ӘлеуметТағзым

Қазақтың хас батыры

Қай заманда болмасын қазақтың арыс­тан жүректі, атан жілік ұлдарының ба­тыр­лық даңқы тарих парақтарына алтын әріптермен әдіптелген. Міне, сол сияқты ата-бабасының текті қаны тамырында тулаған хас батыр ұлдарының бірі, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Расул Есетов болатын.


Қарқаралы уезі, Сарыбұлақ болысының қазағы Қаракесек-Шұбыртпалы Есет Байымбетұлының кіндігінен қалған жалғыз тұяғы осы Расул Есетов еді. Расулдың әкесі ХХ ғасырдың басында туылған дүрбелеңдер мен дүмпулер кезінде өз төңірегіндегі тума-туыс, ағайындарымен бірге тағдыр тауқыметімен сонау Арқа жерінен, Қарқаралыдан қасиетті Түркістан жеріне келіп Ташкент (Қыбрай), Түркістан (Аша, Теке) өңірлеріне қоныс аударады. Кейін атақты Қаз дауысты Қазыбек би және Абылай ханның үзеңгілес серігі Серке батырдың ұлы, ұзақ жылдар Түркістан қаласының датқасы болған бабасы Ханнәби Серкеұлы жатқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын тартып, Теке ауылында тұрақтап қалады. Міне, Расул батыр 1924 жылы осы жерде дүние есігін ашқан.
Бұғанасы қатпаған, небәрі он екі-ақ жасында асқар таудай әкесінен айырылып, жетімшілік тағдырды бастан кешеді. Өмірдің небір тауқыметін тартқан бозбала он алты жасында сұрапыл соғыс жүріп жатқан майдан даласына жас шамасын өсіріп, сұранып аттанып кетеді.
1943 жылдың мамыр айынан бастап Украин майданындағы соғысқа кірген қазақтың қайсар ұланы жасындай жар­қылдап, өжет те бірбеткей, жаужүрек батырлығымен көзге түседі. Жауына тұйғындай тиген жас қыран талай қанды қыр­ғын соғыстарда көзсіз ерліктер жасайды. Қарт Кавказдан бастап Румыния, Югославия, Польша, Венгрия тағы басқа елдерді фашистік тепкіден азат етуге қатысады. 20 жасында Александр Матросовтың ерлігін қайталап, майдан даласын қаһармандығымен таң қалдырады, Кеңестер Одағының Батыры атанады. 1945 жылы 24 мауысымда Жеңіс парадына қатысып, өз полкінің туын биік көтеріп өтеді.
Соғыс аяқталғаннан кейін екі жыл қыз­мет етіп, 1947 жылы елге оралып, бейбіт өмірде де ел үшін еңбек сіңірді.
2004 жылы ата-баба қаны тамған киелі Сарыарқа жері – Қарқаралыны көріп тамашалайды. Сол кезде төлқұжатындағы қате жазылып кеткен ұлтына қатысты «өзбек» деген атауды «қазақ» қылып өзгертеді. Елбасы құрметпен батыр атаға автокөлік сыйлаған еді. 2009-шы жылы армандарын орындаған батыр-ақсақал өмірден өтті.
Төменде көптеген халықаралық және республикалық жыр додаларының жеңімпазы, ақын Ахат Әшуұлының шұрайлы тіл, терең ой, айырықша стилімен жазылған он бөлімнен тұратын поэмасынан батыр атамыздың сан-салалы қырлары мен ерлік ғұмырын, бар болмыс-бітімін жан-жақты оқып біле аласыздар. Поэма ықшамдалып беріліп отыр.

