ЖаңалықтарМәдениет

АМАНАТ АРҚАЛАҒАН ЖЫРШЫ

Елмұра

25 желтоқсан күні «Қазақстан» орталық концерт залында жыршы-термеші, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Елмұра Жаңабергенованың шығармашылық кеші өтеді. Бізге концерт алдында жыршымен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Елмұра апай, жақында шығармашылық кешіңізді өткізеді екенсіз. Дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Өте жақсы. Бұл – менің екінші үлкен концертім. Алғаш рет 2003 жылы Конгресс-холл сарайында өз күшіммен шағын кешімді өткізген болатынмын. Содан кейін ел алдында есеп берудің реті енді келіп отыр. Астана қаласы және Қызылорда облысы әкімдіктерінің қолдауымен өткелі отырған кеш «Аралым – айдын шалқарым» деп аталады. Концертті бұлай атауымның өзіндік себебі бар. Өзім Аралдың қызы болғандықтан, бүгінде кіші Аралдың арнасы қайта толып жатқаны көңіліме зор қуаныш ұялатты. «Теңіздің табаны суға толды, балықтар көбейіп жатыр!» деген ақжолтай хабарды естігенде мен де жай қарап отыра алмадым. Қуаныштан «Сүйінші, шаттық!» деген ән жазылды. Кешті Нұртуған жыраудың «Қанеки, сөйле, қызыл тіл!» толғауымен ашып, ары қарай «Сүйінші, шаттықпен» жалғаймын деп отырмын. Бір ескерте кетерлігі, концертке кіру тегін.

– Кешке өзіңізден басқа кімдер қатысады?

– Концертті өзім қызмет ететін ҚР мемлекеттік Күзет қызметі Президент оркестрінің сүйемелдеуімен бастаймыз деп отырмыз. Шарада негізінен жыр-термелерге басымдық беріледі. Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Ақмарал Ноғайбаеваларды концертке арнайы шақырдым. Сондай-ақ, шетелден өзім жақсы араласатын тілеулес достарым – Ферьяль Башель Тюзюн (Түркия), Роза Аманова (Қырғызстан), Арсланбек Сұлтанбеков (Ресей) келеді. Өзімнің қос қызым құрған «Айзере» тобын кештің жаңалығы деп айтуға болады. Екі қызым да кішкентайынан құлағына ән-жырды сіңіріп өсті. Үлкен қызым Салтанат қобыз, жетіген, сазсырнайда ойнайды. Кіші қызым Сандуғаш домбырамен ән салады. Бұйырса, концертте көрермендер Салтанатым жасаған анимациялық туындыны да тамашалайды.

– Тағы қандай жағымды жаңалықтарыңызбен бөлісе­сіз?

– Жақында «Өнер – өмірімнің өзегі» атты кітабым мен «Дүрлердің дүбірінен жеткен дауыс», «Аралым – айдын шалқарым» атты үнтабақтарымның тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, студенттер мен магистранттарға арналған «Жыраулық өнерді зерттеудің әдіс-тәсілдері» атты шағын нұсқаулығым жарық көрді.

– Жыршылық дәстүрдің насихатына көңіліңіз тола ма?

– «Қазір жыраулық өнерге көңіл бөлінбей жатыр» десем, өтірік айтқан болар едім. Осы дәстүрді насихаттау мақсатында түрлі байқаулар мен кештердің ұйымдастырылып жатқаны қуантады. Тек бір ғана тілегім бар – телеарналарда қазақтың дәстүрлі ән, термелеріне арналған тұшымды бағдарламалар ашылса екен деймін. Өйткені, жыраулық өнер – таптырмас тәрбие құралы. Дін, философия, адамгершілік мәселелері, бәрін-бәрін осы жыр-термелерден табасыз. Терме тыңдаған адамның көзқарасы мен ұстанымы айқындалып, көңіл көкжиегі кеңейеді. Жыраулық мектепті бір сөзбен риторика білімі деп атауға болады.

– Осы ретте Нұртуған ақынның жыршыға арналған кеңестерінің бір парасымен бөлісе кетсеңіз.

– Нұртуған ақын «Ән туралы» деген өлеңінде шәкірттеріне тамағы қарлығып қалғанша, жұрттың мазасын кетіріп, ән салу қажет еместігін ескертеді. Әннің сөзі мен әуенінің буындары жымдасып тұрса ғана тыңдарман жүрегіне жететінін айтады.

– Домбыраңды тарт сазды

        ғып,

Сабалама аптығып.

Көзіңнің сал қиығын,

Отыр ма жұртың жақтырып, – дейді.

– Соңғы жылдар бедерінде өзіңіздің әндеріңізді сахнаға алып шыққаныңызды байқадым. Маған, әсіресе, «Қыз ғұмыр» деген әніңіз ерекше ұнады.

– Өзім бұрыннан ән жазып жүргеніммен, оларға онша мән бермеген екенмін. «Осы әндерді жарыққа шығарсам қайтеді?» деген ой маған кейінірек келді. Сазгер ретінде танылуды ешқашан мақсат еткен емеспін. «Қызым менің», «Отаным», «Қыз ғұмыр», «Менің қос қанатым», «Ұлы менің қазағым», «Өмір өткелдері»… Барлық әнімнің өзіндік тарихы бар.

Бастапқыда әндерімді ешкімге көрсетпей, оңашада ыңылдап айтатынмын. Бір күні «Қыз ғұмырды» айтып отырғанымды Ерғожа Тілепбердиев деген ақын естіп қалып, «осы әнге сөз жазайын» деп қолқа салды. Осылайша, аяқ астынан әдемі ән дүниеге келді. Негізі, көбіне ән емес, мақам жазамын.

– Сіз туралы жазылған БАҚ материалдарында «Елмұра жырды 18 түрлі мақаммен айтады» делінген екен. Расында солай ма?

– Осы ақпарат қалай тарап кеткенін білмеймін. Шындығында, бізде мақамның саны одан әлдеқайда көп. Бір сұхбатта «Тағаймұрат» дастанын 18 түрлі мақаммен айтамын» дегенмін. Әріптестеріңіз шатастырып соны айтып жүрген болар.

– Сіздің эстрада-фольклорлық әндеріңіздің жинағын тыңдағанда байқағаным, репертуарыңыз өзінің әр алуандығымен ерекшеленеді екен. Мәселен, «Гөй-гөйде» соқырдың зарын тыңдап, мұңайсам, «Ақ орамалда» тыңдағанда, тұла бойымды белгісіз бір қоңыр әуен биледі. Ал, «Долана» деген халық әнін бірінші рет сізден естідім.

– Дұрыс байқапсыз, мен көбіне елге белгісіздеу халық әндерін айтамын. Алдағы концертімде «Долананы» шәкірттеріммен бірге шырқайын деп отырмын. Ал, әлгінде сіз айтқан Тоғжанның «Гөй-гөйі» Сыр бойы жырауларының репертуарында жиі кездеседі. «Ақ орамал» – Қытай қазақтарының әні.

…1999 жылдың соңында Астанаға «елорданың мәдениетін көркейтеміз» деп келген едік. Содан бері қазақтың жыраулық өнерін жас ұрпақ санасына сіңіру бағытында жұмыс істеп келе жатырмын. Қиын-қыстау замандардан бізге қиындықпен жеткен ұлы өнер маған аманат арқалатты. Жыраулық дәстүрді дәріптеу жолында бұдан әрі де аянбай еңбек ете беремін. Өйткені, өзімнің үлкен аманат иесі екенімді сезінемін…

Роза ӘРЕН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button