Ресми бет

Жас отбасылар жарысы

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының  «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Конституция күніне орай жас отбасылар арасында «Көңілді старт» отбасылық эстафетасы өтті. Мерекелік сайысқа  37 жас отбасы қатысты. 

«Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, жастардың арасында ажырасу көрсеткіші жыл ­сай­ын артып отыр. Дәл осындай турнирлер арқылы жас отбасылар эмоциясын шығарып, бір-бірімен жақындай түседі деп ойлаймыз. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткен өзге жанұялармен жақын танысуға мүмкіндік алады. 2022 жылы «Денсаулық – зор байлық» атты 21 күн бойы кемі 1 шақырым жүгіретін сайыс өткен болатын. Біз бұл шарамен шектеліп қалмаймыз. Алдағы уақытта зияткерлік, фото-видео, ұлттық дәстүрді қамтитын өзге де жарыстарды өткізуді жоспарлап отырмыз» деді сайысты ұйымдастырушы әрі «Қазақстан жастарының конвені» жеке қоры директорының орынбасары Марат Мұхамеджанұлы.

Сайыстың бірінші кезеңінде күйеуі турникке тартылса, әйелі баскетбол добын 5 мәрте сақинаға лақтырды. Нәтижесінде ең үздік деп танылған 15 отбасы екінші кезеңге жолдама алды. Айта кетейік, бәсекенің тартысты болғаны соншалық, 2 жанұяның көрсеткіші тең болып, қосымша жаттығулар арқылы мықтыны анықтауға тура келді. Екінші кезеңде қатысушылар 10 бөлімнен тұратын жаттығуда жарысты.

Жарыс нәтижесінде жеңімпаздар ретінде мына отбасылар танылды:

1-орын – Тілеуовтер жанұясы (200 000 теңге);

2-орын – Хурметбековтар жанұясы (150 000 теңге);

3-орын – Романовтар жанұясы (100 000 теңге).

Қалған 12 қатысушы отбасыға 20 000 теңгелік сертификат табысталды.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button