Марат ӘБСЕМЕТОВ,
тарих ғылымдарының докторы

Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Мағжан

І
ТЕКТІДЕН ТУҒАН БІР ТҰЯҚ

«Атыңнан айналайын Қарқаралы»,
Қарқаралы – қасиет Арқадағы.
Шұбыртпалы Ағыбай батыр елі –
Бағзы замандардан мекен еткен,
Іргелі ел кеңге кеткен шартарабы.
Төр Алтай, Сыр, Жетісу, Отырарды,
Жайлаған қаншама елі, қанша малы.
Қазақтың хандығы орда тіккен кезде,
Киелі Түркістанға ортадағы.
Қаз дауысты Қазыбек сол Ордаға,
Қызмет қылған екен сан-салалы.
Абылай, Кенесары, Ағыбайлар,
Қазақтың тек бірлігі аңсағаны.
Шақшақ Жәнібек пенен қарт Бөгенбай,
Ежелден елге қорған нән қамалы.
Түмендеп жауды айдаған баһадүрлер,
Деп қана дүр елімнің жанса бағы.
Сол ерлердің тараған бір тамыры,
Бел ұрпағы – Есеттей бар саңлағы.
Жебе ғұмыр Түркістанға
шаншылыпты,
Өмірдің тартылғасын сом садағы.
Табан тіреп қалған соң Есет мұнда,
Өзбектің гөзалынан жар табады.
Шаңырағын көтеріп, қазан асып,
Ұлды боп, аппақ таңдай шам жанады.
Молдасы азан шақырып Түркістанның,
Аллаға мың шүкір ғып Расул деп,
Ат қойып күллі жұртқа жар салады.
Текті әке бауырына басты ұлын,
Шекесі торсықтай боп марқалады.
Расул – рас ұл боп ержетіпті,
Батыр да парасатты бар талабы.
Түбінде дүниенің баяны жоқ,
Кім ажал ағысына қарсы ағады?
Тосыннан дүниеден өтіп Есет,
Жетім бала, жесір жар зар салады.
«Басқа түссе баспақшыл»
дейді халық,
Көнуден болмайды енді басқа амалы.
Он екі жасқа жаңа жеткен бала,
Ұзақ күн жұмыс қылып нан табады.
Әкесіз, шеше бағу басқа түсті,
«Тәуекел!»
Қалды басқа қанша амалы?
Бұғанасы қатпаған бозбаланың,
Жүгі бар жүрегі мен арқадағы.
Тектіден туған ұлдың бітімі өзге,
Шыңыраудан шыңдарға қол созады.
Шойыннан құйған құрыш денесі де,
Шынығып күректей боп нар табаны.
Маңдайы кере қарыс, бүркіт қабақ,
Мұрынды, алақандай бар шанағы.
Мойымай қиындықтың азабына,
Қасқайып қаһармандай қарсы алады.
Күйбеңі таусылмайтын қу тіршілік,
Білінбей бір белгісі жатыр сырғып.
Беймезгіл шаңырағы шайқалған соң,
Басында анасының жесіршілік.
Көзіне Әке елестеп жас парлайды,
Басында қасіретті жетімшілік.
Теке ауылын айнала шөпшек теріп,
Жағысады ананың отын сырып.
Кеткендей ерте есейіп бір-ақ күнде,
Қаракет қамын қылды ерте тұрып.
Қасірет мұжыса да қайыспады,
Жасырып жұрт көзінен бір күрсініп.
«Ер – елі үшін» деген сөз атамда бар,
Жүк көтерер болады ботаң да нар,
Жетім қалған ботаның тірсегінен –
Белгілі шаңырақ артар атан болар.
«Ежелгі ертегінің батырындай,
Расул алшы түсер сақаң болар»
Дейді жұрт жас баланың сойын көріп,
«Сүйенетін алтындай асаң болар!».
Сол тұста қиян-кескі соғыс болып,
Дүбірі жетіп жатты жаһанға бар.
Фашистер дүниені дүркіретіп,
Қауіпті төндіріпті топан болар.
«Ер жігіт үйде туып, түзде өледі»,
Жан салып қорғайтыны Отан болар.
Расулдың құлағы түрік еді,
Айтпай біліп тұратын қашанда да.
Майданға,
Шақыратын тым алысқа,
Стансадан жөңкілген отарбалар.
Жасы толмай жатса да он сегізге,
Денесі жиырмамен қатар болар.
Батыр тұлға Расул жас «өсіріп»,
Шықпақшы екіталай сапарға да.
Шешесін бір құдайға аманаттап,
Кетпекші қан майданға көппен бірге,
Бола көрсін иллаһим жасаған жар!

