Қоғам

Қазақтың визуалды бейнесі қандай?

Әр ұлттың өзіндік келбеті, өз бейнесі болады. Бұл ғасыр­лар бойына қалыптасып, уақыт озған сайын сан қырынан бедерлеп дамыта түседі. Ол бейнені әр дәуірдің қолтаңбасымен әрлендіріп, мәдени-дәстүрінің өзіндік нақыштарымен мәңгілікке бекітеді. Мұндай бедер жер бетіндегі миллиардтаған ақпараттардың арасынан адаспай танып, білуге әсер етеді. Қалыптасқан образ арқылы қабылдап, сол бейнемен елдің есінде жүреді. Оның пайдасы зор. Сол арқылы мемлекеттің имиджі, тарихы мен турис­тік әлеуеті, одан қалды халықтың тұрмыс-тынысын бағамдауға болады. 

Визуалды, көзге ұрып тұратын ұлт бейнесінің көрнекілігіне мән беруіміздің басты себебі жалпы «қазақ» образының көкейімізден шықпауында болып отыр. Осы күні орынды, орынсыз жерлерге шал-кемпірдің, қыз-қырқын мен жас жігіттің бет-бедері түскен түрлі формадағы бейнелерінен адам шошитыны рас. Әсіресе қыз-қырқынды түрлі формада қаланың көшелерінің бұрыш-бұрышын толтырған кездеріміз де болды.  Ешқандай мән-мағынасы жоқ, талғамсыз салынған бейнелер визуалды түрде адам санасында қалыптасып, қазақ десе, сол дегенді елестететіндей жағдайға жеткізді.

Көшеден шығып, ғаламторға үңіліп бұрынғы заманда өткен интеллектуал­ды ой иелерінің бейнелеріне қарап та қарның ашады. Ақын, жыршы, күйші тағы басқаларын бейнелеген суреттері бірінен бірі аумайды ғой, тек бастарына киген таз кепешіне қарап анықтаймыз. Осы уақыт ішінде өз ұлтымыздың визуалдық бейнесін жасай алдық па деген сұраққа бірлесе жауап іздеуден бұрын ғаламторды шарлап кеткен сұрықсыз бейнелерді виртуалды кеңістіктен жою мәселесін де алға шығару керек сияқты.

Бұған ерекше назар аударуымыздың мәнін түсіндіргім келеді. Өйткені адам баласының барлық тірлігі, іс-әрекеті белгілі бір ортада әлеміштелген әлемде өтеді. Көшеде жүріп бара жатсаңыз, жан-жағыңыздан анталаған жарнамалар, ғаламторды ашып қазақтың бейнесін іздесеңіз, жақсының атын жамылған мыжырайған шал-шау­қанның бейнелері шошытып болды.

Суретшінің қиялына сенбесеңіз, қазақтар сондай болған деп өткен ғасырдың фотосын алға тартарсыз. Онда да қазақ этнографиясының бір құрамын толтыратын жалшы-жалқыбайлардың суреттері алдыңнан шығады. Дәйекті бейнелердің қалғанына да шүкір. Расында қазақ даласына келген миссионерлерді, немесе саяхатшыларды кезінде қазақтың байы не ақсүйегі төріне шығармаса керек. Олар да қора-қопсының айналасында жүргендерді суретке түсіріп, «қазақ осы» деп жария еткен болар. Ал ХІХ ғасырдың басында басталған қуғын-сүргін тектілерімізді суреттерімен бірге құртқанын жақсы білеміз. Сән-салтанаты тасыған бай-бағландардың өткенін, олардың қытайдың жібегін, бұқардың паршасын алдырып, масаты-пүліштен киім тіккізіп ақық-жақұттарын таққанын, күмістен ер-тұрманын түгендеп, саптама етік, қасқыр ішік, үкілі бөрік кигенін білгіміз келмейді. Неге олар сурет боп сызылып, кенепке сол салтанатымен түспейді? Қазақты бейшара етіп көрсету кімге тиімді, түсінбедік. Әлде олардың визуалды мәдениеттен хабары аз ба? Әрі-беріден соң ел намысын ойлайтын елжанды суретшілер, дизайнерлер, мүсіншілер, сәулетшілер, модельерлер, режиссерлер қалмаған ба деп ойлайсыз. Халқымыздың рухын, жанын, болмысын көрсететін туындылар неге жоқ?

