Білім

Редакторларды оқулық жай алаңдатады

Жақында «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев пен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Онлайн тәртіппен өткізілген шараға Бас редакторлар клубының мүшелері мен аймақтық БАҚ басшылары қатысып, пікір алмасты.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – мектеп оқулықтарының сапасын арттыру мен балалар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Осы орайда «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев журналистер қауымын мазалап жүрген сұрақтарға жауап берді. «Оқулық мәселесін айтқанда, ойымызға бірнеше түйткіл оралады. Ең әуелі, оқулықтардың бағдарлама-жоспар түзілімінде ірі қателіктердің болуы. Бағдарлама ішінен түзелмей, жүйесі дұрыс құрылмай, оқулықтардың да түгел сапалы болуы күмәнді. Өйткені бірінші түйме дұрыс қадалмаса, кейінгілері де дұрыс тізілмейді. Екіншіден, айта беретін полиграфия­лық, яки техникалық қателіктер, суреттердің ауысып кетуі секілді олқылықтар. Үшіншіден, мәтін тілінің күрделілігі. Мәтіндерді балалар түгілі ата-аналардың түсінбей жатуы. Оның сыртында бастауыш сынып пәндеріндегі термин сөздердің көптігі. Міне, осындай басты бағыттар негізінен көпшіліктің назарына ілініп, сын қазанын қайнатып тұр. Тиісінше, біз де олардың түйткілдерін тарқату үшін жұмыс істеудеміз» деді Ғани Бейсембаев.
«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директорының айтуынша, оқулық жазу – үлкен ғылым. Сол үшін де Орталық жанынан Ғылыми әдістемелік кеңес құрылып, оған танымал ғалымдар мен академиктер тартылған. Ал жоғары оқу орындарында алдағы уақытта «Оқулықтану» мамандығын ашу жоспарланған. «Оқулықтың сапасын көтеру үшін әрбір автордың жауапкершілігін көтеру де кезек күттірмейді. Дәл мұны терең түсініп отырмыз. Керек десеңіз, ел ауқымында қажетті шаралар легі жүзеге асырылуда. Тіптен, болашақ авторларды арнайы оқытуға ірі екі ғылым-білім ордасы белгіленді. Олардың қатарында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті де бар. Осылайша, ЖОО-да магистрлік дәрежесі ретінде «Оқулықтану» пәні қолға алынып жатыр. Қалай дегенде де, болашақ авторларды оқулық жазуда ескерілуге тиіс тармақтардан бөлек, мәдениеттану, лингвистика салаларына да үйретуге міндеттіміз. Оқулық деңгейі авторлардың деңгейімен тікелей байланысты. Сондықтан, оқулық әзірлеушілердің кәсіби болуына бірінші кезекте мән береміз» деді Ғани Бектайұлы.
Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтқан бұқара халықты кітап оқитын ұлтқа айналдыру және ел азаматтарын кітап мәдениетіне баулуға қатысты тапсырмаларын орындау үшін екі тарап тізе қосып, бірлесіп жұмыс істемекші.Осы ынтымақтастық аясында ақпараттық сүйемелдеуге иек артып, өскелең ұрпақтың оқуға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған жалпыхалықтық флешмоб өткізу туралы ұсыныс жасалды. «Біздің ұйымдар арасында жасалған меморандумның жоғары құндылығы мен мазмұнын атап өткім келеді. Бас редакторлар клубының барлық мүшелерінің атынан «Оқулық» орталығына әлеуметтік маңызды қызметінде үлкен табыс тілеймін және жемісті ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз» деді Бибігүл Жексенбай.

Көктем ҚАРҚЫН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button