ІІ
КИЕЛІ ҚҰС ЖӘНЕ АҚ БАТА

Бір күні Расул жас түс көреді,
Түсінде бір ғажайып іс көреді.
Мойны алтын, қанаттары күміс екен,
Тегеуріні болаттан құс келеді.
Ұшып келіп қонады иығына,
Аузында гауһар екен тістегені.
Салды оны Расулдың уысына,
Сол сәтте бір алапат күш келеді…
«Аруақ!» деп орнынан атып тұрды,
Түсінде іздеп келді құс неге оны?
Бір Алласы жүректе сүйенері,
Нартай ақын Сырдың дүр сүлейі еді.
Есетпенен дос болған үзеңгілес,
Нар ақын деп һәм қазақ сүйеді елі.
Расул еске алды әке досын,
Тауы сол – тағылым ап, сүйенері.
«Түсімді жорытайын жыр піріне,
Және де бата алам» деп түйеді енді.
Сырдың сырлы сарабдал саңлағы,
Нартайдың туған жері Шиелі еді.
Бет алды ол ертелетіп Шиеліге,
Сүйем жері,
Елі де киелі еді.
«Баталы құл арымас» дейді қазақ,
Шапағаты Нартайдың тиер еді.
Бетінен жарылқайды баталы ерді,
Жау алмайды ешқашан аталы елді.
Тамырында тулаған ата қаны,
Алтын кездік сандықта жата ма енді?
Нартай ақын тыңдап ап түстің жайын,
«Алшы түсер Расул сақам еді!»
Деп оған қолын жайып бата берді:
«Бабаң батыр Серке еді,
Серігі еткен Абылай.
Төңіректен жинаған,
Шашылған елді тарыдай.
Баһадүр ер бар еді,
Және де Кенесарыдай.
Хан Кененің батыры,
Атаң сенің Ағыбай.
Атаңның құсы киелі,
Аруақты батыр боласың,
Қонған екен бағыңа-ай.
Қарқабат анаң қолдаса,
Жүресің жолда арымай.
Тектіден қалған тұяққа,
Жар бола көр!
А, Құдай!
Қазыбек бабаң би еді,
Қазақтың қылған бірлігін.
Ханнәби бабаң пір еді,
Болжайтын бәрін күн бұрын.
Жауға шапсаң ұрандап,
Осынау ата-бабаңның,
Атымен шап құлыным.
Жорықта жолың оңнан боп,
Жауыңның түсір шүйдесін.
Қасқайып тұр қашанда,
Арқаңнан оқ тимесін.
Бетіңнен Құдай жарылқар,
Ақ батам саған тигесін! Әумин!».
Бата берді,
Және айтты түстің жайын,
Түсіне кірген ғажап құстың жайын:
«Ешкімге тіс жармастан маған келіп,
Балам-ау дұрыс еттің істің жайын.
Кенедей қазақта ұлы хан бар еді,
Жорықта талай жауды алған еді.
Қолбасы хан Кененің ер Ағыбай,
Аруақты бас батыр болған еді.
Жорықта жүрген кезде киелі құс,
Батырдың иығына қонған еді.
Дүйім жұрт мұны көріп таң қалысқан,
Ханнәби бата беріп, толғап еді.
Өтсе де содан бері қанша заман,
Ешкімге қайта айналып қонбап еді.
Түсіңде аян беріп аруақты ер,
Өзіңе сенім көңіл толған еді.
Бетіңнен жарылқасын бір Құдайым.
«Бисмилла!» деп аттана бер
жолға да енді.
Сол киелі құс сені қорғайды!» деп,
Нар Нартай дұға оқып болжап еді.
Бекежанов Нартайдан бата алды енді,
Бастайды қанды-жорық сапарды енді.
Бата алғасын батыр ұл жатар ма енді,
Бұлдыраған батысқа бет алды енді.
Қалды ана жалғыз ұлы уайым болған,
«Аман келсін, құлыны ләйім жолдан!».
Қалды туған даласы,
Өзен-көлі,
Қалды баулы ауылы,
Қайыңды орман.
Батыс көкжиекке алып кетті кіріп,
Отарба ауытқымай шойын жолдан.
Ер Есеттің жалғызы – Расулы,
Отан деп от кешуге дайын болған.
Тіледі туған-туыс, рулы елі,
Аман-есен келсін деп ғайып жолдан…

