Басты ақпаратҚұқық

Қала қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

Мемлекет басшысы құқықтық тәртіп органдары басшыларымен кездесу барысында елде заңдылықты сақтауды, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін көтеруді қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар «Заңдылық және тәртіп» қағидасы қазақстандық қоғамның идео­логиялық, саяси жолсілтемесі болуы тиіс деп атап көрсетті.

Осы ретте құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидасын нығайту, көшелер мен басқа қоғамдық орындарда тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында биыл 20-30 қарашада республика аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық алдын алу іс-шарасы өтуде. Оған жергілікті атқарушы органдар, Amanat партиясының өңірлік филиалдары, ҮЕҰ-дар, жастар қозғалыстары, БАҚ өкілдері, блогерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары, волонтерлер мен құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылым мүшелері қатысуда.

Іс-шара аясында Астанада сондай кезекті рейдтің өту барысына куә болдық. Сарыарқа ауданы әкімдігі, аудандық прокуратура, ауданның пробация қызметі, волонтерлер, қоғамдық көмекшілер, блогерлер, патрульдік полиция, полиция басқармасы басшылығы, учаскелік полицейлер «Сапаржай» автовокзалы аумағына жиналып, рейдті бастады.

Сарыарқа ауданы әкімдігі аппаратының бас маманы Дамир Хисматуллиннің айтуынша, осы алдын алу іс-шарасы басталғалы бері 4 күнде 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық фактісі тіркеліпті. Оның ішінде вандализм бо­йынша 5 факт, ұсақ бұзақылық бойынша 4 факт анықталған.

Рейдке қатысушылар алдымен ­Гете-Біржан сал көшелерінің маңайында вандализм, қайыр тілеу, жеңгетайлық, ішімдік ішу, қоғамдық орындарда темекі шегу, бөтен біреудің мүлкін қасақана бүлдіру, елге ортақ орындарды ластау сынды құқық бұзушылық фактілері бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізді. Одан әрі аталған топ Қарасай батыр көшесімен бойлай ел ішінде «Арман» шағын ауданы аталатын қала бөлігіне барып, интернет-алаяқтықтан сақтану, отбасы-тұрмыс қатынасының бұзылуы, тыныштықты бұзу, қоғамдық мүлікті бүлдіру бойынша құқық бұзушылықтарға орай профилактикалық жұмыстар өткізді. Рейдке қатысушылар барған үшінші нысан Республика даңғылы бойындағы «Стамбул» кафесі мен «Жігер» қонақүйі болды. Себебі осы ғимараттарда да төбелес, бұзақылық, ұсақ құқық бұзушылық жиі болатыны туралы шағым көп түседі. Жұма күнгі рейдтің соңғы нысаны Есіл өзенінің жағалауы болды, елді тәртіпке шақырушылар Арбаттан бастап өзен жағалай жүріп, халыққа түсіндіру жұмысын жүргізді. Тура осындай рейдтер Астана қаласының өзге аудандарында да өтіп жатыр.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button