Ұлт ұпайы

«Байытамын» деп алдаған байерді кім құрықтайды?

Бұған дейін қаржы пирамидасы мен интернет-алаяқтарға алданғандарды көп еститін едік, қазір «байы­тамын» дейтін байерлерге барын берген қара халықтың базынасын да тыңдап жүрміз. Түркия, Қытай, тіпті АҚШ-тан арзан бағамен тауар жеткіземін деп алдап кететіндер көбейді. Солардың бірі – Айс Мұратова.

Осы лақап атпен танымал болған байерсымақ жылдар бойы халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жарнамалап келген. Кейін Қытайдан арзан бағада ыдыс әкелемін деп, елден ірі сомада ақша жинай бастайды. Әрі «қол астымда жүзден астам қызметкер бар, жұмыс жүріп жатыр» деп сендіреді. WhatsApp арқылы чаттар құрып, бірнеше ай ішінде шамамен бес мың адамнан ыдысқа тапсырыс алады. Ақшаны өзінің және туыстарының жеке шотына жіберуді сұрайды. Осылайша еліміздің әр өңіріндегі азаматтардан жалпы сомасы шамамен 30 миллиард теңге жинап алып, барлығын алдап кеткен.

Енді сауда жасап, күн көр­мекші болған азаматтар «Тауар да жоқ, ақшамызды да қайтармады. Арыз жазып шағымдансақ та, бірнеше айдан бері еш нәтиже шықпады» дейді. Алданғандар арасында абысындарымен жиналып, үйіне әдемі ыдыс алмақшы болғандар да бар, саудагерлер де бар. Бір ғана әйел 30 миллиард жинап, қулық танытуы мүмкін емес сияқты көрінеді. Мұндай алаяқтық схеманың артында үлкен топ бар болуы ықтимал. Барлығын әшкерелеп, заңға тарту қажет. Бұл жағдайдың өзі – ұлтқа қауіпті мәселе. Қазір қаншама отбасы ойран болып, сан соғып отыр.

Біз жиі қаржы сауаты деңгейін көтеру қажет дейміз, бірақ алданған қара халық саны азайып жатқан жоқ. Мүмкін байерлікпен айналысып жүргендерге қатысты да нақты талаптар қажет шығар? Олар қазір халықтан миллиондап ақша жинап, көлеңкелі экономиканың «гүлденуіне» үлес қосуда. Байерлер тиісті мекемелерден аккредитация алып, ашық жұмыс істеуі қажет деп ойлаймын. Бұл ретте «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының сыртқы сауда палатасы қандай механизмдер ұсына алады? Ал Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура бұл жағдайды бақылауына алып, заң аясында шаралар қолдануы керек.

Қытайға визасыз барып, сауда-саттық жасауға мүмкін болған кезде мұндай алаяқтар көбеюі мүмкін. Халық арасында түсіндіру жұмысын да күшейту қажет деп ойлаймын.

Дәулет МҰҚАЕВ,

Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button