Жаңалықтар

Гейдар Әлиев туралы қазақша кітап

Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында әзербайжан халқының көшбасшысы Гейдар ­Әли­ев туралы жазылған «Еліне жол ашқан» атты кітаптың таныстырылымы өтті.

Кітапта Әзербайжан көшбасшысының өмірі мен қызмет жолы туралы Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета, АҚШ-тың бұрынғы президенттері Билл Клинтон мен Джордж Буш, РФ президенті Владимир Путин, Израиль президенті болған Шимон Перес, Грузия президенті болған Эдуард Шеварднадзе, Украина президенті болған Леонид Кучма сынды мемлекет басшыларының, әлемге белгілі саясаткерлер мен экономистердің, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлердің естеліктері, сондай-ақ Әлиевке қатысты КОКП ОК Саяси бюросының бұрын құпия сақталып келген құжаттары мен суреттері ұсынылған.
Бұл кітап осыдан бес жыл бұрын Мәскеу­де жарық көрген. Бүгінгі демократиялық Әзербайжан Республикасының негізін қалаған тұлғаның 95 жылдығына орай Қазақстан мен Әзербайжан Республикасының өзара достығы мен мәдени, саяси ынтымақтастығының белгісі ретінде қазақ тіліне аударылып отыр. Кітапты Халық­аралық түркі академиясы мен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы аударыпты.
Гейдар Әлиевпен тамыры терең дос­тықта болған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіз Әзербайжанның негізін қалап, тағдыршешті күрделі кезеңде еліне қалт­қысыз қызмет еткен, артына өнегелі із қалдырған аса көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің тұлғасы бауырлас халықтар тарихында да айрықша орын алады. Менің Гейдар Әлирзаұлымен таныстығым Кеңес Одағы кезінде басталды. Сенімді достыққа, жарасымды сыйластыққа ұласқан қарым-қатынасымыз тәуелсіздік дәуірінде нығая түсті. Біз елдеріміз арасындағы байланыстарды дамыту, халықаралық аренада өзара қолдау сынды көптеген мәселелер жөнінде пікірлесіп отырдық» депті кітаптың алғысөзінде.
Шараға екі елдің бірқатар жауапты тұлғалары қатысып, сөз сөйледі. Кітап таныстырылымынан кейін оларға Гейдар Әлиев туралы фильм көрсетіліп, Елбасы кітапханасының музейі бойынша экскурсия жасалды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button