Басты ақпарат

Еңсесі биік Есенберлин

Ілияс Есенберлин – көшпенділер өркениетін күллі әлемге паш еткен көрнекті жазушы. Қазақ әдебиетінің роман жанрын сан жағынан да, сапа жағынан да байытқан қарымды суреткер. Ол әдебиетке 50 жасында келді. Он бес жылда он жеті роман жазды. Биыл жазушының туғанына – 105 жыл.

Елордадағы Сарыарқа ауданында Есенберлин есімі берілген көше бар. Конституция көшесінен басталып, Республика даңғылынан аяқталатын Есенберлин көшесінің ұзындығы – 1,36 километр. Жазушы, Ілияс Есенберлиннің шәкірті, айтулы алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың айтуынша астана көшесіне Есенберлин атының берілуі – тұлғаның ұлттық мұратына жеткені. «Ілияс Есенберлин – қазақ ұлттық идеясын қайта түлетіп, тәуелсіздікке жеткізген қайраткердің бірі және бірегейі. Жазушы шығармашылығынан туып-өскен мекені бұрынғы Ақмола өңірі, қазіргі астана ерекше орын алады. «Алтын Орда», «Көшпенділерде» сол кездегі Ақмола қаласының және Есіл, Нұра өңіріндегі көшпенділер тарихы ерекше ықыласпен, кеңдікпен суреттелген. «Қаһар» романындағы хан Кене бейнесі арқылы алғаш рет елордамыздағы қазіргі стадионның орнындағы Ресей қамалына жасаған шабуылы және осы өңірде өткен Қоңырқұлжа сұлтанға, Шыңғыс ұрпақтарына қатысты оқиғалар барынша жаттық баяндалған. Сондықтан да Есенберлиннің атына астанада көше болуы табиғи заңдылық және біздің ұлттық тәуелсіздігіміздің нысанасы болып табылады. 1979-80 жылы Ақмолада неміс автономиясын құрамыз дегенде қарсы шығып, «Мен өзімді өртеп жіберуге дайынмын» деп сөйлеген қазақ қызы туралы зерттеу жасап, сол Ақмоладағы 1974 жылғы ереуілді соңғы романына арқау етпек болған. Мұның өзі жазушының туған өлкесіне деген ерекше махаббатын білдіреді» дейді Тұрсын Жұртбай.

Жетімдікті көп көрген

Ілияс Есенберлин Ақмола облысындағы Атбасар қаласында дүниеге келген. Атбасардың бір шеті Абылай билік құрған Көкшетаумен, екінші шеті Ұлытаумен жалғасқан. Мұндай тарихы терең өңірде туып, тарихқа қызықпау әсте мүмкін емес еді. Ілиястың әкесі – ұста, ал анасы Ілияс пен інісі Раунақты тәрбиелеп үй шаруасымен айналысқан. Аралары екі жас ағайынды жастайынан ата-анасына сүйеу, еңбекқор болып өседі. Раунақ Ілиясқа қарағанда бойшаң болғандықтан Ілиясты «кішкентай аға» деп атаған. Алайда жазушының балалық шағы аштық жалмаған зұлмат заманға тап келіп, 8 жасында қарашешек дертінен әуелі әкесі, кейін анасы көз жұмып, тұл жетім қалды. Туыс­тары Раунақты өздерімен әкетеді де, Ілияс күн көру үшін көше кезіп кетеді. Классик жазушы Эрнест Хемингуэй «Тек жетімдерден ғана шын жазушы шығады» депті. Ілияс базары тарқамаған балалық шағының қызығын көрмей жатып, тұл жетімдіктің қасіретін шегіп үлгерді. «Ағамыз екеуін бірдей алып кете алмапты. Тек біреуін ғана асырай алатын шамам бар деп кішкентай інісін алып кетеді. Сөйтіп менің әкем өзі жалғыз қаңғып қалады. Сол жылы қыс қатты түсіп, аяздың ызғарына шыдамаған Ілияс бірнеше күн бойы көпірдің ықтау жерін паналайды. Егер сол күндері ауыл адамдары тауып алмағанда ол да ажал құшар еді» дейді қызы Дильфруза Есенберлина.

