Басты ақпаратҚала мен Сала

Қала құрылысының бүгіні мен болашағы

«Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институты әзірлеген картаға сәйкес елордада 2030 жылға дейін сегіз полиорталық болуы керек. Яғни, бұл аймақтарда сауда орталықтары, қызмет көрсету орындары, мәдениет және демалыс нысандары көп шоғырланып, халықты тартуы тиіс. Сол жерлерде тұрғын үйлер салынуымен қатар іскерлік орта қалыптасуы қажет. Осыны айтқан аталмыш мекеме директорының орынбасары Арсений Пирожков бізге қала құрылысының бүгіні мен болашағы туралы әңгімелеп берді.

ПЕРСПЕКТИВАЛЫҚ БЕС АЙМАҚ БЕЛГІЛІ

«Қазіргі кезде оң жағалау­дағы қаланың ескі орталығы мен сол жағалаудағы «Нұржол» желекжолы аумағы дамыған полиорталықтар болып саналады. Себебі осы екі аймақта үйлер де, сауда орындары да, мектептер мен балабақшалар да, саябақтар мен іскерлік нысандар да біраз бар» дейді А.Пирожков.
Оның айтуынша, полиорталықтардан тыс дамытылатын құрылыстың перс­пективалық бес аймағы да анықталған. Алғашқысы Мыңжылдық аллеясы бойында – Бейбітшілік және келісім сарайынан басталып, «Нұрлы жол» темір жол вокзалына дейінгі аумақты қамтиды. Екіншісі Тұран даңғылын жағалай, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын қамти отырып, «Жағалау» шағын ауданына дейін созылып жатыр. Үшіншісі – Мәңгілік ел даңғылындағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында, жаңа мешіттің құрылысы жүріп жатқан жерде. Төртіншісі, Тельман кентінде орналасқан. Ал жаңартылатын Асан Қайғы көшесі бесінші аймаққа жатады. Бұл аймақтарда тұрғын үйлермен қатар халықтың жайлы тұрмысына қажет нысандар көптеп салынады.

ТЕЛЬМАН МЕН «ШҰБАР» ТҮЙТКІЛІ

«Осы күндері іскерлік орта үшін қолайлы жағдайлар жасалған ЭКСПО қалашығы аумағында көпқабатты үйлер салынып жатыр. Болашақта сол ауданда мектептер бой көтереді. Қалашықты дамыту үшін бұл маңдағы саяжайларды сүру керек. Сол сияқты Тельман кенті мен «Шұбар» шағын ауданын да дамытуымыз қажет. Бұл аймақтарда тұрғын үйлер болғанмен, мектептер мен балабақшалар жеткіліксіз. «Шұбардағы» кейбір үйлерді мемлекет сатып алып, тұрғындарды көшіріп, осы үйлердің орнына қажетті әлеуметтік нысандарды салып, жолдарды кеңейту керек» дейді «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ директорының орынбасары.

ҚАНДАЙ НЫСАНДАРДЫ КҮТЕМІЗ?

Қалада белгілі бір нысандарға арналған бос жатқан алаңдар да бар екен. Тиісті жобалар жасалып, басталған құрылыстарды аяқтау немесе жаңа нысандар құрылысына кірісу ғана қалып отыр. Мәселен, Б.Момышұлы көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылысында болашақта екі мектеп пен гүлбақ бой көтереді. Бұл нысандар сол жердегі бос кеңістікті толтырмайды, тағы бір нысанға орын қалады. Ал Қабанбай батыр даңғылы бойында, «Номад» тұрғын үй кешені маңайында көп функционалды тұрғын үй кешені салынады. «Бір жыл бұрын америкалық компания ұсынған бұл жобаға фитнес залы, мектеп пен оқу орталығы кіріп отыр. Осы нысандардың бәрі архитектурасы ерекше тұрғын үй кешенінде орналасады» дейді бұл туралы А.Пирожков.
Тағы бір қызықты жоба Sport City, яғни спорт қалашығы аталады. Ол Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдары ортасында бой көтереді. Бұрын саяжайлар орналасқан аумақта қазір оларды сүру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл аумақ инвесторлар үшін тартымды болып отыр.
Жалпы алғанда полиорталықтарды қалыптастыру бойынша әлі атқаратын біраз жұмыс бар. Қазіргі кезде сол аумақтарға жолдарды салу басталды. Тұрғындар санына қарай мектептер мен балабақшалардың сұранысы қаншалықты екені есептеліп жатыр. «Бұл аумақтарда құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады» дейді А.Пирожков.

