Әлеумет

Кәсібін грант алып дөңгелеткен

Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған «Бастау Бизнес» жобасы арқылы бизнес әліппесін меңгеріп, мемлекеттен грант алып, кәсібін дөңгелеткендер аз емес. Солардың бірі – елордалық әлеуметтік кәсіпкер, көпбалалы ана Ұлжан Мырзагелдиева.

Оның негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі. 20 жыл мамандығы бойынша жұмыс істеп, жалақысы аз болғандықтан әрі балаларына көңіл бөлуге уақыт таппағандықтан мектептен кетіп, өз алдына жеке кәсіппен айналысуға бел буады.

– Бір күні автобуста келе жатып, екі әйелдің «Атамекен» жобасы туралы айтқанын естіп қалдым. Содан үйге кірісімен кәсіпкерлер палатасының анықтама телефонын тауып алдым да, дереу хабарластым. Сөйтіп, 2019 жылы қарашада соңғы лекпен 24 күндік бизнес-жоспарға байланысты тегін курсқа жазылдым. Әрқайсымыз­ға 18 мың шәкіртақы төленді. Бір топта 70 адам оқыдық. Курс соңында бизнес-жобамызды қорғадық. Сәтті шыққан жобаларға 505 мың теңге грант берді. Менің алғаш ұсынған массаж кабинетін ашу туралы жобам грантты жеңіп алды. Желтоқсанда кәсіпті бастағанымызбен, елде карантин болып, жұмысымызды әрі қарай жалғастыра алмадық. Сөйтіп, 2021 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 5 млн теңге грант жеңіп, «Жақсылық арифметикасы» оқу орталығын аштық, – деді Ұлжан Мырзагелдиева.

Осылайша әлеуметтік кәсіпкерлікке келген ол орталықты ашуға көпбалалы аналардың сұранысы тікелей әсер еткенін айтты. Қазіргі таңда «Жақсылық арифметикасы» оқу орталығында 152 отбасының 2787 баласы тегін білім алып жатыр. Орталықта 27 мұғалім жұмыс істейді. Жұмыспен қамту орталығы жіберген 10 маман және бұрыннан істеп келе жатқан 7 мұғалім бар.

– Жалпы өзім бұл бағытты таң­дағанда өзіме де, өзгеге де пайдалы болуды басты мақсат еттім. Оқу орталығымыз аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, көпбалалы аналармен, осындай отбасыдан шыққан балалармен жұмыс істеуге бағытталған. Баршаңыз білесіздер, бүгінде көпбалалы аналарға психологиялық, заңдық тұрғыда көмек керек болады. Біздің орталық сол кісілердің арнайы мамандардан тегін кеңес алуын ұйымдастырумен қатар әлеуметтік кәсіпкер ретінде демеушілер арқылы көптеген отбасыға азық-түлік себетін таратып, дәрі-дәрмегін алып беріп, балаларын киіндіруге көмектесеміз. Осылайша оқу орталығында тек қана білім беріп қана қоймай, қосымша қайырымдылық іс-шараларын да өткіземіз, – деді әлеуметтік кәсіпкер.

Орталықта мүмкіндігі шектеулі балалар мен көпбалалы отбасының балаларына тегін қызмет көрсетіледі. Олардың дені – 5-17 жастағы балалар.

Білім беру орталығы жетекшісінің айтуынша, оқу орталығында ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Мұнда мектепке даярлау, ұзартылған күн тобы (1-4-сынып балалары үшін), домбыра, шахмат, көркем өнер, гитара, қобыз, вокал және шешендік өнер үйірмелері бар. Тегін үйірмелерден бөлек, ақылы курстар да жұмыс істейді. Балалардың көпшілігі шахмат пен гитара үйірмесіне жазылады. Шахматтан қалалық, облыстық, республикалық турнирге де жиі қатысады. Орталыққа қаламыздағы басқа ауданның балалары келе алмайды екен. Себебі осындай орталық елорданың барлық ауданында бар.

– Жұмыссыз жүрген көпбалалы аналарға «Бизнес Бастау» бағдарламасы өте тамаша мүмкіндік дер едім. Өз басым бәрін «нөлден» бастадым. Сондықтан өзің қызығатын салада кәсіп ашу қиын емес. Әлеуметтік жобаларға қалалық және аудандық әкімдік қолдау көрсетіп, көмектесіп тұрады. Мәселен, биыл Халықаралық балалар күні мерекесінде Сарыарқа ауданының әкімдігі оқушыларымызға тегін балмұздақ таратса, қала күнінде «Бәйтеректі» аралатып, тегін кино көрсетті. Мұның барлығы біздің балалар үшін керемет қолдау деп есептеймін, – деді Ұлжан Мырзагелдиева.

«Бизнестің даму картасы-2025» бағдарламасы арқылы жеңіп алған 5 млн теңге қайтарымсыз грант арқылы бизнесті дамыту жолына түскен ол «Астана СПК» АҚ мекемесінен ғимаратты жалға алып, екінші оқу орталығын ашады. Сарыарқа ауданында орналасқан екі оқу орталығында қазір 278 бала жеңілдетілген түрде білім алуда. Оларға 27 ұстаз дәріс беруде.

Бүгінде Ұлжан Құдайбергенқызы – «Халық алғысы» және Б.Момышұлының «Батыр шапағаты» медальдары мен мемлекеттік награда: «Шапағат» медалінің иегері, «Business Woman Qazaqstan-2022» республикалық салалық премиясының «Education brand-2022» номинанты, әлеуметтік кәсіпкер, «Жақсылық арифметикасы NS» қоғамдық қорының басшысы, «Жақсылық арифметикасы» оқу орталықтарының директоры, көпбалалы ана. Оның негізгі мақсаты – көпбалалы, жалғызілікті, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға көмектесу. Олардың балаларына қосымша білім берумен бірге аналардың да ағылшын тілін және компьютерлік сауатын арттыруға үлес қосып келе жатқан әлеуметтік кәсіпкер осындай топтағы аналарды оларды әртүрлі шеберлік сыныбына шақырып, олардың өмірден өз орнын табуға септігін тигізіп жүр.

– Қазіргі кәсіпкерді жеке кәсіпкер және әлеуметтік кәсіпкер деп бөлеміз ғой. Олардың айырмашылығы мынада: әлеуметтік кәсіпкер – өзін ойлай отырып, халыққа қызмет көрсетуді басты мақсаты ететін адам. Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлер адамдардың мәселесін шеше отырып, жаңа немесе бұрын қолданылмаған ресурстарды іздейді. Жалпы елімізде әлеуметтік мәселе көп. Ал бұл бағыттағы кәсіпкерлер оларды шеше отырып, елдің экономикасын көтеруге атсалысады, – деді Ұлжан Мырзагелдиева.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button