Майдан жолында

Осылайша Ілиястың балалар үйіндегі күндері басталды. Шығармашылыққа бір табан жақын өскен ол қабырға газетіне өлең жазып тұрды. Мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда қаласына барып, интернат мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Кейін Қарсақбайдағы аудандық атқару комитетінде жұмыс істеді. Жұмыс істей жүріп, Алматыдағы Қазақ тау-кен инс­титутына түсті. Талантты да талапты бала тез көзге түсіп, 1937 жылы Қазақстан КСР-ының бірінші Конституциясын қабылдаған Қазақстан советтерінің алғашқы төтенше съезіне делегат болып сайланды. 1940 жылы институтты аман-есен аяқтап, Жезқазғанға жұмысқа жіберілген. Сол жылы күзде қызыл әскер қатарына шақырылып, Рига әскери-саяси училищесінде оқып, соғысқа аттанды. 1942 жылы қатты жарақаттанып, госпитальге түсіп, бір жылдан соң мүгедек болып елге оралды. Ілияс Есенберлин «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ленин қаласын қорғағаны үшін» сынды медальдармен марапатталған. Бірақ ғұмыр бойы балаларына сұм соғыстың кесапаты жайлы тіс жарып ештеңе айтпай өтіпті. Шығармаларында да соғыс тақырыбы көп қаузалмаған. Тек «Айша» поэмасында ғана аз айтылады. Соғыстан оралғаннан кейін Ілияс Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің аппаратында нұсқаушы болып жұмыс істейді.

Халық жауының қызына үйленді

«Жүректі шын күйдірсе, махаббат азабының өзі де бір қуаныш емес пе? Иә, зор қуаныш. Өйткені жүрек күю үшін шын махаббат, зор махаббат керек. Ал ондай махаббат жаныңа қанша азап салса да – қуаныш, бақыт» деп жазыпты Ілияс Есенберлин күнделігінде. Жазушы армандаған асыл махаббатын соғыстан келе сала кезіктіреді.
«Ілекеңнің жары «халық жауының» қызы болған. Соның зардабын Ілекең де тартты. Содан сұраймын ғой, «Халық жауының» қызы екенін біле тұрып, неге осы кісіні алдыңыз?» деп. «Соншалықты күшті махаббат болды ма?» деймін. «Жө-өқ-қ» дейді Ілекең… Содан соң ойланып барып әңгімесін бастайды: «Бір күні көшеде келе жатсам, көзіне мұң ұялаған бір қыз келе жатыр екен. Мұңлы болғанда да мұңлы. Тоқтатып, бірнәрсе сұраған болып назарын өзіме аударып едім, көзі шынында да бұрын мен көрмеген мұңлы көз екен. Содан соң сыртынан сұрастырып біліп алдым, араласа бастадық. Өзім де ойлағандай, «халық жауының» қызы болып шықты. Көзіндегі мұңы бір сәтте пайда болатын мұң емес, әбден бойына сіңіп қалған мұң екен. Уақыт өткен сайын жүрегім жіби берді. Ақыры бір күні «сені аламын, тиесің бе?» дедім. Қыз жылады, «мені алсаңыз күніңіз күн болмайды ғой» деді. «Тәуекел, аламын» дедім. «Жалғыз шешем бар ғой» деді. «Мейлі, шешең қолымызда тұрсын, өле-өлгенше бағып-қақ» дедім. Шешеммен ақылдасайын деді. Бір-екі күннен соң шешесінің алдына бардым. «Қайда істейсің, балам?» деді. «ЦК-да». «Ойбу-у» деді. «Сорыңды қайнатады ғой». «Бәріне дайынмын, тәуекел» дедім. «Жарайды, тек бұл байғұсты жылатып тастап кетуші болма». Сөйтіп, осы кісіні алғанмын. Шешесі қайтқанша қолымызда тұрды». Мені қолтықтап алып, одақтың үшінші қабатында әрі-бері жүріп әңгімесін айтатын. Сонда бір күні айтқаны ғой. Қазақтың бір қызының бағын ашамын деп істегені шығар…» дейді Тұрсын Жұртбай.
Бір көргеннен ғашық болған жазушы жары Дильярамен отау тіккеннен кейін, Орталық комитетке «Ілияс халық жауының қызына үйленді» деген хабар түсіп, оны бірден жұмыстан шығарып жібереді. Жарына берген уәдесін орындап, араға таныстары мен соғыста алған атағын салып жүріп Алжирден қайын енесін алдыртады. Арада бір жыл өткенде осы әрекеті басына сор болып жабысты. Ілиясты 1949 жылы «қазына қаржысын жымқырды» деген желеумен үйінде отырған жерінен ұстап, 10 жылға жазасын өтеу лагеріне жібереді. Адам жаны төзгісіз қара жұмысқа жегілу кім кімге де оңай емес. Бірақ Ілиястың айы оңынан туып, мамандығы тау-кен саласы болғандықтан көбіне ұйымдас­тырушылық жұмыстарды істеп, Сталин өлгеннен кейін ақталып шығады.

