Басты ақпаратМәдениет

Маэстро

Елорданың ғана емес, еліміздің бірегей өнер ордасы – «Астана Опера» театрының талантты дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижерлік репертуарында мыңнан аса вокалдық-симфония­лық, симфониялық және камералық музыкалық шығармалар мен елуден астам опералық-балет қойылымдары бар, қоюшы дирижер ретінде отыздан аса спектакльді сахналаған, әлемдік деңгейдегі айтулы музыканттармен иық тіресіп өнер көрсеткен Абзал Мирасбекұлы Мұхитдин туралы қалам тартуды көптен бері ойлап жүргем. Ақыры соның да реті келіп, жүзбе-жүз кездесіп отырмыз. Халқымызда «Өнер тек қуалайды» деп айтады. Маэстроның әжесі ақын әрі әнші болса, анасы да өнерден қара жаяу болмаған. Ол кісінің өзі «Өнер маған түп нағашымнан дарыған» дейді.ӨНЕРГЕ ЫНТЫҚ ӨРЕН

– Торғай жеріндегі Қарасу деген ауылда дүниеге келдім, – деп бастады сөзін ағамыз. – Бірақ бір жасымда біздің үй әкемнің жұмыс бабымен Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Қазанбас стансасына көшеді. Әке-шешемнің мамандығы – мұғалім, екеуі де өмір бойы білім саласында еңбек етті. Өнерге мектепте оқып жүргеннен жақын болдым. Оған себеп, Ростислав Мариинин деген музыкант ағайымыз мектепте баян мен хор үйірмесін ашып, оған өнерге қабілеті бар балаларды тартты. Кішкене күнімнен ән салушы едім, сол хорға мен де жазылдым. Кейін баян үйірмесіне бардым. Оны екі-үш ай оқып, үйреніп алғаннан кейін ұстазым: «Сен баянмен алысқа бара алмайсың, саған фортепиано үйрену керек» деді. Ал менің фортепианодан түк хабарым жоқ. Кейін ұстазымыздың ұсынысымен ауылда музыкалық мектеп ашылып, соның «фортепиано» класында оқыдым. Жоғары сыныпта гитара, барабанда еркін ойнап, достарыммен «ВИА» деген вокалды ансамбль құрып, ауыл кештерінде ән шырқап жүрдік, – деді қыр астында сағымдай бұлдырап қалған балалық шағынан сыр тартқан кейіпкеріміз.
Сегізінші сыныпты тәмамдағаннан кейін Алматыда оқуға аңсары ауған жас өренге қалаға барып оқуға ата-анасы қарсылық көрсетпейді. Алатаудың етегіндегі әсем шаһарға табан тіреген ауыл баласы алдымен П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищеге келіп, «Дир хор» бөліміне құжатын өткізеді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, жолы болып, оқуға түседі. Бірінші курста оқып жүргенде Қазақ симфониялық оркестрінің концертіне барып, классикалық музыка әуелеген кештен ғажайып әсер алды. Әсіресе оған бас дирижер Төлепберген Әбдірәшевтің өнері қатты ұнайды. Осы керемет кеш өнерге ынтық өреннің дирижерлік қабілетін оятты.
– Алғашқы курста оқып жүргенде ұстазым Любовь Колыхалова маған: «Сен вокалда кімнен оқып жатырсың?» деп сұрады, мен ол кісіге не айтарымды білмей, «Тізімде жоқ секілдімін» деп жауап бердім. Сосын ол мені қолымнан жетектеп, вокал бөлімінің меңгерушісі Василий Глазков деген педагогқа алып барды. Сол менің дауысыма зер салып, тыңдаған соң: «Әй, бала, сен вокалды оқы, саған керек. Ертең нанға майды қалыңырақ жағып жүресің» деп күлді. Сөйтіп үш жыл бойы вокал мен дирижерлікті қатар оқыдым. Төртінші курста ұстаздарым жолдама беру үшін, маған: «Ән айтасың ба, әлде дирижер боласың ба, біреуін таңда» деген ұсыныс айтты. Үшінші курста вокалдан байқауға қатысып, дауысыма бірнәрсе болып, қысылып айта алмай қалғам. Сонда «Менен вокалист шықпайды, дирижер болуым керек» деген ой келген, сол есіме түсті де дирижерлікті таңдадым, – деді ол.

