Денсаулық

Дерттен қалай сақтанамыз?

ҚР ДСМ коронавирус инфекциясын жұқтырып, дертті асқындырып алмау үшін не істеуге болатыны туралы мамандар ұсынымдарын жариялады. Соның ішінде анағұрлым көп көтерілген сұрақтарға жауап берді.

– КВИ-дің ерекшелігі неде, оның бастапқы симптомдары қандай?
– Аурудың басты белгілері: қызудың түспеуі, дәм мен иіс сезудің нашарлауы, мұрынның бітеліп, тұмау­дың болмауы, бұлшық еттері ауырып, буынның сырқырауы. Жалпы дерт 6-7 күндік респираторлық кезеңге дейінгі және респираторлық кезең деп екіге бөлінеді. Жас адамдар көбіне респираторлық кезеңге дейінгі уақытта ғана ауырып, жазылып кетеді. Ал егер адам 7 күннен артық ауырып, қызуы түспей қойса, сәл дене қимылын жасағанның өзінде демігіп қала берсе, тамыр бүлкілі жиі соқса, тыныс алуы жиілесе, дереу дәрігерге қаралуы керек.
– Инфекция профилактикасының негізгі жолдары қандай?
– Қолды жиі жуып, антисептиктермен зарарсыздандыру, маска тағу және оны уақытылы ауыстыру, адамдар көп жүретін жерлерге көп бармау. Үйді жиі-жиі желдетіп, ылғалдай отырып күн сайын тазалау қажет.
– КВИ жұқтырған жағдайда оны қалай асқындырмауға болады?
– Асқынбаудың алдын алу – емдеу режимі мен дәрігер нұсқаулығын орындау, өз бетінше емделмеу. Дерттің жеңіл түріне шалдығар болса, отырып істейтін жұмыс­тардан қашу керек, көбірек қимылдап, жүру қажет, сонымен қатар үй жағда­йында оқшауланған кезде сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішу керек.
– Созылмалы аурулары бар адамдар нені ескергені жөн?
– Жасы келген әрі созылмалы аурулары және иммундық жетіспеушілігі бар азаматтарда бұл инфекция өте ауыр өтеді, тіпті олардың өміріне де қауіп төндіреді. Бұл топтағыларға ерекше күтім мен қамқорлық қажет. Олар адам көп жиналатын орындарға мүлдем бармауы керек және масканы үнемі тағу тиіс. Бұған дейін созылмалы ауру бойынша ем алып жүрген болса, оны тоқтатпайды. Аурудың таралуы күшейген жағдайда дәрігерлер осы топтағы адамдарға оқшау­лануға кеңес береді, тіпті қоғамдық орында көп болатын адамдармен жақын араласуға болмайтынын айтады.
– Үйде емделіп жатқан науқас қандай жағдайда жедел жәрдем шақыртуы керек?
– Егер дене қызуы 38,5 градустан жоғары болса, тыныс алу циклы минутына 24 реттен көп болса, сатурациясы 93-95 пайыз болса, тамыр бүлкілі минутына 90-120 рет соқса, болмашы дене қимылын жасағанда ентігіп қалса, жөтел күшейіп, дененің аздап қақсап ауыруы байқалса, жедел көмек керек болады. Сонымен қатар жасы 65-тен асқандар және жүрек, өкпе, бүйрек, гармоналдық, иммундық жү­йенің бұзылулары бойынша созылмалы аурулары бар адамдар жағдайы нашарласа, дереу жедел жәрдемге хабарласуы керек.
– ПТР-тест теріс нәтиже бергенмен, КВИ ­симптомдары болса не істеу керек?
– Үйден шықпай, жұмыстағы басшылыққа КВИ белгілері бар екенін хабарлау қажет. Үйде су, шай, морс сияқты сұ­йықтықты көп ішіп, дене қызуы 38 градустан жоғары болса, парацетамол ішкен жөн. Ал созылмалы аурулары болса, негізгі емін қабылдауды жалғастыра береді. Дене қызуы 3-5 күнге дейін түспей қойса, жөтел күшейсе, учаскелік дәрігерге хабар берген дұрыс.
– КВИ дертімен бір ауырып тұрған адамға қай кезден бастап айналадағы басқа жандармен қауіпсіз араласа беруге болады?
– Кем дегенде 14 күн карантиннен шыққан соң, ПТР әдісімен талдау нәтижесі вирустың жоқ екенін көрсеткеннен кейін, сонымен қатар клиникалық белгілер болмаған жағдайда ғана басқа адамдармен араласа берсе болады.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button