Әдебиеттегі ауыр жол

Ілияс Есенберлиннің естеліктеріне қарағанда Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитетінің жас нұсқаушысы қызметінде жүрген оны бірде Дінмұхаммед Қонаев шақырып алып, Солтүстік Қазақстан облысына іс-сапарға жібереді. Негізгі мақсат – Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс туралы деректер жинап әкелу еді. Осылайша жинақталған деректер кейіннен тарихшы Ермұхан Бекмахановқа тапсырылып, ғылыми айналымға енген болса, бала кезінен тарих десе елеңдей бастайтын Есенберлин үшін тарихи роман жазуға кірісудің бастамасы болса керек. Ең қызығы, Есенберлин «Қаһар» романын дайындаған кездері, оның соңынан «Алмас қылыш» пен «Жанталас», одан асып барып «Алтын Орда» жазылатынын, яғни, бұл тарихи шығармалардың уақыт өте бар қазақ оқырмандары үшін ең таңдаулы шығармалар болатынын сезбегендей.
Тарихи шығарма жазу ол кезде екінің бірінің қолынан келмейтін. Кенесары туралы кітап жазбақ түгілі оның атын атау мұң болатын. Ілияс Есенберлиннің атақты «Көшпенділер» трилогиясы – 30 жылдың ішінде 50 рет басылып, жалпы тиражы 3 миллион данамен тараған қазақ әдебиеті тарихындағы бірегей туынды. Трилогия КСРО мемлекеттік сыйлығына ұсынылған кезде әріптестері шағым жазып, оны тізімнен шығартып тастайды. Бұл жағдай Ілияс Есенберлинге ауыр соққы болды.
«Жас кезінде өмір теперішін көп көрген, соғыста ауыр жараланған Ілекеңнің денсаулығы бұрын да мықты болмайтын. Оның неге бір жағына қисайып жүретін себебін кейін білдік. Соғыста оқ тиіп, пышаққа түскен оң аяғы, сол аяғынан 2-3 сантиметрдей қысқа еді. Бұған енді шығармашылық ауыр азабы қосылды. Жан аялап, бой күту, курортқа бару дегенді ол ұмытқалы қашан. Өмірінің соңғы жиырма жылында оның қаламынан 13 роман дүниеге келіпті. Бұл – тек алыптардың ғана қолынан келер шаруа. Қанша қажып жүрсе де, жаңа кітабы шыққан сайын қырандай сілкініп, қайраттанып кететін. Меніңше, жазушының жүйкесін жұқартып, өмірден ерте кетуіне екі себеп бар. Біріншісі Ілекең «Мұхиттан өткен қайық» атты романын қанша күш салса да он жылдай шығара алмады. Бұл сол кезде билік басында отырған бюрократиялық жүйені жеріне жеткізе әшкерелеген шыншыл шығарма еді. Сондықтан кітаптың жарық көруіне Орталық Комитет тарапынан қысым жасалды. Екінші себеп, «Көшпенділер» орысша шығып болған соң Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Жазушы да, басқаларымыз да зор үміт арттық. Өйткені ол жылдары бір халықтың 5 ғасырлық шежіресін қамтыған мұндай шығарма бүкіл КСРО көлемінде сирек еді. Ал соңғы турға дейін Ілекеңмен таласып келген Грузия жазушысы Нодар Думбадзенің жұқалтаң романы сол кезде әркімдер-ақ жазып жүрген қатардағы дүние еді. Амал не, берекесі мықты грузиндер мен қазақтың іштерінде шынашақ, айналмайтын күншіл арызқойлары екі жақтап Лениндік сыйлықты Есенберлинге емес, Думбадзеге алып берді» дейді жазушы Қабдеш Жұмаділов.

P.S. Ақмолада ең алғаш қазақ театры ашылғанда жергілікті зиялы қауым өнер ошағына Ілияс Есенберлиннің есімін беруді ұсынады. Алайда үкімет қаулысы тұрғындардың бұл пікірімен бір арнада тоғыспады. Кейін де қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық, бетбұрыс әкелген, өз алдына жеке тарихи мектептің негізін қалаған ұлы тұлғаға өскен өңірінен «Мынау Есенберлин» атында деп мақтанатындай бір нысан бой көтермеді. Есенберлиннің есімін елорда төрінде қалай ұлықтасақ та артық етпес еді ғой.

Көктем ҚАРҚЫН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button