Қоғам

Арқаның ардақты азаматы

Елордадағы көрікті көшелердің бірі қазақтың танымал жазушысы, журналист Әскен Нәбиевтің есімімен аталады. Ол бұрын Алматы ауданындағы А-23 көшесі болатын. Бүгінде Иван Панфилов және Бәйдібек Қарашаұлы көшелерінің қиылысында орналасқан көшенің жалпы ұзындығы 948 метрді құрайды.

Арқа топырағында туып-өсіп, өміршең туындыларымен рухани қорымызды байытқан белгілі қаламгердің ғибратты ғұмыры мен әдеби мұраларын біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан, майдангер жазушының өмір тарихына аз-кем тоқталғанды жөн көрдік.

Сонау 1923 жылдың желтоқсан айында Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы Қына ауылында дүниеге келген Әсекең Степняк қаласындағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған жылы соғыс басталып, туған елін жаудан азат ету үшін өзі құралыптас жастармен бірге майданға аттанады. Сталинград шайқасына қатысып, ауыр жарақаттанса да, жас жауынгер жеңісті жақындатуға орасан зор үлес қосты.

Әскерден қайтқаннан кейін мектепте мұғалім, Макинск аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып істей жүріп, 1947 жылы Арқа өңірі баспасөзінің қарашаңырағына айналған облыстық «Арқа ажары» газетіне қызметке орналасады. Облыстық және өлкелік газет редакцияларында әдеби қызметкер, меншікті тілші және бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облыстық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі қызметін атқара жүріп, артына өшпес өнеге, өміршең туындылар қалдырды.

Әскен Нәбиевтің қаламынан 30-ға жуық кітап дүниеге келді. Олардың арасында «Перзент», «Гүлзи», «Шолпан», «Ауыр апталар», «Бейтаныс бойжеткен», «Қанат қаққанда», «Бел-белестер» және басқа көркем туындылары өз оқырманын тауып, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды.

Майдангер-қаламгер шығармаларында соғыс тақырыбымен қатар, тылдағы қарапайым адамдардың жанқиярлық еңбегі кең орын алды. Әсекеңнің әңгімелері мен хикаяттарында өмірдің ащы шындығы керемет суреттеледі.

Жазушының «Гүлзи» повесіне ел тіршілігі қылыштың жүзіне қойылған сұрапыл соғыс жылдарындағы шалғайдағы шағын ауылдың тағдыры, Гүлзи атты өрімдей қыздың өмірі өзек болған. Қаламгер шеберлігінің арқасында сындарлы кезеңде сомдалған Гүлзи образы адамды еріксіз баурап, нәзік жанның атпал азаматтар көтерер ауыртпалықты арқалаған ерлігіне тәнті етеді.

Өзінің ұзақ та мағыналы ғұмырының алпыстан астам жылын бүгінгі Астана қаласында өткізген майдангер жазушы туған қаласының мәдениеті мен әдебиетінің, жас ұрпақты адамгершілік рухта тәрбиелеу жұмысының жандануына өлшеусіз үлес қосты. Көзі тірісінде жетпіс жылға тарта бірге отасып, тағдыр-талайының ащысын да, тұщысын да қатар көре жүріп, он бір бала тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қия­ға қондырған Әскен ағамыз бен Фарида анамыздың ғұмыры, жүріп өткен жолы – ұрпаққа үлгі-өнеге.

Арқаның ардақты азаматы, қазақтың танымал жазушысы Әскен Нәбиевтің туғанына биыл 100 жыл. Осыған орай, өзінің туған қаласы – Астанада биыл жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған еске алу кештері және фотокөрмелер ұйым­дастырылуда. Жыл соңына дейін қаламгердің мерейтойы аясында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, рес­публикалық үздік шығармалар және көркемсурет байқаулары және т.б. іс-шаралар өтеді деп жоспарланып отыр.

Астананың Алматы ауданында Әсекеңнің атында көрікті көше бар. Әрине, өміршең туындылар иесіне қандай құрмет көрсетілсе де артық емес.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button