КӨШЕЛЕР КЕЛБЕТІ ӨЗГЕРЕДІ

Таяуда Нұр-Сұлтан қаласының 2020-2025 жылдарға арналған абаттандыру бағдарламасы әзірленді. Соған сәйкес те бірқатар құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Алдымен қала әкімдігі алдындағы Орталық алаң аумағы мен Бейбітшілік көшесі жаңғыртылады. Тиісті ақпаратты қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы таратты.
Оның себебі, аталмыш аумақтарда халық тығыз орналасқан. Маңайда екі университет бар. Алайда қоғамдық кеңістіктер жетпейді. Сондықтан Бейбітшілік көшесі бойында көліктер жүретін артық жолақтар жойылып, орнына тротуарлар кеңейтіліп, веложолдар, автобустарға арналған арнайы жолақтар салынбақ.
Мұның бәрі тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін жасалмақ. Веложолдар қала халқын белсенді өмір салтын ұстануға ынталандырады. Ал автобус жолақтары діттеген жерге тезірек жетуге мүмкіндік береді. Автокөліктер тротуарларға шығып кетпес үшін боллард аталатын арнайы бағандар орнатылады.
«Осы жұмыс арқылы инвес­торларды да тарту көзделіп отыр. Өйткені Бейбітшілік көшесінің бойында салынғанына жарты ғасырдан асып кеткен ескі үйлер көп. Тротуарлар кеңейіп, веложолдар салынса, бұл арамен жүретін адамдар саны да көбейіп, маңайға шағын және орта бизнес өкілдері де қызыға бастайды. Сонда ескі үйлерді сүруге немесе жаңартуға мүмкіндік туады. Кәсіпкерлер де көше бойындағы өздері иелік ететін нысандарды жаңғыртуға, қасбеттерін көркемдеуге мүдделі болады» делінген басқарма таратқан ақпаратта.
Орталық алаңда субұрқағы, амфитеатры бар шағын бақ салу жоспарлануда. Бұл аумаққа аязға төзімді ағаштар отырғызылып, ауызекі тілде орталық әмбебап дүкен аталып кеткен «Сине Темпоре» сауда орталығы сүріліп, орнына қонақ үйі бар заманауи бизнес орталық салынбақ. «Астана» медицина университетіне қарама-қарсы да шағын бақ ашылмақ. Бейбітшілік көшесімен қиылысатын Бөгенбай батыр даңғылы да жаңартылмақ. Даңғыл бойы жасыл желекпен көмкерілмек. Бұған қоса, нөсер суларының кәріз жүйесін жаңғыртып, көше шамдарын энергияны үнемдегіш шамдарға ауыстыру жоспарланды. Тиісті жұмыс­тарды келесі жылдың мамыр айында бастау көзделуде.

АБАТТАНДЫРУ БАҒДАРЛАМАСЫ НЕ БЕРЕДІ?

Қаланы абаттандыру бағдарламасы аясында әзірге жалпы алғанда 24,75 шақырым аумақты жаңарту жоспарланып отыр. Орталық алаң, Бейбітшілік көшесі және Бөгенбай батыр даңғылынан кейін «Евразия» сауда үйі аумағы, Ш.Қосшығұлұлы, К.Әзірбайұлы, Т.Жүргенов көшелері мен Р.Қошқарбаев даңғылы да осы бағдарламаға кіріп отыр. Сол арқылы 2030 жылға қарай ауаға таралатын көмірқышқыл газдың мөлшерін 45 пайызға дейін азайтып, 2050 жылға дейін мүлде нөлдік деңгейге түсіру көзделіп отыр. Бұл жұмыс қоғамдық көлік жүйесін дамытумен де байланысты. Яғни арнайы жолақтарды салу арқылы автобустар барар жеріне тезірек жетеді. Мұның ішіне веложолдарды дамыту да кірді. Әрине, көгалдандыру жұмыстары да бағдарламаның үлкен бөлігі болып саналады.
Қаланың болашақтағы келбетіне қатысты тұрғындардың пікірін білу үшін аталмыш ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының Фейсбуктегі парақшасында жарияланды. Жоба жайлы пікірлерді сонда қалдыруға болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button