Басты ақпаратДенсаулық

Вирусқа қарсы вакцина

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакциналардың соңғы клиникалық сынақ кезеңдері алдағы жылы көктемде бітеді. Алдымен ол 3 мың еріктіге салынады. Бұған дейінгі сынақтарда отандық вакциналардың жоғары тиімділігі және кері әсерінің жоқтығы дәлелденгенін өткен аптада Үкімет басшысы Президентке мәлімдеді.

 Отандық вакциналардың вирусқа қарсы күші мен ағза үшін қауіпсіздігіне толық көз жеткізілсе, екпе ең алдымен тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары топтарына салынады. Бұл топқа дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері жатады. Олардың саны – 2,2 млн-дай адам. Сонымен қатар бұл тізімде созылмалы аурулары бар адамдар мен 65-тен жоғары жастағылар қамтылатыны да айтылды. Бұлардан басқа, халық вакцинаны ақылы түрде салдырады. Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцинаның құны қымбат емес, оның бағасы – 2-3 доллар, яғни 858-1288 теңге шамасында болады. Қазір елімізде вакцина шығаратын зауыттың құрылысы Жамбыл облысында жүргізіліп жатыр. «Оның қуаты Қазақстанды вакцинамен толық қамтамасыз ете алады. Егер вакцина сәтті әзірленген жағдайда, ол елімізде шығарылады» дейді А.Цой.
Қазақстандық вакцинаның тиімділігіне келсек, оны жасаушы ғалымдардың бірі, профессор Леспек Күтімбетовтің айтуынша, отандық вакцина иммуногендік қасиеті бойынша ресейлік «Спутник V» атты баламасынан күштірек болады. Қазір ҚР БҒМ Ғылым комитеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты 5 вакцина дайындап жатыр. Олардың екеуі сынақтан өткізілуде. Біріншісі – инактивтендірілген вакцина клиникалық кезеңге дейінгі сынақтан өткен. Яғни жануарларға салынып тексерілді, соңғы кезеңінде маймылдарға тексеріліп жатыр. Екінші вакцина – суббірліктік вакцина да клиникалық кезеңге дейінгі сынақтан өтті. Екеуінің де нәтижесі жақсы, қауіпсіз, тиімділігі жоғары. Оның ішінде «QazCOVID-in» деп аталатын біреуі ерікті адамдарға сыналып үлгерген. Шілде айында вакцинаны ойлап табуға атсалысқан бірнеше ғалым оны өз ағзаларына сынап көрген. Олар екпенің денсаулығына кері әсер бергені туралы шағымданған жоқ. Осы жылы желтоқсанның соңында «QazCOVID-in» вакцинасының үшінші сынақ кезеңі басталады.

«Спутник V»-ке сеніп отыр

Қазақстан мен Ресей Мемлекет басшыларының өзара келісіміне сәйкес елімізде 22 желтоқсаннан бастап ресейлік «Спутник V» вакцинасы өндіріле бастайды. Қос ел президенттері Қазақстан аумағында аталған вакцинаны шығаратын зауыт салуға келісті. Оның өндірісі Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында ұйымдастырылуы мүмкін. Бірінші партия өндірісі желтоқсан айында іске қосылады. Аталған вакцина екі кезеңге бөлініп салынады: бір рет еккеннен кейін екіншісі 21 күннен кейін егіледі. Иммунитет бірінші салғаннан кейін 35 күн ішінде қалыптаса бастауы керек.
Қазақстанның Ресей вакцинасын өндіріп, оны қолдану себептері неде? Мамандардың айтуынша, біріншіден, халыққа адамның аденовирустық векторларының тексерілген және жақсы зерттелген платформасында құрылған тиімділігі 91 пайыздан асатын коронавирусқа қарсы вакцина салу керек және ол қолжетімді болып отыр. РФ ДСМ көмекшісі А.Кузнецов ресейлік вакцинаның шектік құны – 1942 рубль, яғни 11040 теңге болатынын мәлімдеді. Екіншіден, Қазақстан аумағында «Спутник V» вакцинасын шығару логистикалық шығындарды азайтуға және қысқа мерзімде вакцинаны медициналық мекемелерге жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, екі ел арасында технологиялық, ғылыми және медициналық тәжірибе алмасу аясы кеңейеді.