IV
ҚАҺАРМАН ХАТЫ НЕМЕСЕ
АҒА АМАНАТЫ

Отан үшін бір өзін арнамаған –
Ер емес!
Ел мен жерін қорғамаған.
Жас қыранның топшысы бекіді енді,
Зәу көктен иық қомдап сорғалаған.
Осы тұс бүкіл Совет одағына,
Орнаған фашистерден зор зобалаң.
Сомдалып қан майданға кетті тартып,
Ертелі-кеш елеңдеп жол қараған.
Артында ақжол тілеп қалды жұрты,
Сеніммен ерлік күткен сол баладан.
Лықсыған жабағыдай орманы да,
Қарайды қарт Кавказдың тауларына.
Европа-Азия тоғысында,
Жатқан тау қиыры жоқ аумағында.
Мұзды шың қыран көзді шақырады,
Арыстан жүректі ұлды сом жоны да.
Құм кешті,
Теңіз өтті,
Тас та басты,
Жолықты қиын-қия тау жолы да.
Моздокқа мұздай қару-жарағымен,
Келіп жетті –
Жеткендей арманына.
Майданды көріп жүрек дүрсілдеді,
«Ей, фашистер, шық бері, кімсің?»
деді.
Көрді талай қираған мекендерді,
Қалған елді соғыстан құр сүлдері.
Бойында тулап жатты асау ағыс,
Қасіретпен қамыға күрсінеді.
Тек «Алға!» деген сөзді күткен ерлер:
«Сазайын күтіп фашист тұрсын!»
деді.
Алыстан құлағына тынбай жетті,
Атылған қанды-қырғын гүрсілдері.
Бұл тұста көп жағдай мәлім еді,
(Кім білсін, көрер алда тағы нені?)
Ұлы дала өшпейтін рухы бар,
Қазақтың қыранының бәрі ұлы еді.
Атағын жалпақ жаһан тегіс білген,
Батырға Расул де қанық еді.
КСРО-ның атанған хас батыры,
Асқақ ұлы – Ғабдуллин Мәлік еді.
Ақтұйғындай қырағы, жаужүрек ер,
Батырлық ордендерін тағып еді.
Бүкіл Кеңес даласына үндеу жасап,
Ер Мәлік үшбу сәлем жазып еді:
«Сілейте жауға соққы беру керек,
Қолдайды біздің елді Тәңір өзі.
Қобыланды,
Ер Едіге,
Абылайлар …
Дұшпанға қырғын, ойран салып еді.
Сол даңқты бабалар сертіменен,
Болыңдар қазағымның нағыз ері!
Қазақтың әрбір ұлы көзсіз батыр,
Адам сенбес ерлікке барып еді.
Қырғидай тиген кезде қан майданға,
Қандай жаудың жұрнағы қалып еді?!
Ерлік жасау баһадүр бабалардай –
Әр қазақ ұланының бағы еді!!!» –
Деп Мәлік батыр ұран салғаннан соң,
Расул от жігерін жанып еді.
Рухтанып батырдың сәлемінен,
Осылай Оғланды танып еді.
Тұйықтан жол табатын, өзі айлакер,
Батыр аға кеудеге от жағып еді,
Қиян-кескі ұрыста батыр Мәлік,
Талай жаудың ортасын жарып еді…
Аға сөзі – аманат,
Ініге салған салмағы.
Ағаның жалғау ерлігін,
Расулдың арманы.