«ДИРИЖЕРДІ ҒАРЫШКЕРГЕ ҰҚСАТАМ»

Өмір кейде адамға түрлі тосын сый тартады. Музыкалық училищенің соңғы курсында жүргенде, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы бұрқ ете қалды. Бұл қазақ жастарының отаршылдық әкімшіл-әміршіл жүйеге деген қарсылығы еді. Оған сол кезде Алматыда оқыған қазақ жастарының дені қатысты. Кейіпкеріміз де желтоқсанның қақаған аязында екі күн бойы замандастарымен алаңда жүрді. Дүрбелең басылғаннан кейін қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оның соңына түсіп, «Сен көтерілісті ұйымдастырушылардың бірісің» деп жауапқа алып, біраз әуре-сарсаңға салды. Ақыры музыкалық училищеде оқып жүрген бір топ қазақ жігітін жинап алып, жоспарлы түрде Қиыр Шығысқа әскерге жіберді. Мұнда да оларға қырын қарайды. Әскердегі саяси ұйымның жетекшісі Қазақстаннан келген қазақ жастарымен «Сендер неге өкіметке қарсы шығып жүрсіңдер» деп оңаша шақырып, бір-бірлеп сөйлеседі. Алайда намысты қазақ жігіттері: «Біз республика басшылығына келген Колбинді білмейміз, алаңға Қонаев үшін шықтық» деп айтқан сөздерінен қайтпайды. Бұл оқиға сонымен аяқталды. Бірақ кейін Абзал Мирасбекұлы көтеріліс құрбандарының рухына арнап «Елім-ай» деген хорға шығарма жазды. Азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияның опера-симфониялық оркестрінің дирижерлік бөліміне түсуді ойлайды, бірақ оның реті келмей, қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияға түсіп, Қазақстанның халық әртісі, профессор, айтулы дирижер Базарғали Жаманбаевтың класына қабылданды. Алғашқы күні-ақ ұстазы оның бойындағы музыкалық талантын байқап: «Мен сені оркестр отыратын орыннан көріп тұрмын. Ол үшін шет тілін үйрену қажет, онсыз алысқа бара алмайсың. Сосын зердеңмен жұмыс істеп, жаттыға біл» деп қолына Пушкиннің «Евгений Онегин» романын ұстатып жіберді. Үшінші курста консерваториядан симфониялық оркестр факультеті ашылып, қосымша соған да түсіп, бас-аяғы аталған оқу орнында сегіз жыл оқиды. Оның үстіне ұстазының сөзін жерге қалдырмай, Алматыдағы Әлем тілдер институтында екі жыл оқып, ағылшын тілін үйренді.
– Дирижер деген ағылшын тілінен аударғанда кондуктор деген мағына береді. Қазақша айтқанда, жолбасшы, жетекші, бастаушы деген ұғымға жақын. Өйткені дирижер композитордың жазған музыкасын жүрегінен өткізіп, оны байытып, толықтырып, әдемілеп, сосын барып музыканттарға ұсынады. Ол мамандықтың иесі көпшіліктің тілін таба білетін, сөйлесе білетін тұлға болу керек. Мұздай қатып тұруға болмайды. Кез келген мәселені қолма-қол шешуге үйрену қажет. Бейнелеп айтқанда, дирижердің миы компьютер секілді жұмыс істеу керек. Оны ғылымда психофизика дейді. Мұндай қасиет, қабілет көп адамның бойында болмайды. Өзім дирижерді ғарышкерге ұқсатам. Өйткені олар аспан әлемінде ұшып жүргенде жердегі құбылыстың бәрін карта арқылы көріп отырады. Біздің картамыз – партитура. Дирижер – оркестрде жалпы музыкаға жауап беретін адам. Әйтпесе әр шығарманы әр музыкант өзінше ойнап, оның мәнін жоғалтады. Оның бәрі үйлесімде, нақпа-нақ мөлшерде болу қажет, – деді дарынды дирижер өз мамандығының құпиясымен бөлісіп.

