Мәдениет

Тамыздағы тимбилдинг

«Elorda Aqparat» медиа-холдингінің ұжымы екі күн бойы сұлу Көкшенің төрінде тимбилдинг өткіздік. «Greenwood» демалыс аймағындағы командалық сайыстар әріптес­теріміздің көңіл-күйін көтерді.

Волейбол мен футболдан өткен спорттық жарыс­тарда ептіліктен, шеберліктен, сергектіктен күш сынастық. Ауа-райының күндіз бұлтты әрі жып-жылы болғаны спортпен көбірек шұғылдануымызға мүмкіндік берді. Әсіресе, волейболдан өткен өте қызықты, тартысты ойындар әріптестеріміздің көңілін серпілтіп қана қоймай, ұжымдағы өзара сыйластықты, жанашырлықты көрсетті. Спорттық сайыстарға әріптесіміз Ғалым Қожабеков қара қылды қақ жарып, әділ төрелік етті. Күші көп, бірлігі мықты командалар жеңіске жетті.

Тимбилдингте тек спортпен, ойын-сауықпен шектелген жоқпыз. Қылқан жапырақты орманды аралап, мүлгіген тыныштықта миымызды тынықтырдық. Бурабай сілеміндегі Қатаркөлдің сұлулығына тамсандық. Көлдің жағасында сейіл-серуен құрып, қызықты әңгімелерге құлақ түрдік. Құрдастардың қалжыңы, табиғаттың тылсымы, әріптестердің әзілі жанымызды жадыратты. Тамылжыған тамыздың кешінде демалысымыз әсем әнмен, күмбірлеген күймен, көрген жанды еліктіріп әкететін бимен жалғасты. Жеңіске жеткен командалардың марапаттау рәсімі, қонақтар мен әріптестердің құттықтаулары, далада жеген дәмді ас, түнгі оттың айналасында отырып ұжым болып шырқаған хит әндер дүйім жұрттың көңілін көкке көтерді. Демалыс аймағынан әуелеген әндер Қатаркөлдің аспанында қалықтап, төңірекке түгел тарап жатты.

Бұл күндер біздің ұжым болып жақсы жұмыс істеумен қатар, жақсы демала алатынымызды көрсетті. Ғажайып демалыстан күш-қуат, жағымды энергия жинап қайттық. Ұжымның ауызбірлігі мен қарым-қатынасы (коммуникациясы) нығайып, ынтымағы мен берекесі артып, корпоративтік рухымыз биіктей түсті!

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button