Басты ақпаратҚала мен Сала

Хостелдер қалай қызмет көрсетеді?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заңнамалық актілеріне өзгертулер енгізілді. Егер 2019 жылы хостелдерді оқшау тұрған ғимараттарда ғана ашуға болатын болса, енді жаңа заң бойынша хостелге кіретін есік пен оның қызмет көрсетуге арналған инфрақұрылымы жеке болса, оны көпқабатты үйлерден де ашуға рұқсат етілген.Қашанда абыр-сабыры басылмайтын хостелдермен көрші тұру көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін жайсыз екені рас. Сондықтан тұрғындардың көпшілігінің өз үйлерінде хостел ашуға қарсы болатындығы түсінікті. Мұндай жерде тыныш өмір сүру мүмкін емес. Ал уақытша жатаққа кіретін есік біреу болса, келіп-кеткен жұрт сол үйдің ортақ мүліктерін пайдаланады және көп жағдайда санитарлық талаптарды, тазалықты сақтамайды. Кейбір тұрғындар тіпті балаларының, өздерінің денсаулығына алаңдайтындарын айтқан. Күн сайын 40-50 бөтен адамдардың бір подъезден кіріп-шығып жүруі кімді болса да сақтандыратыны анық, олардың кейбіреуінің пиғылы бұзық болуы да мүмкін ғой. Ішімдік ішіп теңселіп жүретіндері де жиі кездеседі.
Бүгінде хостелдердің көпшілігі Нұр-Сұлтан, Алматы және Павлодар қалаларында шоғырланған. Олардың 56 пайызы көпқабатты тұрғын үйлерде орналасқан, ал 33 пайызының есігі ортақ. Сондай-ақ пәтерлерді жалға алып, одан хостел жасаушылар да аз емес.
Астанада хостелдердің бір төсек орны тәулігіне 1,5-2 мың теңгеден басталады. Орындар сағат бойынша да беріледі. Сондай-ақ жеке бөлмелерді тұтас жалдап тұруға да болады. Ондай жайлардың бағасы 20 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Хостелдер тұрғындарына көрсетілетін қызметке Wi-Fi, ортақ асүй (ыдыс-аяқ, электр құралдары, тоңазытқыш, шәйнек, микротолқынды пеш, шәйнек) кіреді. Сондай-ақ ТВ, үстел ойындарын, душ, санитарлық тораптарды, үтіктеу тақтайшасын, кір жайғышты пайдалана алады. Кір жуатын машинаны пайдаланса, оған жеке төлейді. Әрбір адамға қызметіне таза төсек жаймасы, үлкен орамал, жеке шкаф кілтімен беріледі.
Жаңа заң бойынша хос­телге жеке кіреберіс жасау міндеттелген, ол үшін үй тұрғындарының үштен екісінің жазбаша келісімі керек. Ал кәсіпкер өздігінен жеке есік жасайтын болса, «Тұрғын үй қатынасы туралы» заң бойынша 920 АЕК, яғни 2,5 млн теңге айып салынады. Сондай-ақ ол үшін қаланың сәулет және қала құрылысы ісімен айналысатын Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының рұқсаты болуы тиіс. Ол кәсіпкерлер үшін қосымша шығын және бірталай уақытты алады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайда қазір жұмыс істеп тұрған хостелдердің 70 пайызы жабылып қалуы мүмкін.
ҚР Индустрия және инфра­құрылымдық даму бірінші вице-министрі ­Қайырбек Өскенбаев бір сұхбатында тығырықтан шығар жолды өзі көрсетті:
– Көпқабатты үйлердегі хостелдерді тұрғылықты баспана ретінде жасақтап, заң бойынша оны жалға беріп жұмыс істей беруге болады. Біз кәсіпкерлерге хостелдерді баспана ретінде қайта жасақтауға көп уақыт бердік, – деді вице-министр.
Жоғарыдағы жайттан біз жаңа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық заңнамасына енгізілген өзгертулер қатаңдатылғанмен, хостел иелеріне жаңа талаптар бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін көреміз.
Бірақ мұндай баспананың қоныстанушылары көпқабатты үй тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолайсыздық тудыратын болса, тұрғындар үй инспекциясына шағымдана алады. Одан кейін бұл ақпарат құқық қорғау органына жолданады. Түпкілікті мәселені сот шешетін болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button