БАРОККО МУЗЫКАСЫНЫҢ МАМАНЫ

Маэстро Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория қабыр­ғасында жүргенде алғашқы «Болашақ» бағдарламасымен Түркиядағы Стамбул консерваториясына оқуға мүмкіндік туады. Бірақ аталған оқу орны көңілінен шықпай, елге оралады. Кейін Ұлыбританиядағы Йорк университетінің магистратурасына түсіп, білімі мен білігін жетілдіруге жаңа жол ашылды. Көне дәуірдегі Барокко дәуірінің музыкасы туралы жазуға ғылыми тақырып алды. Тақырыпты терең игеру үшін сондағы хор құрамында жұмыс істеп, Барокко дәуірінің музыкалық аспабын меңгерді. Бізде Барокко туралы онша ешкім білмейді. Музыкалық мектептерде ондай пән оқытылған емес. Тіпті мамандар да жоқ. Оны Барокко музыкасының еліміздегі алғашқы кәсіби маманы деп айтуға болады. Мирасбекұлы диссертациясын ағылшын тілінде сәтті қорғайды. 1998 жылы Қазақстанның халық әртісі Гауһар Мырзабековамен бірге «Қазақстан Камератасы» камералық оркестрін құрып, оның жоғары деңгейге жетуіне бір кісідей үлесін қосты.
1999 жылы Арқа төсінде бой көтерген астанаға келіп, қалалық Мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрін құрып, оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. Жаңадан құрылған филармонияға еліміздің әр түкпірінен талантты музыканттар жинады. 2005 жылы «La Primavera» Президенттік камералық оркестрін құрып, оны да биікке көтерді. Одан кейін бұрынғы Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының бас дирижері ретінде талай озық туындыларды сахнаға шығарды. Осы аталған өнерлі ұжымдармен бірге әлемнің көптеген елдеріне гастрольдік сапарда болып, қазақ өнерінің мерейін асырды. 2013 жылдан бері «Астана Опера» театрында еңбек етіп келеді.
– «Астана Опера» – әлемдік деңгейдегі театрлармен қатар тұрған өнер ордасы. Сондықтан оның сахнасында бірегей көркем дүниелер ғана қойылады. Бізге кейде көрермендер, зиялы қауым өкілдері «шетелдік шығармаларды жиі сахналайды, отандық опера туындылары неге қойылмайды?» деген реніштерін айтып жатады. Айтулары өте орынды. Бірақ бұл жерде де біраз мәселе бар. Мысалы, бізге қазақстандық авторлар өздері жазған операсын ұсынады. Алайда соның дені көңілімізден шықпайды. Өйткені оның көбі ұлттық опералардан жұлмалап алынғаны көрініп тұрады. Ондай шығарманы қалай сахнаға шығарамыз? Сахна деген – қасиетті дүние. Қазір өмірден ерте өткен тамаша композитор Тілес Қажығалиевтің «Дала аңызы» балетін жоспарлап отырмыз. Оны сахнаға дайындауға Франциядан арнайы хореограф шақырдық. Неге десеңіз, балет модерн стилінде жазылған, техникасы өзгеше. Алдағы жылы көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамысын» сахналаймыз. Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсын қоймақпыз.Америкада тұратын отандасымыз Алмас Серкебаевтың «Томирис» операсын Алматыда сахналадық. Тамаша туынды, бірақ орысша жазылған. Біз соны қазақшаға аударып қойсақ дегенбіз. Бұл жұмыс түрлі себеппен кейінге шегеріліп кетті. Біраз жыл бұрын Күләш Байсейітова театрында Алмас Серкебаевтың голливуд стилінде жазылған «Астана» мюзиклін жұртшылыққа ұсындық. Алмас – өте білімді, талантты композитор. Оның «Ақсақ құлан» деген балетін алдағы уақытта жарыққа шығарамыз. Кейінгі жас буын арасынан композитор Серік Әбдінұров «Аппақ» деген операсын аяқтап қалды. Бұл шығарманың либреттосын, көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов жазған, – деді маэстро.
Ол кісіні көзіқарақты қауым Мемлекеттік әнұранының оркестрлік редакциясының авторы ретінде жақсы біледі. Сондай-ақ ол Ғазиза Жұбанованың музыкасына қойылған «Қарагөз» балеті мен Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара», Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операларының жаңа музыкалық редакциясын жасап, оны ұлттық бояумен әрлеп, көркемдігін байыта түскен еңбегі де айтуға тұрарлық.
Қазір Абзал Мирасбекұлы әлемнің «екінші ұстазы» атанған, ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби туралы опера жазып жүр екен. «Бұл – менің ең үлкен жобам. Өмірімнің өнердегі бір қорытындысы деп айтсам болады. Сол үшін оған бар жанымды салып жатырмын. Туынды әлі толық аяқталған жоқ. Сондықтан ол туралы артық ештеңе дей алмаймын» деді ол күлімсіреп.

***
Әңгіме де аяқталды. Көлігіммен үйге қайтып келемін. Бір кезде «Қазақ» радиосынан өмірден ерте өткен талантты ақын, әнші Табылды Досымов ағамыздың «Биіктік» деген әні шырқалды. Қоңыр дауысымен жан-жүректі тебіренткен әннің соңғы шумағы «Қыр баласы тауға қарап өспейді, қыр баласы қол созады аспанға» деп аяқталады. Абзал аға да аспанға қол созған қыр баласы…

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button