Білім

Ғарышкер болуды армандаған

Биылғы «Қазақстан мұғалімі 2020» – Ұлттық сыйлығының ең жас жеңімпазы, елордамыз­дағы NurOrda мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Арнұр Қазыбековтің ұстаздық жолға түскеніне 6 жыл болды. Осы жылдар ішінде оның оқушылары 115 рет олимпиада жеңімпазы атанған, соның 19-ы – халықаралық, 43-і – республикалық, 53-і – облыстық деңгейдегі байқаулар. Статистикаға мән бермейтін мұғалім бұл деректерді тек сайысқа қатысар алдында байқаған.

Әлем мұғалімі болу үшін әлемді сыйдыра алатын жүрек керек. Арнұр Қазыбеков қойнауында Менделеев кестесіндегі барлық элемент кездесетін Жезқазған шаһарының қасиетті Ұлытау өңірінде туып-өскен.  Үш жүздің басын қосқан,татулық пен бірліктің бесігі саналатын тарихи мекен ғарышкерлер қаласы ретінде танымал. Байқоңырдан ұшқан ғарышкерлердің табаны ең бірінші осы топыраққа тиеді. Сондықтан да шығар, бұл өңірдегі баланың көбі ғарышкер болуды армандайды. «Балалық шағымда ғарышкер болсам деп ойлайтынмын. Аспан әлемін бағындырмасам да, мамандығым тікелей осы саламен байланысты. Физика – ғаламның жаңа құпия­ларын ашуды, астрономиялық құбылыстар мен аспан денелерін зерттейтін ғылым. Маған әлі күнге дейін ракеталардың қалай ұшатыны, ғарышта не болып жатқаны қызық. Бос уақытым бола қалса ғарышкерлердің блогын оқып, аспанда қазір кімдердің жүргенін зерттеймін. Ғарышкер бола алмасам да, ғарыш әлемін бағындыратын шәкірт тәрбиелеп жүрген шығармын» деді мақсатшыл мұғалім.

Талапты ерге нұр жауар

Арнұр Маратбекұлымен сөйлесіп отырып, жас маманның еңбекқорлығы мен табандылығына таңғаласыз. Биылдың өзінде респуб­ликалық деңгейдегі «Қазақстан мұғалімі» мен «Үздік педагог» сынды қос байқауда жеңімпаз атанған. «Жезқазған білім-инновациялық лицейін алтын белгіге бітірдім. Мектеп қабырғасында жүрген кезде-ақ мұғалім болуды жоспарладым. Студент кезімде Ақтөбе білім-инновациялық лицейінде волонтер ретінде тәрбиеші болып жұмыс істеуді ұсынды. Осылайша күндіз сабақ оқып, кешкі уақытта балаларға қосымша сабақ өтетінмін. Студенттік ғұмырымның 4 жылын курстастарыма емес, оқушыларыма арнаппын. Жұмысты енді бастаған кезімде біраз қиналдым. Бірақ қазір соны күліп еске аламын. Сабақ беру мен үшін үлкен жауапкершілік еді. Сондықтан түнгі 4-5-ке дейін, кейде таң атқанша ертеңгі сабағыма дайындалатынмын. Қасымдағы жолдастарым да бұл әрекетімді түсінбейтін. Бар ойым, оқушыларымды жалықтырып алмай сабағымды қызықты өту еді» деді Арнұр Қазыбеков.
Айтпақшы, ұстаздық жолды ер-азаматтар сирек таңдайды емес пе? Арнұр Маратбекұлының педагог атануына бірден-бір әсерін мектептегі мұғалімдері тигізді. «Маған қиын тақырыптарды балаларға оңай қылып түсіндірген ұнайды. Бойымда түсіндіру қабілеті бар екенін оқушы кезімнен байқайтынмын. Ол кезде біз төменгі сынып оқушыларына олимпиадалық сұрақтарды шешуге көмектесетінбіз. Мұғалім болуыма әсер еткен екінші себеп – ол менің мектебімнің ұстаздары. Бойымдағы отты жандырған – сол жандар. Ол кісілерге оқушы кезімнен қатты еліктейтінмін. Әсіресе, сынып жетекшіміз Дүйсенбек Медеевтің оқушыларына деген жанқиярлығы, қамқорлығы ерекше сүйсіндіретін. Ағайымыз бізбен футбол ойнап, көп уақытын бірге өткізуші еді. Ал физиканы жақсы көріп кетуіме осы пәннен сабақ берген Мұстафа Гүл мұғаліміміз әсер етті. Мұстафа ағай сабағын қызықты әрі тиімді өткізетін еді. Маған бұл қасиеті қатты ұнайтын. Физика сабағында отырып 45 минутымыз­дың қалай біткенін де байқамай қалатынбыз. Сондай-ақ біздің мектепте керісінше әйел мұғалімдер аз болатын. Ер-азаматтардың мұғалім мамандығын таңдауы маған қалыпты жағдай болып көрінді. Кейін өзім мұғалім болған кезде ғана бұл салада ерлер қауымының өте сирек екенін байқадым» деді ұстаз.

