ЖаңалықтарМәдениет

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН «ҚАРАКӨЗ»

ERM_6310

Жуырда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахмедияр Есмұхановтың «Есіл ағады» атты шығармашылық кеші өтіп, кешпен аттас әнімен қатар, «Тамшылар», «Нұрлы бейне», «Сен мені түсінбедің» сынды танымал туындылары және отаншылдық рухтағы шығармалары шырқалды. 

Әйгілі «Досмұқасан» ансамблінен кейін өткен ғасырдың жетпісінші жылдары құрылған «Қаракөз» ұжымы әу бастан-ақ өнер әлемін дүр сілкіндірді. Топтың басында майталман композитор-музыканттар Жақсыгелді Сейілов пен Болат Есмұханов тұрды. Ансамбль орындайтын әндер де негізінен осы топ мүшелері шығарған туындылардан құралды. Жақсыгелді мен туған ағасы Болатты ұстаз тұтатын Ахмедияр да бұл топтың құрамына қабылданып, шығармашылығын шыңдады. Кейіннен өзінің қолтаңбасын қалыптастырды. Астанадағы кешін де қос ұстазының «Неге солай?» және «Сен кінәлі емессің» әндерін орындаудан бастады.
Ансамбльдің репертуарындағы әндерді сағынған жұртшылыққа айтар сүйінші жаңалығымыз да бар. Кәсіпкер Жаңабай Сәтжанов «Қаракөзді» жаңғырту ісін қолға алды. Соның бастамасы ретінде Алматы қаласында өнер ұжымының концертін өткізіп берді.
Астанада да осындай концерт өтпей ме деген сұрағымызға: «Бұл күндері көрерменнің талғамы төмендеп кетті. Сахнаны арзан шоу-думандар жаулап алды. Есті дүниеге халықты жинау қиын. Осы жағы қолымызды байлап отыр» деп жауап берді Ахмедияр Есмұханов.
Кітапханадағы композитордың кешіне де негізінен орта жастағы немесе жасы одан асқан адамдар, «Қаракөз» ансамблінің шын жанашырлары жиналды.
Ал, кештің кітапханада ұйымдастырылуында да бір мән болып шықты. «Тамшылар» әнінің шығу төркіні кітапханадан басталады. Тарқатып айтар болсақ, осыдан тура қырық жыл бұрын жас Ахмедияр махаббат дертіне шалдығады. Сүйіктісіне деген сағыныштан жаңбырлы түндердің бірінде тілінің ұшына «Түніменен тереземді тамшы ұрды» деген жолдар келеді. Осы жолдың жалғасын таба алмай әуендетіп жүреді. Бір күні кітапханаға барғанда, қолына ақын Өтеген Күмісбаевтың жыр жинағы ілігеді. Оны парақтап тұрып, «Юность» мейрамханасындағы жаңбырлы түн» атты өлеңге көзі түскенде, қуаныштан «Бриллиантымды таптым» деп, айқайлап жібереді. «Осы өлең жолдары ыңылдап жүрген әуеніме сәйкес келіп, буын-ырғағы бұзылмай әнге айналды» дейді композитордың өзі бұл жөнінде. Қазір бұл ән болгар, итальян, түрік тілінде де орындалып жүр. Кеште осы ән алғаш рет қытай тілінде де шырқалды. «Тамшылар» кітапханадан шығып, кітапханаға оралып жатыр» деді композитор осы ән орындалып болған соң.
Ал, «МұзАрт» ансамблінің орындауында елге жеткен «Есіл ағады» әні қалай шықты? «Астанаға қызметке арнайы шақыртумен келдім. Сол кезде Астана жайлы Марат Омаров пен Марат Ілиясовтың әндері дүрілдеп тұрған. Менің осында келуіме тікелей себепші атпал азамат Бекболат Тілеухан Астана жайлы ән жазу жөнінде ұсыныс айтты. Шыны керек, аттары аталған композиторлармен бәсекеге түсуге тура келді. Содан ұзақ уақыт толғатып жүріп, ақын Ғалым Жайлыбайдың өлеңі қолыма түскен соң, бұл ән жеті-ақ минутта жазылды» дейді Ахмедияр Есмұханов. Атақты «Ақылбайдың әні» он минутта жазылған. Осы жағынан «Есіл ағады» әнімен ұқсастығы бар.
Ахмедияр Есмұханов елордаға тек бұл әнді ғана арнамады. Оның қоржынында бас қаламыз жайлы бірнеше шығарма бар. Соның бірі – ақын Достық Тілеубергенов сөзін жазған «Астана» әні. Бұған қоса, композитор ақын Ерғожа Тілепбердиевпен бірге шығармашылық тандем құрған. Соның бір айғағы – «Арайлы Астана» әні.
Композитордың «Түн» атты тамаша туындысы да бар. Әннің сөзі – Ерік Асқаровтікі. Бұл ән ақын жарының өтінішімен Ерік ақынды еске алу кешіне орай дүниеге келген екен. Осы әнді және «Нұрлы бейне» туындысын кеш барысында әнші Медет Шайкелов орындады.
«Сен мені түсінбедің» әнін Қайрат Нұртас айтып жүр. Бұл әнді композитор ғашықтық дертіне шалдыққан Мұрат Әлиасқаров атты бауырының өтінішімен жазған екен. Кейіннен әнші композитордың көптеген әндерінің арасынан таңдап алған болып шықты.
Отаншылдық тақырыптағы әндердің бірі «Ақ жол» атауын алды. Кеште осы әнді автордың өзі шырқап берді. Қорытынды сөзді сөйлеген ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы Ахмедияр Есмұхановтың осы әні қазір көптеген жерде шырқалып жүрген «Көк тудың желбірегені» әнімен тайталаса алатынын, «Ақ жол» әні өзіне ерекше ұнағанын айтып, кітапхана ұжымының атынан композиторға «Қазақтың халық әндері» жинағын тарту етті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button