Ресми бет

Шаттығы тасыған шаңырақ

Астанадағы Дәуешевтер әулеті – елге сыйлы, шаңырағынан құт үзілмеген отбасылардың бірі. Осындай әулеттің берік қазығы, балаларының тірегі адами қасиеттері биік, ақылы дария, пайым-парасаттары жоғары Еркін аға мен Хамила жеңгей. 

Бүгінгі кейіпкерлерім Еркін аға мен Хамила жеңгей соғыстан кейінгі  жылдары өздерінің тұстастары секілді талай қиындықты көре жүріп, орта мектепті бітіріп шығады. Екеуі де оқуды бітірісімен Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Институтты бітірісімен екеуі де ауылға келіп мұғалім болады.

1963 жылдың 7 қарашасында олар отбасын құрады. Еркін аға Кеңес орта мектебінде директордың оқу-өндірістік жөніндегі орынбасары болса, Хамила Құлбекқызы математика пәнінің мұғалімдігіне қабылданады. Еркін Дәуешев мектепте қызмет істеп жүргенде партия қатарына өтсе, Хамила Құлбекқызы   Алексеевка (қазіргі Ақкөл ауданы) аудандық партия комитетінің екі мәрте мүшесі болып сайланады. Осы Кеңес ауылында олардың тұңғыш балалары  Гүлнар дүние есігін ашады.

1966 жылы Еркін Дәуеш­ұлын қазіргі Азат  орта мектебіне директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасарлығына ауыстырады. Абыроймен төрт оқу жылын осында өткізеді. Осы елде Гүлшат пен Динара атты қыздары өмірге келеді. Ал 1970 жылы Еркін ағаны Қарабұлақ орта мектебінің директорлығына тағайындайды. Осында жаңа мектептің іргесін қалайды. Оқу-тәрбие жұмысы жағынан Сілеті ауданындағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі болады. Осы жерде Еркін Дәуешұлы Қазақстан Республикасының білім саласының үздік қызметкері төсбелгісімен марапатталады. Тіпті кезектен тыс жеңіл көлік алуға болатын аудандық атқару комитетінің шешімі шығып, автокөліктің кілтін оған  тамыз конференциясында табыс етеді. Содан Қарабұлақта Марат пен Әлия деген балалары дүниеге келеді.

Еркін аға кезінде қызметінен басқа қоғамдық жұмыс­тарға да белсене араласқан екен. Осыны байқаған Сілеті аудандық партия комитеті оған идеология бөлімін басқаруды тапсырады. 1978 жылдан 1987 жылға дейін осы қызметті  мінсіз атқарады. Кейіннен Бейбітшілікті қорғау қоғамының аудандық бөлімінің төрағасы, аудандық мәдениет саласы қызметкерлері кәсіп­одағының төрағасы қызметіне сайланады.

Отбасының жағдайына байланысты 1987 жылы Ақкөл қаласына көшеді, ауданының білім беру бөлімін басқарады. Ал Хамила жеңгей  № 3 орта мектепке математика пәнінің мұғалімдігіне қызметке қабылданады.

Осы уақыт ішінде ұлтжанды Еркін Дәуешұлы қазақ тілінің мәртебесін көтерумен, қазақ мектептерін ашуға көңіл бөледі. Осы қызметке келгенде ауданда бір ғана қазақ мектебі болатын. Ол құрметті демалысқа шыққанша 7 таза қазақ мектебіне қоса 14 аралас мектеп ашып және Ақкөл қаласындағы таза қазақ мектебінің іргесін қалауға атсалысады. Бір айтарлығы, Кеңес Үкіметі  құлағаннан кейін мектептер мен балабақшалар жабылып жатқанда Еркін Дәуешұлының қолдауымен бұл ауданда бірде-бір мектеп жабылмаған. Оның іскерлігінің арқасында бар қиыншылықтарға төтеп бере отырып, керісінше бірнеше мектептің жанынан кішігірім балабақшалар ашады. Оған қоса аудандық білім басқармасының жанынан білім саласының қызметін көрсететін мұражайдың ашылуына мұрындық болады.

Еркін аға мен Хамила жеңгей ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, туған-туыс, көрші-қолаң арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болған, шаттығы тасыған шаңырақтардың бірі деп айта аламыз. Дәуешевтердің отбасынан шыққан яғни ата мен әженің «мектебінен» өткен олардың балалары мен немерелері рухани жағынан да мықты. Олар – үлгілі отбасының ұрпағы.

Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы дейді ғой. Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміздің екеуі де – ұлағатты ұстаздар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, Еркін ағамыз бен Хамила жеңгеміздің алдынан мыңдаған шәкірт білім алып тәрбие көрген. Олар өсіріп, тәрбиелеген өз балалары да – бүгінде еліміздің мақтанышына айналған мамандар.