V
ДНЕПР – КАРПАТ ҚЫРҒЫНЫ

Мың тоғыз жүз қырық үш.
Майдың айы,
Төртінші Украин майданы еді.
Тек жауды талқандауды мақсат тұтқан,
(Жеке бастың болмайды
қайғы-уайымы).
Днепр дөңбекшиді айдаһардай,
Баяғы қалған жуас ай дидары.
Жұлқынады,
Кеуделеп жарды соғып,
Қан жұққан жапырылып май қияғы.
Жағасы көк түтінді Днепрдің,
Дәл өзі осы жер ме қыл көпірдің?
Қыл көпір емес.
Нағыз тозақ оты,
Тозақты дейсің жұртым білетін кім?
Алдыда тәуекелдің асуы бар,
Кім білсін, қара жерге кіретін кім?
Кім білсін, тағы да өмір сүретін кім?
Қанды көбік атқылап, буырқанып,
Иірім, түрі үрейі шүңетінің…
Жауынгерлер ту ұстап тұра ұмтылып,
Ұрысқа енді тегіс шақырылды.
Боздақтар баудай түсіп қорғасыннан,
Қоғадай қайран ерлер жапырылды.
Жаудың жаман болып тұр сұры мына,
Түскен соң аямайды құрығына.
Қадамдап бара жатыр қаһармандар,
Бірі тұрып, жатса да бірі құлап.
Ел үшін есіл ердің жаны пида,
Әділдік үшін жүздеп қырылуда.
Қатары саптастардың сиреп барад,
Жанталас, мұрша бермей ғұмырына.
Қапияда мерт болып тағы кімдер,
Белгісіз кім қайтады тұғырына.
Оққа ұшты Расулдың бір саптасы,
Әскердің бара жатқан туын бұлғап.
Жан-дәрмен қағып алды ер Расул,
Отанның қалмасын деп туы құлап.
Немістің жынданғандай қимылы дәл,
Оқ түтіні жағаға жиды мұнар.
Бас көтертпес оқ жауып жатса-дағы,
Бойына бар қайратын жиды бұлар.
Бекіністі басып ап плацдарм,
Жасауға жоғарының бұйрығы бар.
Дегендей жағаласпай жан қалмайды,
Тағдырдың жазмышы бір бұйырар.
Қыздырып қан барыстай етін ыстық,
Жаужүрек Расул ер бекініп нық.
Батырдай хан тақсырдан дат сұраған,
Серпердей сенімменен серпіліп тік.
Шешуші сәтте рұқсат сұрап алды,
Батальон командирінен өтініш қып.
Сақадай он сарбазды сайлап алды,
Талқандап тастаймын деп бекіністі.
Қорғасын жауып жатыр нөсер болып,
Жастықты ала жатпау өкінішті.
Нар тәуекел!
Абылай, Ағыбайлап,
Тұра ұмтылды Расул десі мықты.
Мұны көріп жауының үрейі ұшып,
Бей-берекет оқ төгіп есіріпті.
«Қырық жыл қырғында өлмес
ажалсыз жан»,
