Елорда тынысы

Қысқы маусымға дайындық қалай?

Елордада күннің күрт суытуына байланысты жылу беру маусымы биыл әдеттегіден ерте басталды. Бұл ретте қала тұрғындарымен бірге коммуналдық шаруашылық мекемелері де қысқа қызу дайындық үстінде. Бас шаһардың барлық аудандарында жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Бүгіннен бастап Астана аудандарында қысқы маусымға дайындық барысын жариялайтын боламыз.

Алматы ауданы

Алматы ауданының көшелерін қардан тазарту үшін күн сайын 512 бірлік арнайы техника жұмылдырылады. Бұл туралы аудан әкімі Мақсат Саматұлы мәлімдеді.

– Жақында Индустриалды парк аумағында болып, ондағы техникалардың алдағы қысқы маусымға дайындығын бағалап, жол жұмысшыларымен сөйлестім. Жалпы, біздің аудан аумағында жиналатын жолдардың ауданы шамамен 29 млн ш.м. құрайды, ал аудан көшелері мен орамішілік аумақтарды жинауды 18 мердігер ұйым жүзеге асырады, – деді аудан басшысы.

«Жасыл ел» мердігерлік ұйымының шебері Меруерт Қошқарбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта қызметкерлер жұмысты екі ауысымда ұйымдастыруда. Кезекшілік тәулік бойы жүргізіледі.

Бүгінгі таңда жолдарды өңдеу үшін 10 мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы себілетін құмды-тұзды материал сатып алынды. Барлық машиналарда GPS маяктары орнатылған, олар техниканың қозғалысы мен жұмыс уақытын бақылауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін белгілі болғанындай, аталмыш ауданның қысқа дайындық жағдайын аралық тексеру қазан айының ортасында ұйымдастырылды. Қазіргі күні қар жинау техникасы жұмысының маршруттық картасы бекітіліп, жүргізушілер мен жол жұмысшыларына нұсқау берілді.

Ауданда «Железнодорожный» тұрғын алабындағы негізгі қар полигоны анықталды, онда орындалған рейстер туралы автоматтандырылған тіркеу жүргізіледі. Бұл қалыпты жауын-шашын кезінде жеткілікті болады. Ауа райының күрт нашарлауы жағдайында «Интернациональный», «Мичурин», «Күйгенжар» тұрғын алаптарында қар жиналатын орындар қосымша ұйымдастырылады. Қысқасы, қолдағы мәліметтерге қарағанда Алматы ауданы қысқы маусымға сақадай-сай.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button