2021 – екпе жылы

Әлемде 66,5 млн адамға жұғып, 1 жарым млн адамның өмірін жалмаған COVID-19 дертіне қарсы қазір жүздеген вакцина әзірленді. Солардың он шақтысы – сынақтың үшінші кезеңінде. Олардың ішінде үшеуі, яғни америкалық Moderna мен Pfizer және ресейлік «Спутник-V» вакцинасының вируспен күрестегі күшіне зор сенім артылып отыр. Жалпы 2020 жылдың соңында әлем халқы вакцина мәселесімен шұғыл айналыса бастады. Бұл бір жағы барлық екпелердің соңғы сынақтық кезеңдеріне таяп қалуымен де байланысты. Соған қарағанда, келер жыл тәжвирусқа қарсы екпе жылы болғалы тұр.
Португалия үкіметі халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялау туралы ұлттық жоспарын жариялады. Соған сәйкес жұқпалы дертке қарсы егу жұмыстары бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Алдымен келер жылдың қаңтар айынан сәуірге дейін 1 миллион тұрғынға екпе салмақ. Бірінші болып жасы 50-ден асқан созылмалы ауруы бар азаматтар, дәрігерлер, полицейлер және қарттар үйінде тұрып жатқандар егіледі.
Францияда халықты жаппай вакцинациялау шарасы келесі жылы басталады. Жергілікті билік зерттеуден өткен екпені қолдану үшін алдымен Еуроодақ келісімін беру керек деп отыр. Болжам бойынша одақ Pfizer мен Moderna препаратын желтоқсанның 29-ы мақұлдауы тиіс. Содан кейін ғана Францияның ДСМ вакцинаны тұрғындарға егу мәселесін қолға алмақ.
Түркияда коронавирусқа қарсы егу науқаны 11 желтоқсанда басталады. Бұл жөнінде елдің Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа мәлімдеді. Оның айтуынша, вакцина салу 4 кезең бойынша жүргізіледі. Алғашқыда екпе медицина қызметкерлері, 65 жастан асқан азаматтар, мүгедектер, қарттар және жетімдерге салынады. Түркия екпе үшін Қытайдан 50 млн доза CoronaVac және 25 млн BioNTech пен Pfizer екпесін сатып алмақ.
Өзбекстанға коронавирусқа қарсы ресейлік вакцина жеткізілді. «Cпутник V» препаратының үлгісі көрші мемлекетке сынақтан өту үшін әкелініп отыр. Өзбектер осы айда бұл вакцинаның сапасын тексереді. Ал клиникалық сынақтар келер жылдың басында басталуы мүмкін. Елдің ДСМ Ресейден «Спутник V» препаратының 5 мың дозасын сұраған еді. Ал оған дейін өзбекстандықтарға Қытай вакцинасын салмақ.
Ұлыбританияға COVID-19 ауруына қарсы вакцина 7 желтоқсаннан бастап келеді. Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің деректері бойынша олар Pfizer-BionTech компаниясының вакцинасына тоқталған. Елде екпе алдымен медицина қызметкерлеріне салынады. Сосын қарттар үйіндегі қариялар мен қызметкерлер және 80 жастан асқандар егіледі. Лондон шенеуніктері бұл вакцинаны бірінші болып Ұлыбритания алуы үшін АҚШ пен ЕО арасында уағдаластыққа қол жеткізді.

100 пайыз қорғай ма?

«Қарағанды медициналық университеті» АҚ клиникалық фармакология кафедрасының меңгерушісі Шолпан Қалиеваның айтуынша, дертке қарсы вакцина дегеніміз – өлі вирус немесе вирустың бір бөлшегі. Мысалы, қазір жасалып жатқан вакциналардың бірі вирустың бір бөлігі – spike – ақуыз болуы мүмкін. Вирус осы ақуыз арқылы тірі ағзаның клеткасына жабысады. Бұл вакцина адам ағзасына өткен соң, ағза иммундық жауап қата бастайды.
– Вакцина шығару – ұзаққа созылатын процесс. Вакцина міндетті түрде 3 сынақ кезеңінен өтуі керек. Алдымен клиникалық кезеңге дейін жануарлардың ағзасында, екінші, үшінші кезеңінде адамдардың ағзасында сыналады. Тек содан кейін ғана популяцияға енгізіледі. Алдымен оның қаншалықты уыттылығы тексеріледі. Одан кейін адамдарға қауіпсіз әрі тиімді дозасы анықталады, – деді Ш.Қалиева. Профессордың айтуынша, әр ел ұсынатын вакцинаның құрамы әр түрлі болады. Вирустар мутацияға ұшырайтынын білеміз. Бұл қасиет коронавирусқа да тән. Вирус мутацияға ұшыраса, вакцина тиімсіз болып қалуы мүмкін. Вакцина 100 пайызға емес, 30 пайызға тиімді болуы ықтимал. Оның айтуынша, вирустың мутацияланған жағдайда да өзгермейтін бөлігін вакцинаға пайдаланған дұрыс.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button