Оқ дарымай өр кеудеден тосылыпты.
Гранатты қос-қостап лақтырып,
ДЗОТ пен ДОТ-тың үнін өшіріпті.
Арыстандай атылып кірген кезде,
Енді олар қимылдаудың кешін ұқты.
Бірнеше офицер мен қырық алты,
Немістің кендірі солай кесіліпті.
Жол ашылып, «Уралап» арттағылар,
Тас түйін жеңіспенен шешіліпті.
Қару-жарақ, оқ-дәрі, тұрғыны алып,
Жау жасаған орынға бекініпті.
Талқандап тағы талай тас қамалды,
Фашистің ес-ақылын кетіріпті.
Негізгі әскери күш жеткенінше,
Расул тұрғыны ұстап отырыпты.
Тұтқын қылды талайын немістердің,
Осылайша басталды жеңіспен күн.
Қынадай қырды олардың көп жасағын,
Сайдың іші өлікпен тегістелді.
Бөлімше командирі Расулдың,
Ең алғашқы істеген ер ісі еді.
Алла оңғарып жолдары оңға басып,
Дұшпан жолы біртіндеп терістелді.
Күлін көкке ұшырды окоптардың,
Күйретті талайлаған белді шебін.
Қарт Карпаттың күңіренткен
тау мен тасын,
Қаныпезер, қараниет неміс еді.
Қазақтың хас батыры түре қуып,
Жазаңды берсін бәлем енді сенің!
Қару-жарақ үйілді тау-мая боп,
Азық-түлік, оқ-дәрі олжалады,
Не киемін демейсің, не ішемін.
Днепр кешіп өтіп, Карпат басқан,
Бұл да бір Ұлы Отанның жеңісі еді.
Әрине, сарбаздан көп шығын болды,
Жылғада бұлақ қанмен қызыл болды.
Кешегі ауылда асау мінген бала,
Көзімен көрді нағыз қырғынды енді.
Ел басына күн туған мына шақта,
Қаламайды бос қарап тұруды енді.
Бәйгеге басын тіккен не боздақтар,
Жат өлкеде мәңгілік жығылды енді.
Аяқ алып жүргісіз мәйіттерден,
Тірісі сұм заманның сұрын көрді.
Соңғы демі қалғанша шайқасудың,
Бәрі де керектігін ұғынды енді.
Расулдың ерлігінен шабыт алып,
Бар әскер тас-түйін боп буынды енді.
Елінің амандығы ерден екен,
Тұлғаның тектілігі жерден екен.
Кешегі өткен асыл тек бабалардың,
Батырлығы қанымен келген екен.
Расул «Ия Аруақ!» деп ұрандап,
Талай жауды ұясына көмген екен.
Бір тал оғы жарапты бір неміске,
Атамыз асқан сұр мерген екен.
Көзсіз ерлік жасаған қас батырды,
Батальон командирі көрген екен.
«Кеңестер Одағының Батыры!» деп,
Жоғарыға ұсыныс берген екен.


