Руханият

Сейфуллин музейі: өткені мен бүгіні

Сәкен Сейфуллиннің музейі – Астанада жеке тұлғаға арналған алғашқы мұражай.  Музей 1988 жылы 21 қаңтарда ашылды. Ең алғашқы жұмыс қор жасақтау жұмысы болды. Жинақтау жұмысы жүйелі жүргізілгеннің арқасында қазіргі таңда қор жасақталды. Музейдің негізгі кеңесшісі, филология ғылымының докторы, сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішұлы және академик Серік Қирабаев еді. Биыл 35 жыл мерейлі кезеңге жетіп отыр.

Музей қызметкерлерінің негізгі міндеті – С.Сейфуллин мұрасын жинап, зерттеу арқылы халыққа мәні зор, жоғары деңгейдегі қызмет көрсету, дамыту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне атсалысу. Музей экспозициясы бойынша өткізілетін экскурсиялармен қатар мекемелерде, оқу орындарында лекциялар оқылып, көрмелер ұйымдастыру басты бағыттардың бірі болып саналады.

Ғылыми қорға түскен экспонаттарға сипаттама, өңдеу жұмыстарын жүргізу, паспорт толтыру, қорғау, бекіту, олардың сақталу әдістері, көпшілікке қызмет ететін деңгейге жеткізу – ғылыми қызметкерлердің күнделікті атқаратын жұмыстары болып саналады.

Халқымыздың тарихи-мәдени, руханы мұрасын зерттеп, сақтап, жас ұрпаққа жеткізіп, ғасырлар жалғасын айқындап беру – музей қызметкерлерінің еншісінде.

Репрессияға ұшырап, құжаттары жойылып, дүниесі тәркіленген азаматтың заттарын табу өте қиынға түскен. Сонда да қазір қорда 6 мыңдай құжаттай-заттай жәдігер жиналған. Сол жиналған жәдігерлер негізінде экспозиция құрылды.

Алғашқы экспозицияның құрылымының кіріспе залында Ақмола аймағының өлкетану, тың игеру жөнінде құжаттар, осы өлкенің жазушылары, С.Сейфуллин ісін жалғастырушы, дәріптеушілер ретінде Нұрғожа Ораз, Мадхат Төрежанов, Алдан Смайыловтардың материалдары қойылды. Келесі залдар балалық шағы, педагогикалық қызметі, әдебиет саласындағы еңбектері болып бөлінді. Осы залдың ішіндегі бір бөлмеде мұражай қызметкерлері отырды. Өйткені ол кезде екінші ғимарат берілмеген. Бір-екі жыл өткен соң кәсіподақ төрағасы Қасым Тәукеновтың қажырлы еңбегінің арқасында екінші ғимарат қолданысқа берілді.

Мазмұны жағынан толықтырылып, толық өзгертілген екінші экспозиция 1994 жылы С.Сейфуллиннің 100 жылдығына жасалды. Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайынан уақытша қолдануға 11 жәдігер берілді. Осы мерейтой қарсаңында мұражай қызметкерлері Ресей мұрағаттарында, оның ішінде Красногорск қаласының кинофотоқұжат бөлімінде жинақтау жұмысын жүргізіп, мұражай қоры біраз құжаттармен толықты. Онда Жазушылар одағының 1 съезі, С.Сейфуллиннің шығармашылығына 20 жыл толуына байланысты 1936 жылғы марапаттау құжаттары, фотосуреттер бар. Кіріспе залындағы жазушылар экспозициясы өзгертіліп, тек С.Сейфуллинге қатысты материал­дар қойылды; балалық шағынан басталып, педагогикалық қызметі, революциялық кезеңдегі еңбектері толық қамтылды. Азамат ақынның қоғамдық-саяси қызметіне қатысты мәліметтер жинақталды.

Мұражай қызметкерлерінің жинақтау жұмысының нәтижелі болуына байланысты әдебиет саласындағы еңбектерінен көп материалдар жинақталып, әдебиетке арналған залдың мазмұны толық өзгертілді. Экспозицияның бір бөлмесінде отырған мұражай қызметкерлері екінші ғимаратқа көшіріліп, тағы бір мазмұнды зал қосылды. Реэкспозиция жұмыстары 1998 жылы Астана қаласының тұсаукесеріне орай өзгертілді. Түбегейлі жәдігер қоятын тұғыр, сөрелер жаңартылды. Кіріспе залына С.Сейфуллиннің тағдырынан сыр шертетін үлкен гобелен қойылды. Сол жылдары музей қоры Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағатынан алынған  материалдармен «Ер есімі – ел есінде» залы толықты.