Еркін аға мен Хамила жеңгей – алты бала тәрбиелеп өсірген бақытты отбасы. Балаларының барлығы да жоғары білім алған. Біреуі – ғылым кандидаты, екіншісі – ғылым докторы. Бесеуі республикалық дәрежедегі қызметтер атқарады. Жан жұбайы Хамила Құлбекқызы – күміс алқа иегері, 52 жыл қызмет атқарып зейнетке шыққан ұлағатты ұстаз, аяулы ана. Қазақстан Республикасы білім саласының үздігі төсбелгісімен марапатталған. Ал Еркін ағаның еңбек өтілі – 57 жыл. «Құрмет» орденінің иегері, оған қоса бірнеше мемлекеттік медальдар мен Құрмет грамоталарымен де марапатталған. Ақкөл ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Зейнетке шыққаннан кейін Еркін Дәуешұлы мен Хамила Құлбекқызы Астана қаласына көшіп келеді. Екеуі де осы қалада қарап отырмай қызметтерін одан әрі жалғастырады. Еркін аға қаладағы қарттар үйіне, қазіргі «Шарапат» мекемесіне педагог-психолог болып орналасып, ол осында тура 14 жыл қызмет атқарады. Қазақстанның әлеуметтік саласындағы тұңғыш психологы атағын алып шығады. Ал Хамила Құлбекқызы Астана қаласындағы № 3 орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Мектеп ұжымының ол кісіні сыйлайтындығы сонша, мектептен кеткеніне әжептәуір уақыт өтсе де, әлі хабарласып, мейрамдармен құттықтап, өздеріне шақырып тұрады екен. Қызметтен біржола босағаннан кейін де Еркін аға бос қарап отыра алмайды. Ардагерлер кеңесінің қоғамдық жұмыстарымен айналысады. Ардагерлер кеңесінің және журналистерден құралған медиатоптың белді мүшесі. Яғни «Астана ақшамы» газетінің штаттан тыс тілшісі.

Еркін Дәуешұлы бірнеше кітап та жазды. «Ауылымды сағындым», «Бір ғасыр», «Жаны жайсаң Жайық аға», «Азаматтарымен ажарлы Ақкөлім», «Қаламмен өрілген жылдар» естелік кітаптарының авторы. «Арқа ажары», «Астана ақшамы», «Ақкөл өмірі» газеттеріне тұрақты түрде мақала жазып тұрады. Онымен қоса Еркін ағамыз – еліне қалтқысыз қызмет етіп, бірақ дер кезінде олардың еңбегі еленбей, халық жауы деп сотталып кеткендердің өмірін зерттеумен де айналысқан адам. Соғыс кезінде ұжымшарды жақсы басқарып тұрған Бауке Құлмағамбетов деген кісіні көреалмайтындар халық жауы деп 58-баппен он жылға соттап жібереді. Осы кісінің өмірбаянын зерттеп, адал екенін дәлелдеп, Бас прокуратураға дейін барып, мақалалар жазып Бауке Құлмағамбетовты ақтап шығады.

Одан кейін жазушы-шежіреші Жайық Бектұров­тың ісін зерттейді. Ақкөл ауданының тумасы Жайық Бектұров Алаш қайраткерлері туралы алғашқы шындықты халыққа жеткізген, өзі де бірнеше жыл түрмеде отырып келген ұлт қайраткері еді. Дәлелді айғақтарды 17 жыл жинастырып, газеттерге ол жайлы мақалалар жазып, оның ақ екенін дәлелдейді. Қазір Ақкөл қаласында қазақ орта мектебіне, бір көшеге оның есімі берілген.

Ал қазіргі уақытта Еркін аға бас болып «Ердің атына елі сай болсын» деген қағидамен Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығы қарсаңында батыр туған Еңбек ауылын көркейтіп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге атсалысып жүр. Бұдан 3-4 жыл бұрын бағдарлама жасап, оны аудан әкімі қолдап, іске кіріскенбіз дейді Еркін аға. Қазіргі уақытта еліндегі мектеп, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіпті. Тас жолға билбордтар қойылып, музей үйі де ашылған көрінеді. Ал ескерткіш орнату жөнінде Еркін аға Қорғаныс министрінің қабылдауында  болыпты.  Министр  келісімін берген көрінеді. Жалпы Еркін ағамыз – үйде тыныш отырмайтын, осындай елдің адамы. Халықтың қамымен жүрген қамқор азамат.

Кезінде осы «Астана ақшамы» газетіне де Жұмабек Тәшенов туралы бірнеше мақала жазған. Ол кісіге Халық қаһарманы атағын және туған ауданына есімін беру туралы мәселелер көтеріп жүрген көрінеді. «Аршалы ауданы қолдайды, ал  облыс үндемейді» дейді Еркін аға.

Еркін аға мен Хамила жеңгей ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, туған-туыс, көрші-қолаң арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болған, шаттығы тасыған шаңырақтардың бірі деп айта аламыз. Дәуешевтердің отбасынан шыққан яғни ата мен әженің «мектебінен» өткен олардың балалары мен немерелері рухани жағынан да мықты. Олар – үлгілі отбасының ұрпағы. Сөзіміздің дәлелі – олардың жанұясы 2019 жылы Астана қалалық «Мерейлі отбасы» байқауында екінші орын иеленді. Бұл оңай жеңіс емес. Жүздеген отбасы қатысқан жарыста алға шығу – үлкен еңбек пен тәрбиенің негізі арқылы жеткені сөзсіз.

Шаңырақ шаттығын ойлаған жан отбасындағы жарын, балаларын да жанындай сүйетін болады. Осындай үлкен шаңырақтың уығын ұстап тұрған Еркін аға мен Хамила жеңгеміз – мерейлі отбасының бірі. Жақында олардың шаңырақ құрғанына 60 жыл толады. Олай болса, мерейтойларыңыз құтты болсын демекпіз!

 Ғалия БАЛТАБАЙ, Астана қалалық

Ардагерлер кеңесі медиатобы жетекшісінің орынбасары

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button