БЕЗЫМЯННАЯ ЖОТАСЫ

Десі көкке өрлеген,
Дүшпанға тыным бермеген.
Дүркіреткен дүниені,
Дүлдүлдей дүрлер ерлеген.
Демалмай дымы құрыса да,
Дабылдап көктей өрлеген.
Дара туған батырлар,
Дамылсыз қару сермеген.
Даңқты жолды дарабоз,
Дүбірлетіп даланы,
Додада бар ма келмеген.
Дау мен жауға бір басын,
Дүйім ел үшін тіккен соң,
Дін-аман кейбір келген ер.
Дүние жарық біткен соң,
Дегдер талай өлген ер.
ДОТ пенен ДЗОТ оқ бүркіп,
Дөңгелеп аспан, жерменен.
Дәм-тұзы біткен талай да,
Достарын Расул көрген ер.
Дұшпанның тауын талқандап,
Дегенге жетіп жеңген ер.
Дос, саптас, талай сарбазды,
Днепрге жерлеген.
Діңін тудың тік ұстап,
Діттеген жерге келген ер.
Боздақтар бекем көп болған,
Боз дала толған өрт болған.
Батырлар құйған болаттан,
Борандай оғын боратқан.
Белді бекем буысқан,
Бұзылмастай серт болған.
Бақилық болып беймезгіл,
Бозбалалар мерт болған.
Бәрін көріп көзімен,
Баһадүрім Расулдың,
Бар бойына кек толған.
Бауырынан айрылып,
Безденген беріш дерт болған.
Баурайы қарт Карпаттың,
Бекінген жау шеп құрған.
Беріспей дұшпан белдесті,
Біздің жаққа кек қуған.
Барыстай барып атылып,
Батыр жүректі Расул,
Барлығын да жоқ қылған.
Безымянная төбесі,
Басталар жойқын егесі,
Бет алда тура кеп тұрған.
Опасыз жалған жалмаған,
Оқжыландай арбаған.
Ойран-асыр соғыстың,
Орны барма сірә да
Отыменен шалмаған.
Одақтың бүкіл өңірін,
Осылай түгел жаулаған.
Оңаша, бейбіт халықты,
Оспадар жау қорлаған.
Ошағында отын өшіп,
Осынау елдің өңірі,
Оқияттан сорлаған.
Оғлан ұлдар жеткен соң,
Оянып қайта бар ғалам.
Отан үшін жан құрбан,
Ойысып ұранға салған ән.
Отыруға да мұрша жоқ,
Ой менен қырдың басынан,
Оқ дауысы сарнаған.
Обырланған фашистер,
Орын бар ма ауыз алмаған?
Оққа тосып кеудесін,
Осындай жойқын ұрыста,
Отанын Расул қорғаған.
Осыған дейін еш жерде,
Осындай соғыс болмаған.
Ойып жазып тарихқа,
Опалы ұрпақ толғаған.
Қазақтан шыққан Расул,
Қазақтан шыққан бір асыл!
Қандыбалақ қыраным,
Қиядан шалған шын асыл!
Қанды қасап қырғында,
Қасқайып қана тұратын.
Қарсы келген дұшпанды,
Қақ маңдайдан ұратын.
Қақтағалам жар болып,
Қырғыннан аман шығатын.
Қасқалдақтай қаны бар,
Қашанда құрбан қылатын.
Қаптаған қалың құзғынды,
Қынадайын қыратын.
Қынабына салмайтын,
Қылпыған қылыш – мұратын.
Қашанда жаудың өтінде,
Қол бастап алға шығатын.
Қысылтаяң қыспақта,
Қилы тәсіл қылатын.
Қалған басып қалың жау,
Қап! Безымянная қыратын.
Қырық төрттің қазаны,
Қара суық тұратын.
Қаулы келді бұйрықпен,
Қамын Расул қылатын.
Қорғаны ол ротаның,
Қас командир болатын.
Қарап шықты бұйрықты,
Қаулы екен мынадай:
«Қырғын жасап сұрапыл,
Қыр-төбесін Безымяннаяның,
Қалың жаудан арылту,
Қылатын сенің мұратың!
Қарар – бұйрық болған соң,
Қарап болмас тұратын.
Қылған бұйрық талданбас,
Құқығың бар тек қана,
Құп орындап шығатын!
Қуып шығып, басып ал,
Қас жаудың позициясын!»
Қатаң бұйрық берілді,
Қам жасамас шақ емес,
Құр-бос қарап тұратын.
Жадына түйіп тау жайын,
Жауының аңдап аужайын.
Жапанды кезген ер қазақ,
Жуасытқан талай асауды,
Жұлқынған басып шаужайын.
Жалынан кетсе сипатпай,
Жығады салып құрығын,
Жайынға салған аудайын.
Жасанған жау мұндағы,
Жарылмайтын шардайын.
Жотаның басын иелеп,
Жатыр бағып қарауыл,
Жан-жағын, таудың баурайын.
Жақындап келсе жанына,
Жапырып тағы қоғадай,
Жамсатпақшы баудайын.
Жігіттердің жігерін,
Жанып алды Расул,
Жақсылап айтып мән-жайын:
«Жаңбырдай мырыш жауса да,
Жалындайын, лаулайын.
Жолбарыстай атылып,
Жебедейін заулайын.
Жараланып жатсам да,
Жастықты ала жатамын,
Жаудан қапы қалмайын.
Жаратқаным жар болса,
Жотаны қалай алмайын!
Жігіттер тек осы серт,
Жүрек жұтқан жан достар,
Жақсарар әлі хәл-жайың!
Жеңісті қолдан бермейміз,
Жауға жасын түсіру,
Жоғарының жарлығы,
Жалпыңа соны жолдайын.
Жойқын мынау ұрыста,
Жығылсын жау жардайын.
Жететін қолдың біздерге,
Жасаймыз солай жағдайын!».
Осылай түйіндеді сөзін батыр,
Талқының кезеңінде төзу мақұл…

