Басты ақпаратЖаңалықтарҚұқық

Қиянат

krazha-asli

Сұғанақтығы үшін бұрын да сотты бол­ған отыз екі жасар келіншек бұл жолы адам­гер­шіліктен біржола аттап кетті. Оқиға былай болған еді.
Еңбек десе төбе шашы тік тұратын Еленаның таң атса болды бар ойы құлқынының қамы. Қайткен күнде де бойын жылытып, «басын жазатын» бір ұрттам ащы су іздейді. Табанынан тозып, «өзі құралыптас таныстарын кездестіремін бе» деп көше кезеді. Кейде жолы да болып қалатыны бар. Міне, осындай бір жортуылы кезінде 2016 жылдың 1 жел­тоқсаны күні «Орбита» сау­да үйінің жанынан Марат есімді танысын кездестіреді. Көптен хабарласпаған «екі мұңлық» осы бір сәтті күнді атап өткісі келгенімен, амал қанша, қалталары «тесік» болып шығады. Айтпақшы, ер азамат емес пе, Марат күртесін аударып-төңкеріп жүріп, бар-жоғы жетпіс теңге ақша тауып алады. Жетпіс теңгеге тоты құс та жүзін көрсетпейтіні белгілі.
Не істемек керек? Осы кезде Мараттың ойына Б.Бейсекбаев көшесінде тұратын ескі танысы Алмас түсе кетпесі бар ма. Үйінде кәрі анасынан бас­қа көп ешкім де болмайды. Із­дегенге – сұраған. Бұл ұсы­ныс мазасы кетіп, мең-зең күйде тұрған Ленаға ірімшікке май қондырғандай әсер етеді. Майы азайған пілте шамдай сөніп бара жатқан жанары қайта жанып, бірден келісе кетеді.
Екеуара жетпіс теңгесі барын біле тұрып қоғамдық кө­лікке отырады. Жолақысын төлемегесін екі аялдамадан кейін жанжал шығып, жүргі­зуші екеуін де желкесінен сүй­реп түсіріп кетеді. Содан соң жаяулап-жалпылап кешкі сағат 21.00-дің шамасында межелі жерлеріне жетеді.
Есікті Алмастың өзі ашады.
Амандық-саулықтан кейін үй иесі уақыттың кеш болып кеткенін, оның үстіне үйдегі жасы ұлғайған кәрі анасынан да ыңғайсыз болатынын айт­қанымен, Марат ең болмаса, бір-ер жүз грамм арақпен «бас жазып беруін» сұрап, жалынып тұрып алады.
«Алма ағашынан алыс түс­пейді» демекші, екі маскүнем­нің табан тіреп келіп тұрған адамы да тұрақты жұмысы жоқ, кездейсоқ табыспен күн көріп жүрген ішімдікті жек көрмейтін жан еді. Апама – жездем сай, Алмас та кеш­тетіп келген қо­нақтарына батыл уәж айта алмастан, жұ­пынылау болса да дастарқан жаяды. Шешесінен ақша алып, дүкеннен бір шөл­мек арақ әкеліп құяды.
Ащы судың уыты бойына тарап, көңілі жайланған қонақ келіншек ескі әдетіне басып, «үйде жымқыратын не бар» деген сыңайда бөлмелерді кө­­­зімен сүзе бастайды…
Алмастың анасы – сексен бір жастағы Сәуле Мейманбаева өмір бойы адал еңбегімен күн көріп келген тыл ардагері еді. Үш бала тәрбиелеп өсіріп, ел қатарлы тірлік кешкен кейуана жасы ұлғайған шағында кіші ұлымен осы пәтерде тұрып жатқан. Төрінен көрі жақын зейнеткер адамда қан­дай баға­лы дүниелер бола қой­сын. Сұ­ғанақ «мей­ман­ның» көзіне ың­­­ғайлы нәрсе түсе қоймай, кө­­ңілі су сеп­кендей басылып, бі­­раз үнсіз отырады да қай­та­дан ойша жоспар құра бастайды.
Беймезгіл шақта келсе де алдына ақ дәмін тартып отыр­ған жанға адам бейнесін­дегі екі аяқты хайуандар иттік жа­сау­ды ойлап жанталасады.
