Қоғам

Ұлттық нақыштағы өнімге сұраныс бар

Тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіс нәтижесінде Самғау Нәсіпханның «Samgau»-ы елде танымал өнімге айналып келеді. Біз еңбек адамымен кездесіп, аяқ киім тігу өнерінің қыр-сырын сұрадық.

– Біздің шеберхана Қараөткелде орналасқан. Шағын ұжымда аяқ киім тігу шебері, сатушы, маркетинг және жарнамамен айналысатын 8 адам бар. Айына 400 дана аяқ киім шығарамыз. Тапсырыс та аламыз. Кейде аяқ киім, сөмке, белбеуімен қосып жасаймыз, – деп бастады әңгімесін Самғау.

Өзіне жоғары талап қою арқылы істі талғаммен орындайтын адамдар болады. Самғаудың бойынан осындай қасиетті байқадық. Ол бойына текпен дарыған өнерді жалғап, ұрпақтар сабақтастығын ұстанып отыр.

– Астанада аяқ киім сататын сауда орнында жұмыс істедім. Сол кезде аяқ киім жақсы сатылатынын, әсіресе шетелдік брендтерге сұраныс жоғары екенін көрдік. Сөйтіп, аяқ киім өндірісін дамыту идеясы туындап, атакәсіпті бастап кеттік. Бұған әке-шешем қолдау білдіріп, қолындағы ірі қара малын сатты. Оған бір қалып пен бір машинка алып, істі бастадық, – дейді ол.

Белгілі бір тауарды ерекшелендіру, бәсекестерінен өзгеше қылуды бренд деп жатады. АҚШ, Испания, Италия, Германия, Ұлыбритания сынды елдерде Adelante, Accademia, Baldan, Barker, Buffalo, Enrile, Calce, Meindl, Ikon, Wolverine және тағы басқа ерлер мен әйелдерге арналған бренд аяқ киімдері шығады. Бренд өнімін өндіретін компаниялар арасында нарықта 100 жылдан аса уақыт сенімге ие болып келеді. Әрине, мұндай алпауыт­тармен бәсекелесу оңай шаруа емес. Шешінген судан тайын­бас дегендей, Самғау өзінің «Samgau»-­ын­ брендке айналдыруға күш салуға бекініп отыр.

– Бренд сенімді дегенді білдіреді. Сенімге ие болуда сапаға мән беру маңызды. Бір тиын болсын өзімізде қалсын деген халықтың ниеті бізге дем беруде. Болмаса нарықта бәсекеге төтеп беру қиын. Қытайдың арзан өнімдері нарықты жаулап алды. Көрші Қырғызстан мен Өзбекстанда қолөнер жақсы дамыды. Ішкі өндірісті қалыптастыруда халықтың қолдауы болмаса, отандық өнім кері кететіні анық. Біздің алдымыздағы мақсат – отандық бренд өнімін қалыптастырып, әлемге таныту, – дейді мақсатшыл азамат.

Бізді аяқ киім жасау өндірісі қызықтырды. Сұрақты осы бағытта бұрып, өндіріске керекті шикізатты қайдан алатынын білдік.

– Шыны керек, елде жеңіл өнеркәсіп өркенін жайып кете алмай отыр. Аяқ киім тігуге керекті шикізатты шет елдерден аламыз. Табанды Түркиядан аламыз. Себебі онда өндірілген шикізат сапалы. Басты артықшылығы – қысқа төзімді. Біздің елде табан шығаратын бірде-бір өндіріс орны жоқ. Теріні де Анадолы елінен аламыз. Біздің елде тері шығады. Бірақ оның құрамындағы тұзы мен майы дұрыс шықпағандықтан, аяққа кигенде соры шығып кетеді. Халықтың талабы мен талғамы жоғары. Италия мен Түркияның брендтерін киіп жүргенін жақсы білеміз. Осы себепті бірінші сортты теріден сапалы аяқ киім өндіруге мән береміз, – дейді кәсіпкер.

«Samgau»-дың аяқ киімдерін көрдік. Сапасы көзге көрініп тұр. Сыртқы формасы да тартымды. Шебердің сөзінше, аяқ киімнің құрылымы мен пішіні әлдеқашан қалыптасып қойғандықтан, дизайнына аздаған ерекшелік қосып, ұлттық өрнекпен әспеттейді.

– Ұлттық сипаттан айырыла жаздаған ел ретінде көненің көзі болған құндылықтарды қайта жаңғыртуда құлшыныс байқалады. Сондықтан болар, ұлттық етікке сұраныс жоғары. Қазір ұлттық нақышта безендірілген етіктер трендке айналды. Осы бағытта жаңалық әкеп, аз да болса үлес қостым.

Қазір өндірістік тәжірибемізден өткізіп, балалар аяқ киімін тігуді қолға алдық. Оның ерекшелігі – ортопедиялы болуы және синтетикалы өнім түрін қоспай, табиғи тазалығын сақтау. Сосын бағасы қолжетімді болуға басымдық береміз. Өйткені көпбалалы аналардан сұраныс көп түседі.

Жалпы, өндіріс көлемін арттырып, айына 1000-1500 дана аяқ киім тігуді жоспарлап отырмыз, – дейді Самғау Нәсіпхан.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button