Спорт

Қысқы спорт, халің қалай?



Астана қаласының коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Карбозов елордада қысқы спорт түрлерінің дамуы туралы ақпарат берді. Кездесуде алдағы уақытта өтетін спорттық іс-шаралар мен қысқы маусымның ашылуы туралы білдік.

– Астанада бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және туризмді дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Елордада 1016 спорт ғимараты жұмыс істейді, оның ішінде 32-і ірі нысан бар, – деп бастады сөзін құзырлы мекеме басшысы.

Биыл бас қалада 350-ге тарта спорттық іс-шара өткізіліп, оған 60 мың қала тұрғыны мен қонақтар қатысты. Оның ішінде, халықаралық деңгейде өткен дзюдо және триатлоннан Азия чемпионатын ерекше атауға болады.

Спикер елордалықтар асыға күтетін дәстүрлі спорттық іс-шараларды атап, олардың маңызына жеке-жеке тоқталды. Жылда «Қазақстан барысы» турнирі, дәстүрлі садақ ату мен бүркітшілердің халықаралық турниріне көрермендерді көптеп жинайды.

Жаппай веложарыстар және маусымдық қысқы жарыс, гимнастикадан Қазақстан чемпионаты, мәнерлеп сырғанаудан «Аstana Open» чемпионатын ерекше айту керек. Жеңіл атлетикадан халықаралық турнир, Астана марафоны, Жартылай марафоны, жаппай веложарыстар және жұп каратэден халықаралық турнир, «Бұрқасын» қысқы фестивалі бас қаланың тұрғындары мен қонақтарының уақытты тиімді әрі қызықты өткізуіне мүмкіндік берді.

– «Алау» мұз айдыны сарайында мәнерлеп сыр­ғанаудан «ASTANA OPEN» қалалық ашық чемпионаты басталды. Екінші жыл өткізілген қаланың ашық чемпионатына елдің түкпір-түкпірінен 250-ге жуық спортшы келді. Жас спортшылардың өнерін халықаралық деңгейдегі төрешілер бағалайды. Жарыс қорытындысымен Астана қаласының құрама командасы жасақталады, – деді Еркеғали Давлетханұлы.

Брифинг алаңында желтоқсан айында өткізілетін іс-шараларды білдік.

2022 жылдың 4-6 желтоқсанында «Алау» мұз айдыны сарайында дүниежүзілік коньки тебу күніне орай «World Ice Skating Day» Астана қаласының ашық чемпионаты өтеді. Тәуелсіздік күнінде Сарыарқа ауданындағы мектептерде білім алатын оқушылар мұз айдынында эстафетада жарысады. Мұндай дәстүрлі жарыс Астананың барлық ауданында ұйымдастырылады.

– Астана қаласында коньки, шаңғы тебу, биатлон, мәнерлеп сырғанау, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей спортының бәсі биік. Шорт-трек спортына да қызығушылық арта бастағанын байқауға болады. Басқармаға қарасты 17 спорт мекемесі бар. Атап айтқанда, жасөспірімдерге арналған спорт мектептері, спорттың олимпиадалық және олимпиадалық емес түрлері бойынша екі спортты дамыту дирекциясы мен мүгедектер-спортшыларға арналған мектеп және елордадағы бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы бұқаралық спорт шараларын өткізуде, – деді басқарма басшысының орынбасары.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button