Астана ауданы

Қысқы маусым ашылды



Нұр-Сұлтандағы шаңғы роллер трассасының аумағында Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған қысқы спорт маусымының туы салтанатты түрде көтерілді.

[smartslider3 slider=1198]

Маусымның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев қатысты.

Әуесқой шаңғы жарысын Самат Ерғалиев ашты, ол қатысушылармен бірге бір километрді жүріп өтті. Сонымен қатар шара аясында еліміздің 17 қаласымен телекөпір ұйымдастырылды.

«Елімізде қысқы маусымның ашылуы еліміздің Тұңғыш Президенті мерекесімен тұспа-тұс келді. Баршаңызды осы айтулы күнмен және Тәуел­сіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын! Елімізде бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Бұл бізді қуан­тады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударды. Пандемия кезінде денсаулықты нығайту үшін дәл осы бағытты дамыту маңызды» деп атап өтті іс-шараны ашқан Ақтоты Райымқұлова.

Сондай-ақ іс-шара аясында шаңғы жарысы, гір көтеру, армрестлинг, арқан тарту және белбеу күресі сияқты спорт түрлері бойынша жарыс ұйым­дастырылды. Ауа райына қарамастан, жарысқа 600-ге жуық адам жиналды. Ал түрлі санаттағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Біз отбасымызбен қысқы маусымның ашылуын көруге келдік. Жарыс жоғары деңгейде өткізілді. Бұл жарысқа менің немерем қатысады. Барлық қатысушыларға, соның ішінде шаңғы жарысына қатысқан немереме сәттілік тілеймін! Баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын» деді елорда тұрғыны Жанғабыл Күптенов.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыр­ған шара санитарлық нормаларды сақтай отырып өтті.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button