Қоғамдық санаға әртүрлі мақсатпен әсер ету үшін жасалатын ұлттың көрнекілік бейнесін қалыптастыруда живопись, фотография, жарнама, теледидар, интернет сияқты құралдар тынымсыз жұмыс істеп тұр. Қандай образды салсаңыз сонымен қатталып, жатталып қалады. Ақпараттандырылған заманда оны қабылдау мен жадында сақтау үрдісі жылдам жүреді. Рас, кейбір адамдардың белгілі бір эмоцияларына, мінез-құлық стерео­типтеріне және әлеуметтік-мәдени ерекшеліктеріне сәйкес пайдаланылады, сол байлығымен ортақ қазанға салып жібереді. Бұл ұлтымыздың бейнесіне қара таңба болып жабысып жатыр ма, жоқ па, оны ешкім ескермейді. Егер шығармашылық адамның ішкі ой-жүйесінде азаматтық намыс өлшемі кемшіндеу болса, онда басқа тосқауыл ойлап табу керек шығар.

Бүгінгі заманда көзбен көру, есту оқудан гөрі жақын болып тұр. Адам үшін не маңыздырақ, сөз, дыбыс немесе бейне ме дейтін кезге келгенде бәрінің де алатын орны зор. Дегенмен, қазіргі заманғы мәдениеттің өзіндік визуалды ренессансты бастан кешіріп жатқанын елемеу мүмкін емес. Көру,  көргеніңді жадыңда қалдыру оңайырақ. Содан да болар, бүгінгі барлық ақпарат ағымы ең алдымен, көрнекілікке басқа қабілеттерге қарағанда көбірек мән беріледі.

Көру, дүниені визуалды түрде қабылдау қабілеті адамға әуел бастан-ақ тән. Жаһандану атты үлкен додаға түскенде өзімізді мүсәпірлер қатарында қойып, барымызды, болғанымызды байлығымызды, ерлігіміз бен естілігімізді, елдігімізді алға шығарайық. Сонымен басқаларды таң қалдырайық, ең бастысы, өзімізді сол биіктен көріп, сол даланың ұлық мәдениетінің иесі ретінде еңсемізді көтерейік.

P.S: Ұлттың визуалды мәдениетін жаңа технология арқылы тарихи, мәдени проекциялық жадысын қалыптастырудың маңыздылығы зор екенін естен шығармайық.

 

Nazira DAUTBEKQYZY, Facebook парақшасынан:  

Ұлттың визуалды (көрнекі) бейнесін қашан қолға аламыз?! Сөйте тұра неге әлемде қазақтың авторитеті жоқ дейді?

Салыстырыңыз:

1) Орыс княгинясы( ақсүйек әйел) портреті (Мәскеу князьдығы дәуірі). Міне, Империя өзін тек күшпен немесе тіпті сөзбен емес, өнермен, үнсіз көркем-эстетикалық «қарумен» мойындатқан, жаулаған! Осындай тарихи портрет неге салмайды біздің суретшілер?!

2) Түріктің (Осман империясы) бекзат әйелі, жоғарғы тап өкілі;

3) Тура сол ортағасырда (құрыған Совет өкіметі мен Николай патша заманы емес) хандар тұсында өмір сүрген Домалақ ана (Нұрилә Әлиқызы дамолла), түр-келбеті осындай болыпты-мыс…

Атақты әйел, ханым, дамолла (ұстаз) атанған, сопылық жолын ұстанған әулие-ананың келбетін кескіндегенде жеке тұлғалық абыройын да, ұлттық имиджді де дұрыстап ойланып ескеру керек емес пе?! (басқа ұлттар кейде тіпті жоқты бар қылып көрсетеді, ал біз барды жоқ қылып жүреміз).

Домалақ анаға карикатура сияқты осы төмендегі суретті интернеттен алып тастауды, жоюды талап етемін! Себебі бұл әулие, данышпан ана образы емес, жай …«отарлық дәуірдегі сауыншы апа» десе сенуге болады. Әйтпесе тарихты білмесең, руханияттан хабарың болмаса, сурет мүлде салма! (біле білсеңіз, қасиетті адамдар онша қартаймаған, қанша жасқа келсе де, жүзінен нұры төгіліп тұрған)…

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button