Мәдениет

Құндылығы мол құжаттар

Астанадағы Ұлттық музейде Юнус Эмре атын­дағы түрік мәдени орталығы және Түркияның Қа­зақ­стандағы елшілігінің қолдауымен «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қа­тынастарының құжаттары» атты көрме ашылды.

Бұл айтулы шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Көрмеге Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының байланысын баяндайтын 40 құжат қойылды. Оның бәрі Түркия мемлекетіне қарасты Османлы мұрағатынан алынған. Құжаттар арасында қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің Османлы сұлтаны III Ахметпен 1713 жылы жазысқан хаттары бар.
Осы жерде кішкене Қайып ханға тоқтала кетейік. Бұл бабамыз Тәуке ханнан кейін таққа отырған. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, ол орта жүз ханы Жәдік әулетінен тараған. Қайыптың тұсында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы тұрақты болмады. Оған шығыстан жоңғарлар, батыстан башқұрт пен қалмақ билеушілері үлкен қауіп төндірді. Осындай қысылтаяң шақта Қайып хан өзіне қолдау көрсететін одақтас іздеп, Османлы сұлтанымен байланыс орнатқан.
Ал көрмеге қойылған хаттардың ішінде 1713 жылы 21 тамызда Қайып ханға жолданған Османлы сұлтаны III Ахмет жазған хатының көшірмесі; 1713 жылы 21 тамызда Қайып Мұхаммед жолдаған он бөлек сый-сияпат тіркелген дәптердің көшірмесі; 1714 жылы 16 қаңтарда Қайып ханның елшісі Сейіт Мұхаммедқұл бей тапсырған хат аудармасының көшірмесі; 1714 жылы 16 қаңтарда Қазақ хандығының елшісі Сейіттің ауызша сәлемінің қағазға түсірілген нұсқасы және 1716 жылы 14 қаңтарда Қайып ханнан келген хаттың көшірмесі көпшілікке ұсынылды. Соңғы хатта қазақ ханы Османлы мемлекетінің шынайы досы екендігі және сол үшін әрдайым дұға ететіндері туралы жазылған. Бұдан бөлек, Түркістан аймағының Берлинде 1862 жылы басылған картасы және Бұхара, Хиуа, Қоқан хандықтары мен Османлы мемлекетінің қатынасын айғақтайтын хаттар, құнды деректер қойылған.
Салтанатты шараның ашылуында Қазақстандағы Түркия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Ұянык сөз алып, көрменің маңызына тоқталды.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай мағы­налы мәдени шаралардың өтіп жатқанына қуаныштымыз. Біз өткен жылы Қазақстан мен Түркияның дипломатиялық байланысының 25 жылдығын атап өттік. Әлбетте, Түркия мен Орта Азияның байланысы бүгінгі күннің еншісінде ғана емес. Осман мемлекеті XVI ғасырдан бері бұл өлкеге қызығушылық танытып, Орталық Азияның Бұхара, Қоқан, Хиуа, Самарқан хандықтарына елші жіберіп, тамыры бір туысқан елдермен саяси-экономикалық және мәдени қатынасты дамытуға күш салған. Міне, бүгін біз осы араға тереңнен тартылған тарихымыздың аса құнды деректерімен танысу үшін жиналып отырмыз» деді құрметті елші мырза.
Шараға әдейі алыстан ат тер­летіп келген Түркия Республикасы Премьер-министрлігіне қарасты Мемлекеттік мұрағаттар басқармасының бас директоры, профессор Угур Үнал Осман мұрағатында 40-тан астам елдің тарихы бар екендігін баяндады. Оның айтуынша, қазіргі күнде Осман архивінде 95 миллион құжат және 400 мыңға тарта тіркеу дәптері сақталған. Ыстанбұл қаласындағы мұрағатқа екі жүзден астам шетелдіктер келіп зерттеу жұмыстарын жүргізеді екен. Ондағы құжаттардың бәрі қолжетімді. Қазақстаннан барғандарға да есік ашық екендігін жеткізді.
Өз кезегінде Ұлттық музей директорының міндетін ат­қа­рушы Абай Сатубалдин шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірсе, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бұл көрменің тарихымызды түгендеуде айрықша орны бар екендігін айтты.
Сонымен қатар, Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина жиналған қауымға Османлы сұлтаны III Ахметтің Қайып ханға жолдаған тарихи хатын оқып берді. Онда: «Достық пен бейбітшілік байрақтарын желбіреткен, Ислам шекараларын қорғаушы, білгір қазақ ханы Қайып Мұхаммед ханға сәлемім мен жылы лебізімді білдіремін. Жіберілген хатыңыз елшіңіз Сейітқұл Бахадыр арқылы жеткізілді. Ізгі ниетпен келген елшіңіз өз мақсатын сәтті аяқтады. Елшіге еліне оралу үшін рұқсат берілді және шапан кигізілді» деп жазылған.
Көрме 23 мамырға дейін жал­ғасады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button