Қала тіршілігі

ҚҰРЫШ ҚОЛДЫ ҚҰРЫЛЫСШЫ

«Жаман жұмыс болмайды, жаман жұмысшы болады» дейтін мектептегі ұстаздарымыз. Сол сөздің дұрыстығына «Астана­ таңдауы-2013» байқауының қатысушысы Исламбек Сатыбалдыұлы көзімізді жеткізді. 

Кейіпкеріміз Өзбекстанның Ташкент облысында дүниеге есігін ашады. Алақұдық ауылындағы орта мектепті бітіргесін құрылыс коледжіне оқуға түседі. Бұл оқу орнынан дәне­кер­леуші мамандығын меңгеріп шығады. Онымен қоса трактор жүргізу куәлігін де иеленеді. Еңбек жолын трактор жүргізушісі болып бастаған Исламбек 1997 жылы құрылыс саласына бет бұрды. Содан бері, міне 16 жыл уақыт одан қол үзбей келеді.

2000 жылы Қазақстанға, Алматы өңіріне келісімшарт бойынша жұмысқа келеді. Алматы, Талдықорған қалаларында, Алматы облысының шалғай аудандарында құрылыс жұмыстарымен айналысады. Мыңдаған отба­­сы­ның баспаналы болуына себепкер болып, бірнеше мәдениет үйлерінің, аурухана,­ мек­теп тәрізді халыққа қажетті құрылыс нысан­да­ры­ның салынуына атсалысады. Соның бірі – сол өңірде бой көтерген «Халық банкі» АҚ ғимараты.

2010 жылы тарихи отанына отбасымен біржола көшіп келіп, азаматтық алады. Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында тұрақтайды. Кейінірек елордаға келіп, осындағы «Райкен» ЖШС құрылыс компаниясына жұмысқа орналасады. Қазір әсем Астанамыздың көркеюіне өз үлесін қосып жүрген құрылысшылардың бірі.

«Астана таңдауы-2013» байқауына қатыс­қа­нына қуанышты екенін жасырмаған Ислам­бек өз кәсібі жайлы: «Жұмысым өзіме ұнай­ды, елдің бәрі шенеунік бола бермейтіні бел­гілі, халыққа баспана салып беретін адам да керек емес пе?! Бай бол, бағлан бол, әкім бол, құры­­­лыс­­­шы бол, ісіңді адал атқарып, маңдай терің сіңген ақыңды алсаң болғаны» деді.

Бүгінде төрт қыз тәрбиелеп отырған асқар таудай әкенің жуырда бесінші қызы дүниеге келді. Осылайша көп балалы отбасының иесі болып отырған жайы бар.
Бүгінгі күні Ильинка кентінде төрт қабатты мектеп ғимараты салынуда. Исламбек сол құрылыста жүр. Қыркүйек айына қарай оқу орны пайдалануға беріліп, оқушыларды мәре-сәре қылмақ.

Досжан СҚАҚОВ,
ЕҰУ студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button