Руханият

Қарашаңырақтың қадірін танытқан кеш

Бейбітшілік және келісім сарайында жансусар кеш болды. Ақын Серік Сейітманның «Қарашаңырақ» атты кешінен жырмен сусындап, жанымызға дауа тауып қайттық. Астананың 20 жылдығы қарсаңында елордаға осындай рухты кеш керек еді. Сахнада «Оян, қазақ!» орындалғанда кешегі Міржақып Дулатовты еске алдық.

Отырардың оғланы, «халқын заңсыз-ақ құрметтейтін, туын заңсыз-ақ кірлетпейтін, алып жер мен көкті қазаққа ұқсататын» ақынның кешіне Астана жұртшылығы ағылып келді. Алматыдан ат арытып Өмірзақ Айтбаев жетті. Астанадан Оразкүл Асанғазықызы қосылды. Көпен Әмірбек келіп, Серік Сейітманның кілең рухты жыр­ларына жоғары баға беріп, Геннадий Головкинге теңеді.
Кеш басталар алдында толқып тұрған ақынмен аз-маз сұқбаттасқанымыз бар. Сонда бұл кешті өткізуге өзі аса ықыласты болмағанын, ағаларының ұсынысымен қолға алынғанын айтты. Бір қызығы, кітабы шығып, өзін ел мойын­дап жүрсе де, Жазушылар Одағына күні кеше ғана мүше болды. «Темірхан Медетбек көкем мүшелікке кіруге кеңес бермесе, құнттамайды екенмін» деп күледі. Ақын Қазақ радиосының басшылығынан кеткенінен ел хабардар. «Қыз­мет болмысымды қатырып тастады, еркіндігімді ұрлады» деді бұл туралы өзі.
«Аязынан арқар ауған Арқаның, Арқасынан Алаш ауа көрмесін» деп өлең жазған ақын Астанаға Елбасының елорда жайлы іргелі сөзін медет тұтып келіпті. Содан бері осында. Астананың ақ шамдары шығармашылығына шабыт сыйлады. Қарашаңырақтың астында қоңыр ғана тірлік кешіп, қоңыр кеш өткізді. Бір қуанатыны, шайырдың енді өз шаңырағы бар. Кеш соңында атын атамауды қалаған азамат қаланың қақ ортасынан ақынға 3 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Кісі қызығатындай-ақ жаңалық. Осы уақытқа дейін пәтердің жайын ойламай, жатақханада жүргені тағы да қоңырлығы ғой сол.
Астананың көшесін Алаш атты ұлымен аралап жүріп, өлеңге қосты. Өмірі де өлеңмен өрілген. Ұлттық рух, азаматтық поэзия деп жүріп, өмірлік жарына жарты ауыз өлең жазбағаны да қызық. Тек әйтеуір Бағлан Әбдірайымовтың орындауындағы «Бағала» әнінің сөзін жазғаны көңілге медеу. Бұл ән бүкіл қазақ аруларына демеу сынды. Хал-қадірін арттырып тұрады. Ән демекші, «Жігіттер» тобы орындайтын «Сен», «Кешір мені», «Дәрібаевтар» ансамблі айтатын «Өміріңе немқұрайлы қарама», «Салықовтар» отбасы қалықтатқан «Ақ көгершін» бәрі-бәрі – сезімнен туған дүниелер. Бір қызығы, ағамыздың бірнеше хит ән мәтінінің авторы екенін осы кеште білдік. Үндемей жүретін сырбаздығы ғой баяғы.
Радиода өзі жүргізген «Айдында жүзген айсәуле» хабарына мыңға тарта ақынның шығармашылығын өзек етті. Мұны сонау студенттік жылдарымызда қызыға тыңдадық өзіміз. Кештің режиссері Дәурен Серғазиннің жұмысы, «Дәстүр» медиа продакшн орталығы жігіттерінің бейнепоэзиясы ұтымды шықты.
Алматыдағы бір кештерде ақынға дүркін-дүркін шапан жабылып, ол мақтау мен мадақтау­ға малтығып қалып жатады. Бұл кеште Өмірзақ Айтбаев өлеңін талдады, Көпен Әмірбек ақынның болмысын айтты. Одан өзге артық мадақ болған жоқ. Қайта ақынның шығармашылығын кешегі Әшірбек Сығай ағаның, бүгінгі Қойшығара Салғараұлының сөздері айшықтай түсті.
Кештің «Қарашаңырақ» аталуы да тегін емес. Шаңырақ – ақын шығармашылығындағы басты культ. Жыр жинағына да осы атау берілген. Халел Досмұхамедовтің «Қазақтың сөзін бұзатындар – оқығандар» дегені рас сынды. Ақын «қарашаңырақ» сөзінің соңғы кезде бөлек жазылып жүргеніне қынжылады.

Қарлыға ИБРАГИМОВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button