Қорға бейнелеу өнері туындылары, Алматыдан суретшілер Әубәкір Ысмайылов, Әмен Қайдар жинағы әкелінді. Гүлфайрус Ысмайылова Евгений Сидоркиннің коллекциясын сыйға тартты. Бастапқыда бейнелеу туындылары кіріспе залында орналастырылды. Кейін бөлек зал ретінде жасалды. С.Сейфуллиннің педагогикалық қызметіне арналған зал толықтырылды. Экспозицияға белгілі ғалым Қапия Камалиеваның 1960 жылы С.Сейфуллин туралы шыққан кітаптары, авторефераттары қойылды. С.Сейфуллиннің әріптесі ұстаз Давид Гобузов естеліктері мен оқыту барысындағы көрнекі құрал ретінде қолданған, өзі салған суреттері экспозициядан орын алды.  «Тар жол,  тайғақ кешу» залындағы С.Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Әмина Сейфуллина тапсырған 1927 жылы шыққан «Тар жол тайғақ кешу» түпнұсқа кітабы – экспозицияның ең құнды жәдігері. Кезінде тұпнұсқаға «Волга» автомашинасын ұсынған кезде бермей, музей қорына өткізген екен. Мәжіліс залына реэкспозиция жұмысы 2009 жылы жүргізілді. С.Сейфуллиннің балалық шағына байланысты құжаттық-заттай жәдігерлер жеке залға қойылды. Жеке мемориалдық заттарынан кабинеті мен жеке тұрмыстық бөлмесі жасақталды.

«Әдебиет және журналистика» залы «Ұшқыннан» – «Егемен Қазақстанға» дейін» құжаттық-хронологиялық көрсеткіші, ҚазАПП мүшелерінің толық мүшелері, С.Сейфуллин редакция­лығымен жиналған Ы.Алтынсарин, Ақан сері, Ш,Құдайберді таңдамалы жинақтарының көшірмесімен толықты.

Музей қоры жылдан жылға жаңа жәдігерлермен толыға түсуде. Оның ішінде Гүлбаһрам Сейфуллина тапсырған С.Сейфуллиннің тақиясы, шапаны, сағаты, Рымжан Сейфуллина сақтаған тігін машинасы, София Абдулқызы тарихта «Жайылмаған ақ дастарқан» деген атпен қалған дастарқанын берді. Республикамызға белгілі дәрігер Абай Қабатайұлы арнайы әкеліп музей қорына өткізген Ақан сері қолданған кесесі музей экспозициясының құнды жәдігері қатарында.

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мәлік Әбділдин авторлығымен С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің, І.Жансүгіровтің фарфордан құйылған мүсіндері экспозицияның мәжіліс залына қойылды. Осы құнды жәдігерлердің барлығы бүгінгі таңда музей экспозициясы төрінде өз орнын алып, кейінгі ұрпаққа үлкен тарихи мәні бар көненің көзі болып тұр.

Музейді әр жылдары басқарған басшылар Сәкен мұрасын насихаттап, музей жұмысын жүргізу барысында аянбай еңбек етті. Музейдің алғашқы директоры Роза Иманғалиқызының біліктілігінің арқасында қор жиналып, музейдің алғашқы экспозициясы жасалды. Серік Тұрғынбекұлы сол жұмысты жалғастырып, Серік Оспанов С.Сейфуллиннің музыкалық мұрасын зерттеп, үлкен еңбек жазып, насихаттау мақсатында экспедициялар ұйымдастырды. Несіпбек Айтұлы музей экспозициясына реэкспозиция жұмысын жасап, музей ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл сайын ақындар мүшәйрасын өткізу дәстүрге айналып, С.Сейфуллиннің  «Сырсандық» сериялық жинағы 8 том болып жарық көрді. Қазір қара шаңырақ музейлер бірлестігі құрамына еніп, Салтанат Ақселеуқызының  тәжірибелі жұмысының арқасында насихат жұмысы жалғасын тауып отыр.  С.Сейфуллин музейінің тізгінін белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы, сәкентанушы Марат Әбсемет алып, музей қорын толықтыру, реэкспозиция жұмысын жандандыру, Сәкен мұрасын насихаттау барысындағы жұмыстарды қолға алды. Келесі жылы С.Сейфуллиннің 130 жылдығын атап өту жоспары жасалып, дайындық жұмыстары басталып кетті.

Гүлназия БОЛАТ,

С.Сейфуллин музейінің қызметкері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button