«Иә, аруақ! Қарқабат анам қолда!
Абылай, Кенесары панам қорға!
Қазыбек, Ханнәбидей пірім қолда,
Ақжолтай ер Ағыбай бабам қорға!»
Деп Расул ұрандап, құлаш сермеп,
Граната лақтырды қарсы жауға.
Пулеметтің үні өшіп құлап түсті,
Жау өзі қорғанысқа қазған орға.
Көрген соң Расулдың бұл ерлігін,
Рота тұра ұмтылды жаппай алға.
Расулдың не өтпеді бір басынан,
Қаһарман бой көрсетті қыр басынан.
Жараған бурадайын ашу қысты,
Айрылып, саптас талай құрдасынан.
Оқ төгіп пулеметтен бұғып алып,
Мына жау кектендірді шын басынған.
ДОТ-тың атып шықты да төбесіне,
Тастады төрт граната мұржасынан.
Қопарылыс талқандап бекіністі,
Есіктен арыстандай кірді ашылған.
Есірген жаудың шықты ес-ақылы,
Түтінмен көз аштырмас тұнған тұман.
Тоғыз бірдей фрицті тұтқынға алды,
Үрейі ұшып, жігері тым жасыған.
Тірсегі дірілдеген талайының,
Сазайын тартып нағыз бұл Расулдан.
Әскерлер сенді Расул арысына,
Зытқан талай жаулары жан ұшыра.
Кескілескен шайқастар басталды енді,
Траншея тазалау барысында.
Тамырында тулаған асау қаны,
Ұқсайды дарияның ағысына.
Басына қаны шапшып тасқан еді,
Мысымен мықты жауды басқан еді.
Жау қатты қарсыласып оқ жаудырған,
Бекініс – темір-бетон тас бар еді.
Атылып шықты оның да төбесіне,
Ротаның Расулдай асқақ ері.
Тағы да гранатаны қос-қосынан,
Мұржаның қуысынан тастап еді.
Қопарылыс күңірентіп тау-даланы,
Тас-талқанын шығарды тас төбенің.
Жасаған шабуылы аса жойқын,
Расул майдандағы жас пері еді.
Тірі қалған тұтқындап жиырма төртін,
Қалғанын тып-типыл ғып тастап еді.
Расулсыз бұл жеңіс болмас та еді,
Ұрандап алға ұмтылды сонда әскері.
Құрбандық берсе-дағы қаншалаған,
Даңқпен отан жерін қорғапты ерім.
Басым жаудың бекінісін басып алған,
«Батырмыз Расул жолдас!» деді.
Қолдаған әруақтың батасы ма?!
Қорғаған батыр текті атасы ма?!
Қамқоры Қарқабаттай анасы ма?!
Түсірген шапағатын ботасына.
Расул нағыз батыр болғаннан соң,
Басшылық жасай білді ротасына.
Бұйрықты абыроймен орындады,
Өзі еді ротаның сақасы да.
Тегіне тартып туған қыран болды,
Әруақты Ер Қазыбек,
Ағыбайдай атасына.
Шабуыл жолын ашып қаһарман ұл
Ту тікті Безымянная жотасына…

Ахат ӘШУҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button