Денсаулық

ҚАН ТАПСЫРУ – ӨЗГЕГЕ ӨМІР СЫЙЛАУ

Қан орталығы – бұл көпшіліктің қан тапсыруға арналған орын деп қана қабылдап, ауызекі тілде атап жүрген атауы. Ал шын мәнінде Астанадағы бұл мекеменің негізгі атауы – Республикалық трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы. Аталмыш орталық – бүгінгі таңда еліміз бойын­ша денсаулық сақтау саласындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі. Сонау 1965 жылы бұрынғы Ақмола, кейіннен Целиноград облысы болып өзгертілген өңірдегі қан құю бекеті болып іргетасы қаланған мекеме 2011 жылдан бері трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы болып, республика бойын­ша қан қызметі жұмысын жүйелі түрде үйлестіріп келеді. 

asins-donorslet_10769100-664x442

Жалпы, Астана мен Алма­тыдағы республикалық трансфузиология ғылыми-өндірістік орталықтарымен қатар, осы мекемелер қара­мағында Қазақстан бойынша тағы да 16 қан орталығы жұмыс істейді екен. Олар 14 облыстағы өңірлік қан орталықтары және Алматы мен Семейдегі қалалық қан орталықтары екенін айта кеткен жөн болар. Бұл мекемелердің барлығының да зертханалары халықаралық стандарттарға сай, заманауи үлгідегі техникалармен жабдықталған. Ал елор­да­дағы сол жағалаудан орын тепкен, еңселі ғимараты бар, 22 бөлім мен бөлімшеден тұратын ғылыми-өндірістік орталықта бүгінде 320 білікті маман жұмыспен қамтылған.

Оның 50-і дәрігер болса, 75-і – орта, 30-ы – кіші медицина қызмет мамандары, ал қалған 165-і – әкімшілік басқару және басқа да еңбек иелері. Жандос Бүркітбаев басшылық жасайтын орталық бас қаладағы 22 медициналық мекемеге қызмет көрсетеді екен. Аталмыш орталықтың тынысы жайлы және қан тапсырудың донор үшін пайдалылығы туралы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы директорының медициналық жұмыстар жөніндегі орын­басары Шайжамал Мұса­бековамен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қазіргі таңда трансфузиология да медицинаның қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі болып табылады. Қанды құю, яғни гемотрансфузия – науқастың тамырына қанды және оның компоненттерін емдік мақ­сатта енгізу. Жоғары технологиялар мен қанды дайын­даудың аппараттық әдіс­терін енгізумен бірге жаңа алынған қанды құюдың орнына оның компоненттеріне дифференцияланған терапия келді. Осылайша, жаңа алынған қанның бір пор­циясынан бірнеше қан компоненттерін алуға болады – эритроциттер, тромбоциттер, плазма, лейкоциттер, сондықтан донор қанды бір рет тапсырып, бірнеше науқасқа көмектесе алады, – дейді Ш.Мұсабекова.

Сұхбат барысында жатырдан тыс жүктілік, тууға дейінгі және одан кейінгі қан кету сияқты жүктілік асқынулары кезінде әйелдердің, безгек ауруы немесе жеткіліксіз тамақтанудың салдары­нан дамитын күрделі ане­мияға шалдыққан бала­лардың, әртүрлі жағдайда күр­делі жарақат алған адам­­­дардың, хирургиялық опе­рациялар жүргізілетін және онкологиялық аурулармен ауыратын көптеген науқастардың қанға аса мұқтаж болатынын айтқан Шайжамал Жақсы­лыққызы донор болған адам ең алдымен біреудің өмірін сақтап қалғанына рухани тұрғыда өзін жақсы сезінетінін және оның денсаулыққа да пайдасы бар екенін тілге тиек етті.

Оның сөзінше, тұрақты түрде донорлық адамның қан айналымының, жүрек қан тамырлары жұмысының қалыпты болуына және қан қысымы мен инфаркт сияқты аурулардың алдын алуға септігі мол көрінеді. Сол сияқты Республикалық трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы Германия, Ұлыбритания, Австрия, Қырғызстан, Өзбекстан сияқ­ты алыс-жақын шет елдермен де тығыз байланыста екенін, олармен үнемі тәжірибе алмасып отыратындықтарын жеткізген Шайжамал Мұса­бекова күн сайын орталыққа қан тап­сыруға 100-ге жуық, кейде одан да көп, ал айына 1800-1900 донор ерікті түрде келіп тұратынын атап өтті. Осылайша, бір ай ішінде орта есеппен 3000-ға жуық донация, ал жылына шамамен 36 000 донация жасалып отырады.

– Қазақстан бойынша, әрине, ең сирек кездесетін қан тобы, ол – 4. Осы топтағы адамдар саны бүкіл ел бойынша 11 пайызды құрайды. Қалған қан топтарының әрқайсысының үлесі – шамамен 30 пайыз. Ал ең көп кездесетін топ – бірінші. Дегенмен жергілікті қазақ халқының көрсеткіші көбінесе – үшінші қан тобы. Бір қызығы, Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолияға қарағанда арабтар мен еврейлерде үшінші қан тобы басымырақ. Одан бөлек, Жапония, Үндістан, Корея елдерінде үш пен төртінші қан топтарының көрсеткіші көбірек екен, – деген Шайжамал Жақсылыққызы донор­лыққа үгіт-наси­хат жасап отырған трансфузио­логиядағы қоғам­мен байланыс жөніндегі және халық­аралық ынтымақтастық бөлі­мінің жұмысы жайлы да сөз етті.

Аталмыш бөлімде 4 маман жұмыс істейді. Бөлім жетекшісі – Жұмагүл Қожах­метова. Бұл бөлім БАҚ өкіл­дерімен ғана байланыс орнатып қоймай, Астанадағы барлық мекемелермен ты­ғыз қарым-қатынаста болып, ондағы мамандарды донор болуға үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізумен де айналысады. Үгіт-насихат барысында барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген көшпелі автобуспен мекемелерге қан қабылдауға арнайы баратын кездері де болады екен. Яғни, күнделікті қызметтегі қарбаластан қолы босамайтын астаналықтар көшпелі автобустың арқасында орта­лыққа жүгінбей-ақ өз жұ­мыс орындарында да қан тапсыруға мүмкіндіктері болады. Дәрігерлердің сөзінше, көшпелі автобус күніне 100 донорды қабылдауға қауқарлы көрінеді.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button