажай.

Су айдындарының рұқсат етілген және тыйым салынған учаскелерінің тізбесі «2GIS» картографиялық платформасында орналастырылған.

«Шомылу кезеңінде күнделікті 40 құтқарушы, 2 бірлік сүңгуірлік жарақтары бар сүңгуірлер, 6 бірлік жүзу құралдары және Жұмыспен қамту орталығынан 25 қоғамдық қызметкерлер рейд жұмыстарын жүргізеді» деді спикер.

Шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Шомылудан бұрын көлеңкеде 5-10 минут күткен дұрыс. 20 минуттан артық жүзуге болмайды. Қатты салқындаған кезде дененің құрысуы пайда болуы мүмкін, тыныс алудың тоқтауы, адамның есінен тануы да салқындағанда болады.  Арнайы жабдықталмаған жерлерде суға секірмеу керек. Басыңызды су түбіндегі тасқа немесе басқа затқа соғып алуыңыз мүмкін. Алысқа жүзбеңіз, өйткені сіз өз күшіңізді есептей алмайсыз. Шаршағаныңызды сезінсеңіз абдырап қалмаңыз және жағаға тезірек жетуге ұмтылмаңыз. Суда кішкене демалып, арқаңызға бұрылып, қолдарыңыз бен аяқтарыңыздың жеңіл қозғалысымен өзіңізді судың бетінде ұстаңыз.

Егер ағыс алып кетсе, қарсы жүзуге тырыспаңыз. Ағыспен төмен қарай жүзіп, біртіндеп жағаға жақындаңыз. Егер ағыс иіріміне тап болсаңыз, терең дем алып, суға сүңгіп, бір жағыңызға қарай күшті серпіліс жасап, су бетіне қалқып шығыңыз. Сіз арнайы белгіленген жерлерде шомылуыңыз керек, қайықтарға жақындауға болмайды. Бойламайтын, терең суда ойнамаңыз, қатер болмай, жалған дабыл бермеңіз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button