Өнімді жұмыс өрге сүйрейді

Үй мен мектеп арасындағы арпалысқа толы өмірде таразының екі басын тең ұстау кім-кімге де оңай емес. Кейіпкеріміз уақытты үнемді пайдалануды өмірлік салтына айналдырған. Бүгінгінің тілімен айтсақ, тайм менеджментті дұрыс қолданып, ең маңызды жұмыстарға баса назар аударады. «Мені кішкентайымнан алға сүйреп келе жатқан қасиет – табандылығым. Оқушы кезімнен ойға алған ісімді жүзеге асырмайынша тағат таппайтынмын. Ал кейде жоспарым жүзеге аспай қалғанда көңіл-күйім түсіп кететін. Қазір де осы қасиетімнен танған жоқпын. Мұғалім ретінде тәжірибем толысып келеді. Мен үшін уақытты тиімді пайдалану маңызды. Бұрын түске дейінгі уақытымды өткізіп алып, амал жоқтықтан түні бойы сабаққа дайындалып жүреді екенмін. Қазір маған көп жұмыс істеу емес, сапалы жұмыс істеу маңызды. «Аpple» компаниясының негізін салған атақты Стив Джобстың «Мұрныңнан қан аққанша қиналып еңбек етпе, ақылмен жұмыс істе» деген сөзі басты ұстанымыма айналды» деді жас ұстаз.
Атақты физик Лев Ландау «Физик күрделі заттарды қарапайым етеді, ал ақын – жай заттарды күрделі етеді» деген еді. Физика пәнін оқушыға түсіндіру де оңай емес. Дегенмен жас мұғалімнің сабақ беруде өзі ғана қолданатын методикасы мен талаптары бар. «Физика – оқушыны табиғатпен, табиғат заңдарымен таныстыратын пән. Адам табиғатпен қаншалықты үйлесімде өмір сүрсе, әлемде соншалықты бейбітшілік орнайды. Мен сабағымда балаларға физиканың құрғақ формулаларын емес, табиғат заңы жайлы айтқанды ұнатамын. Сабақ өткенде ұстанатын бірнеше қағидам бар. Соның бірі – алдымдағы оқушыға формула беріп «мына есепті шығар» деп сұрамау. Әдетте физика сабағы дайын формулаға сандарды қою арқылы ғана өтеді ғой. Ал бала робот сияқты сол есептерді шығарып береді. Бірақ өзінің не істеп жатқанымен тақырыптың байыбына бара бермейді. Ал мен оқушыма сол формуланың қайдан шыққанын түсіндіруге тырысамын. Келесі қағидам физиканы тарихпен байланыстырып өтемін. Кез келген оқулықта сол тақырыптың тарихы жайлы айтылмайды. Мысалы, физикада «еркін түсу үдеуі» деген теория бар. Тарихта мұны бірінші зерттеген – Аристотель, екінші –
Галилей. Бірақ көбінесе Аристотельдің ойы жайлы сөз қозғамай, бірден ең дұрысы деген соңғы теорияны айтамыз. Ал оның алдында адамдар қалай қателесті, жетістікке қалай жетті, теорияны ойлап тапқан адам қандай эксперимент жасады деген тұстар сабақта жасырын қалып жатады. Сол үшін оқушыға бүгінгі күнгі сұраныстағы физиканы емес, бұрынғы адамдардың ойы жайлы айтуға тырысамын. Кейін бұл теорияны ойлап тапқан адамның қай логикамен шешкенін, қалай жеткенін түсіндіремін» деді Арнұр Маратбекұлы.

Онлайн оқу жаңашылдық әкелді

Арнұр Қазыбеков – жан-жақты ізденіс үстінде жүретін мұғалім. Білім беру жүйесі көктемде ең алғаш онлайн режимге көшкен уақытта, педагог арнайы ютуб каналын ашып, сабақ сапасын түсіріп алмауға барынша тырысқан. Ағылшын тіліндегі физика сабақтары мұғалімнің «mckvadrat» ютуб арнасына жүктелген. «Қашықтан оқытудың алғашқы екі айы шынымен қиын өтті. Сабақ беру деңгейімді түсіргім келмей бұрынғыдан екі есе жұмыс істедім. Соның жемісін қазір көріп отырмын. Себебі бүкіл төртінші тоқсанның физика сабағын ютуб арнама жүктеп үлгердім. Енді менің алдағы төртінші тоқсанға бүкіл материалым дайын. Оқушыларымның видео сабақтарды көргеннен кейінгі жылы лебіздері маған үлкен мотивация берді. Әсіресе, 11-сыныптың «Ағай бізге «Хан академияның» сабақтарын емес, өз видеоларыңызды жіберіңізші. Сіздің өткен сабағыңыз түсінікті» деуі мен үшін үлкен жетістік болды. Хан академия дегеніміз – әлемдік деңгейдегі танымал платформа» деді ұстаз.
Арнұр Маратбекұлының айтуынша, қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы өте төмен. Көбінесе тілі түсініксіз. Тіпті кітапты оқығанда оқушы түгіл, мұғалімнің тілі күрмеледі екен. Осы мәселені көріп жүрген кейіпкеріміз болашақта жеңіл, түсінікті тілде жазылған, балалардың қолынан түспейтін физика оқулығын жазуды мақсат етіп отыр.

Көктем ҚАРҚЫН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button