Аузына ащы су тисе, айы­рықша лепіріп сөйлейтін отыз екі жасар келіншек «Көңіл кө­ңілден су ішеді емес пе? Ке­лесі бөлмедегі қарт әжеме барып, сәлем беріп, қал-жағ­дайын сұраймын» деп орнынан тұ­рып, төсегінде жатқан қарт адам­ның бөлмесіне кіріп кетеді. Жанына «бұл үйде қым­қырып кететін не нәрсе бар?» деген санасыз ой маза бермеу­де. Осы кезде оның көзіне жақында ғана туған күнінде қызы сыйлаған кемпірдің құлағындағы алтын сырға мен қолындағы күміс білезік оттай басылды.
Енді оны қалай алу керек? Ол осы үйге ертіп әкелген сері­гін оңашалап шақырып алып, ойша құрған қылмыстық жос­парын жайып салды. Марат та тегін пайда десе, әкесін сатып жіберуден тайынбай­тын «сабаз» болатын. Мәсе­ленің мәнісіне барып, бас қатырып жатпады. «Бәрін өзің ың­ғай­ласаң болды» деген сыңайда бас шұлғып келісе кетті.
Сөйтіп, олар үстел басына қайтып келгенде Алмас арақ­тың буы бойына тарап, екі беті нарттай болып балбырап отыр екен. Мараттың «Алмасик, бізді бір досымыз қонаққа шақырып жатыр екен, бірге барайық» деп көлгірсіген ұсы­нысына еш ойланбастан қуана келісе кетеді.
Үшеуі көшеге шығып біраз жүргеннен кейін Лена өп-өтірік: «қап, әттеген-ай, отыр­ған жерімде биялайымды ұмы­тып кетіппін» деп кейін қарай жүгіреді. Осы кезде келісім бойынша Марат Алмас­тың қолтығынан ұстап, «біз жүре берейік» деп алға қарай аяңдай жөнеледі.
Қайтып келіп пәтердің қо­ңы­рауын басқан Ленаға кем­пір ұзақ уақыт есік ашпайды. Ашу­ға булыққан келіншек қайта-қайта есікті ұрғылайды. Қатты дүрсілден шошып оянса керек Сәуле әжей есікке тақа­лып келіп: «бұл кім?» деп дыбыс­тайды.
– Мен, әже, Алмастың досымын. Асүйде сөмкемді ұмытып кетіппін дейді.
Ойында ештеңе жоқ, қаннен-қаперсіз әжей есікті ашып жі­береді. Осы сәтте кәрі адамды кеудесінен ұрып құлатқан қаныпезер «тез құлағыңдағы сырғаны шеш» деп айғай салады. Әп-сәтте ауыр соққыдан есеңгіреп қалған кейуана түкке түсінбей, бетін қолымен көлегейлей береді.
Айтқан сөзі құмға сіңген судай далаға кетіп жатқанына булыққан оның қаны басына шауып, кемпірдің құлағын­дағы сырғаларды тістеп жұ­лып алады. Екі құлағынан қан қатар сау­лаған жанның кеудесіне мініп алған келіншек оны басынан ұрып талдырып тастайды.
Сөйтіп, бөлмелерді еркін аралап, шифонерден 86100 теңге ақша мен «Самсунг» ұялы те­ле­фонын алып тайып тұрады.
Тергеу барысында Мараттың кім екендігі анықталған жоқ. Ал, Е.Алтухова жоғары білімі бар, бұрын ҚР Қылмыстық кодексінің 178-бабы 2-бөлігі, «а,в», 126-бабы 2-бөлігі «а,з» тармақтары, 24-бабы 3-бөлігі, 185-бабы 2-бөлігі «а» тармағы бойынша екі рет сотталған баукеспе болып шықты.
Ол бұл жолы да заңды жазадан құтылған жоқ. Сот оның тәрбиесінде екі кәмелетке тол­маған баласы бар екенін, әрі кінәсін толық мойындағанын ескеріп, мүлкін тәркілей отырып, бес жылға бас бостанды­ғы­нан айыруға үкім кесті.

(Белгілі себептерге байланысты кейіпкерлердің аты-жөндері өзгертілді).

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button