Басты ақпаратМәслихат

Мәдениеті өркендеген елорда

Астана ел мәдениетінің де орталығы болып отыр. Елорда төрінде бой көтерген мәдени нысандар бүгінгі таңда халықаралық іс-шаралардың ордасына айналғандай. Астана жаңа зәулім ғимараттарымен қатар, көне тарихи өнер ошақтарына жаңаша тыныс беруімен де үлгі.

Астана қаласы мәслихатында мәдениет саласының мәселелері қаралды. Соның ішінде аталмыш саланы дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары жобасын пысықтауға тапсырма берілді. Саланың жағдайы мен атқарылған жұмыстармен, алдағы жоспарлармен депутаттарды қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов таныстырды.

ТУРИСТЕРДІ ҚАЛАЙ ТАРТАМЫЗ?

Баяндаманы тыңдағаннан кейін депутаттар сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Депутат Кендебай Адамбеков театрлардың, концерт залдарының сыйымдылығы шектеулі болғандықтан өнерді тарату үшін шығармашылық ұжымдардың тұрғын алаптарға, аулаларға, сауда үйлеріне барып, қойылымдарын, концерттерін қоюды ұсынды. Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы төмен екенін айта келіп, оны кезең-кезеңімен көтеру, өнер адамдарын баспанамен қамту мәселелерін қозғады.

Депутат Сәуле Самидиннің айтуынша, елордада мәдени мекемелер біраз болса да, тіпті саны жағынан Алматыдан асса да, қазір өзекті де, маңызды іс креативті экономиканы дамытудан Астана кейбір қалалардан қалып қойды.

– Бұл жағынан өңірлерге үлгі болуымыз керек еді. Елордадағы Креативті индустриялар орталығының атауы Мәдени іс-шараларды өткізу жөніндегі дирекция болып өзгертілді. Бұл дұрыс шығар, бірақ ресурстар мен тиісті ғимараттар жеткілікті болғанмен креативті мәдени өнімдер тапшы, – деді Сәуле Самидин.

Оның пікірінше, өзін-өзі ақтап қана қоймай, асыра пайда әкелетін мәдени өнімдерге билет сатудан түскен табысты мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, бонустар беруге жұмсау­ға болады. «Осындай өнімдерді көбейту керек» деді депутат. Кез келген елдің мәдени қызметі, үлкен мәдени оқиғалар туризмнің дамуына да ықпал ететінін атап өткен ол қазір әлемдегі жағдайды пайдаланып, Астанада ірі мәдени оқиғаларды көптеп өткізуді, сөйтіп тартылыс орталығына айналдыруды ұсынды.

Депутат Ғабит Тәжімұратов «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» басқарма төрағасы болғанда қалаға туристер шынымен көп келетініне көзі жеткенін, сондықтан жақсы мәдени іс-шаралар жарнамасын әуежайдан бастап орналастыру керектігін айтты.

ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ КӨШЕ МЕ?

Депутат Асқар Смағұлов қаланың Қуыршақ театрын көшіру мәселесін қозғады. Оның пікірінше, өнер ошағының қазіргі ғимаратында жұмыс істеу мүмкін емес. Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов аталмыш театр басшылығына бірнеше ғимарат көрсетілгенін, алайда ешқайсысы сай келмей қалғанын айтып, келесі жылы Қуыршақ театрына ғимарат салу жоспарланғанын атап өтті.

– Бұл мәселені талқылап келе жатқанымызға үш жылға жуықтады. Таяуда қалалық филармонияға берілген бұрынғы «Октябрь» кинотеатрының ғимаратын алдында Қуыршақ театрына ұсынғанбыз. Бірақ өнер ұжымы бұдан бас тартты. Жаңа ғимаратты салуға кем дегенде төрт жыл кетеді. Сондықтан қаладағы дайын ғимараттарды қарап, біреуін таңдау керек. Мен соны дұрыс деп есептеймін. Жаңа ғимарат құрылысын жүргізу дайын ғимаратты сатып алудан үш есе қымбат болады, – деді қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов.

МӘДЕНИ МЕКЕМЕЛЕР МҰҚТАЖДЫҒЫ

Мәдени нысандарды жөндеу мәселесіне тоқталған төраға ­М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен «Наз» мемлекеттік би театры биыл жақсы жөнделгенін атап өтті.

