Sport

Рейтинг сынға түсетін топ

С тобы: Франция. Австралия. Перу. Дания

Мұндағы құрамалардың ФИФА рейтингісіндегі орындарының орташа көрсеткіші жеті топтан да жоғары болып шықты. Олардың бәрі жабылып алған орындардың ортақ санын төрт бөлгенде, 18 деген цифр шығып тұр. Дегенмен, командаларының күші шамалас бұл шоғырдың да өз үздігі бар. Ол – Франция. Әлбетте, Антуан Гризманн мен Паул Погба бастаған жасақтың тым болмағанда топтан шыға алатынына ешкім күмәнданып отырған жоқ. Ал екінші орын үшін таластың қатты қызатын түрі бар.

 

Франция құрамасы
Еуропа чемпионатының 2016 жылғы финалына шыққан терме команда мундиальдың финалдық турниріне соңғы сәтте Швеция мен Нидерландты артта қалдырып, әзер ілінді. Іріктеу жарысында бірнеше керемет жеңіске жеткен француз құрамасы өз алаңында күтпеген жерден Люксембургпен тең түсіп қалып, жағдайын күрт нашарлатып алды. Бірақ ақыры қайырлы болды.
«Үштүстілер» осы жолы әлем чемпионатына 15-ші рет қатысады. Олар 1998 жылы Францияда өткен әлем чемпионатында топ жарып, 2006 жылы – күміс, 1958, 1986 жылдары қола жүлдегер атанған болатын. Бұдан бөлек, екі рет Конфедерация кубогында (2001, 2003), бір рет (1984) Олимпиялық ойындарда алтыннан алқа таққан еді.

Австралия құрамасы
Құрлық-мемлекеттің құрамасы бұл бәсекеге жету үшін іріктеу турнирі марафонының ең ұзақ жолынан өтіп, 22 рет алаңға шықты. Команда іріктеу тобында Жапония мен Сауд Арабиясынан кейінгі үшінші орын алып, екі раундтық плей-оффқа қатысты. Сонда әуелі Сирияны ұтса (1:1, 2:1), сосын Гондурасты жолдан шығарып тастады – 0:0, 3:0.
«Жасыл құрлық» жасағы енді өзінің бесінші чемпионатына дайындалып жатыр. Команда төрт дүркін (1980, 1986, 2000, 2004) Океания кубогының иегері атанды, бір рет (2015) Азия кубогын жеңіп алды. Ол – екі конфедерацияның бірдей бас бәйгесін алған әлемдегі жалғыз құрама.

Перу құрамасы
Перу жасағы чемпионатқа Оңтүстік Америкадағы іріктеу тобынан шыға алмай, құрлық аралық матчта Жаңа Зеландия­ны ұтып (0:0, 2:0) барып келді. Осымен бесінші сапар жаһандық доп додасына келгелі тұрған перуліктер бұған 36 жылғы үзілістен кейін қол жеткізіп отыр.
Команда екі рет (1939, 1975) Америка кубогын ұтқан.

Дания құрамасы
Даниялықтар іріктеу турнирінде алдына поляктарды салып, топта екінші орын алған еді. Ал қайтпа-қайт матчында ирландтармен кездесті. Даттар өз алаңында тең (0:0) ойнап, қарсыластар алаңында 5:1 есебімен жеңіске жетті. Осы ойында Кристиан Эриксен хет-трик жасады.
Алдағы чемпионат Дания үшін бесінші белес болады. Ол 1992 жылы Еуропаның чемпионы атанса, 1995 жылы Конфедерация кубогын ұтып алған еді.
Бір қызығы, даттар 1992 жылы құрлық чемпионы атанғанда, іріктеу тобынан шыға алмаған-тын. Сосын саяси себептермен Югославия біріншілікке жіберілмей қалды. Оның орнына Дания қойылды. Мұның соңы дат елі командасының топты жарып шығуымен аяқталды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button