Әлеумет

Тұрғындар өтініші орындалды

Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту – биліктің бірінші кезектегі міндеті. Осы орайда тұрғындардың өтінішін жанашырлықпен орындаған азаматтарға алғыс айтуды жөн көрдім.

Елорданың тұрғыны, Алматы аудандық Ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі ретінде биылғы жазда қала іргесіндегі 41-разъезге жүретін № 304, 322 және 316 қоғамдық автобустары соңғы жылдары тұрғындары күрт өсіп, сәйкесінше тұрғын үйлері көбейіп бара жатқан «Нұрлы» елді мекенінде аялдама ашуды сұрап Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына, Алматы ауданының әкімдігіне, сондай-ақ бұрынғы индустрия министрлігіне хат жолдап, көмек сұраған едім.

Бұрын Астанадан жүретін автобустар «Нұрлы»-ға тоқтамай өте шығатын, ал үлкен жолдың бойынан түсіп қалған адамдарға 3-4 шақырым жүруге тура келетін. Бұл жағдай көктем, күз және қыс мезгілінде өте қиын болатын еді. Әсіресе, балалар үшін қауіпті де болатын.

Енді, міне, елді мекеннің бұл жағдайы шешімін тапты, өтінішіміз орындалды. Автобустар тоқтайтын болды, аялдама жасалды.

Осы мәселені шешуге министрліктің жол басқармасы бөлімінің маманы Ержігіт Сейітжаппар, Алматы ауданы әкімдігінің аға инспекторы ­Мадияр Тоқпақов, «Қазав­тожол» компаниясының директоры Нұржан Өмірзақов, жетекші қызметкерлері Жанмұрат Бектұрғанов, Абылай Қамзин, STS компаниясынан Нағашыбай Шалманов, Астана қаласы әкімдігінің Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасынан Байыр­жан Тайбергенов тұрғындар атынан берілген өтінішімізді дұрыс түсініп, оқ шешімін қабылдауға көмектесті. Осы азаматтардың бәріне үлкен ризашылығымды білдіремін. Денсаулықтарының мықты, еңбектерінің жемісті болуына тілектеспін.

Халықтың мүддесін түсінетін осындай басшылар мен мамандарымыз көп болса екен деймін.

Зейнегүл БЛИКОВА,

Астана қаласы

Алматы аудандық Ардагерлер ұйымының мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button