– Қала әкімдігіне қарайтын бар болғаны 12 мәдени нысан бар. Оның барлығы жөндеуді қажет етіп тұрған жоқ, бірақ тең жартысын жөндеу керек. Қалалық филармонияға ағымдағы жөндеу керек, соңғы рет мұнда жөндеу 10 жыл бұрын жүргізілді. Цирк те тозып қалды. Оған және «Атамекен» Қазақстан картасы» базасында отырған Бірлескен музейлер дирекциясына да жөндеу керек. «Жастар» театрын келесі жылы жөндеуге қаржы салынып жатыр. Жөндеуден басқа құрал-жабдықтар, музыкалық аппаратура, дыбыс аппаратурасы, сахна, театр реквизиттері бар. Соларды мәдени мекемелерге бір рет алып беру керек. Жалға алу дегенді қою қажет. Жалақы мәселесін қараймыз, мәдениет қызметкерлерінің жалақысы республика бойынша орташа жалақыға сай болғаны жөн. Қазір бізде орташа жалақы – 350-370 мың теңге көлемінде. Соған екі-үш жыл ішінде жетуіміз керек. Адамның басында баспана болмай, дұрыс өмір сүре алмайды. Әркімнің қабағына, көңіліне, бұрышына қарап жүрген адам болашағын да дұрыс жоспарлай алмайды. Бізде білім және денсаулық сақтау салалары қызметкерлеріне 100 пәтерлі үйлер салынып жатыр. Мәдениет қызметкерлерін баспанамен қамтуда да бұл тәжірибені қолдану керек. Қала бюджетінің бұған мүмкіндігі бар, – деді Ерлан Каналимов.

САЛА ЦИФРЛАНДЫРУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Мәслихат төрағасы «Наз» мемлекеттік би театрын қала шетінен орталыққа көшіру керектігін айтып, алдағы жылдары тұрғын алаптарда он шақты дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынатынын жеткізді. Бұл нысандармен қатар елді мекендерде мәдениет үйін салатын мүмкіндік жоқ екенін, сондықтан дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде мәдени іс-шараларды, концерттерді өткізетін бөлме болу керектігіне назар аударды.

– Шынын айтқанда, театрларға жаңа репертуарлар керек. Мәдениет басқармасының жанында редакциялық алқа құрылып, театрлардың жоспарын бекіту керек. Елімізде 280 аудан бар. Әр аудан орталығында Мәдениет үйі жұмыс істейді. Елорданың өнер ұжымдарын табыс табу үшін сонда гастрольдерге жіберуге болады. Автобус алып берейік, іссапар қаржысын шешейік. Елордада халықаралық деңгейдегі мәдени іс- шаралар жоқ, бәрін қала күніне әкеліп тығамыз, нәтижесінде ол стандартты іс-шара болып шығады. «Шабыт» фестивалін, «Жас қанатты» қайтаруымыз керек. Бұл фестивальдер жоқ болып кетті. Өткенде «Азия дауысы» Алматыда керемет болып өтті. Соны неге Астанада өткізбеске? Біздегі мәдени ошақтарда экскурсиялық бағдарлама да жоқ. Миланға барсаңыздар, сондай бағдарлама бойынша бүкіл театр­ларын, бүкіл музейлерін аралатады. Онда бір күндік экскурсия 350 евро тұрады. Неге осы үлгіні бізге пайдаланбасқа? – деді Ерлан Каналимов.

Мәслихат төрағасы жас мамандардың тәжірибе алмасуы үшін шетелдерге оқуға жіберу керектігін айтты. Елшілік арқылы көрші Ресейден сұратып алған мәліметтерді келтірді.

– Мәскеуде соңғы екі жыл ішінде театрға келу 40 есе өскен. Репертуар 15 есе жаңарған. Табыс та 5 есе өскен. Бұл неден дейсіздер? Бізде мәдениет саласын цифрландыру жоқ. Жасыратыны жоқ, билеттің жарты ақшасы шақырумен кетеді, жартысы бәлкім, сатылар. Қаланың 12 мәдени нысанын цифрландыруға не кедергі? Біздің театрларда тақырыптық дүкендер жоқ. Мәселен, актерлер өмірбаяны жазылған кітапшаларды таппайсыздар. Мәскеуге барсаңыздар, олардың театрларында, тіпті тақырыптық мейрамханалар бар, – деген Ерлан Каналимов мәдениет саласын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын тағы бір қарап шығып, келесі айдың ортасында бекітуді ұсынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button