Басты ақпарат

Жастар үміті жанданды

Елордада жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалға берілетін тұрғын үй алуға құжат қабылдау аяқталды. 1-6 желтоқсан күндері 5463 үміткерден өтініш түсті.

7 желтоқсаннан 12 желтоқсанға дейін талапкерлер құжаттар топтамасына түзетулер енгізе алады. Өтініш берушілерге qatysu.zhilfond.kz порталына тіркелу кезінде көрсеткен телефон нөміріне өз мәртебесі туралы SMS хабарлама жіберіледі. Егер үміткер «Қатысуға құқылы» деген хабарлама алса, онда ол тізімдегі құжаттарды толық тіркегенін және бағдарлама шарттарына сәйкес келетіндігін білдіреді. Бұл жағдайда істің нәтижесін күту керек.
Егер хабарламада «Түзету қажет» деп жазылса, онда өтініш беруші құжаттарды тіркеген кезде қателікке жол берген, олар құжаттарын толықтырып қайта тіркеуіне болады. Қандай құжаттардың қажет екені жеке кабинетте көрсетілген.
Егер «Теріске шығарылды» деген SMS келіп түссе, демек өтініш беруші бағдарлама шарттарына сай келмейді. Мысалы, меншік құқығындағы мүлкі бар, табысы жеткіліксіз және т. б. Жалпы үміткердің электронды поштасына нақты себебі жіберіледі.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, соңғы екі жылда меншік құқығында тұрғын үйі жоқ 29 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары жалға берілетін тұрғын үй алуға өтініш бере алады. Сонымен қатар ерлі-за­йыптылардың атында және балаларының мүлкі болмауы маңызды. Міндетті түрде соңғы екі жыл ішінде тұрақты тіркеуде тұруы керек. Сондай-ақ өтініш берушілердің ресми кірісі 40 АЕК немесе соңғы алты айда 111120 теңге мөлшерінде болуы шарт.
Бағдарлама бойынша барлығы 350 бір бөлмелі жалдамалы пәтер беру жоспарланып отыр. Ол үйлер Р.Қошқарбаев даңғылы мен Қордай даңғылының қиылысында, сондай-ақ Абылай хан мен Б.Момышұлы даңғылында орналасқан. Тұрғын үйдің ауданы 31-ден 47 шаршы метрге дейін. Ай сайынғы жалдау ақысы 5000-нан 15000 теңгеге дейін болады. Жалға алу мерзімі – 5 жыл.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді алушылардың тізімі zhilfond.kz сайтында жарияланады.
Бағдарламаға қатыс­ты туындаған сұрақтар бойынша 109 байланыс орталығына хабарласуға болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button