Мәдениет

«Алтын домбыра» иегері – Мақсат Аханов

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония залында Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен, Amanat партиясының қолдауымен «Еңбек – ел ырысы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Екі күнге жалғасқан осы жылдың басты додасына еліміздің әр өңірінде жыл бойы өткен айтыстардың жеңімпаздары қатысты.

Он алты ақын бақ сынаған «сөз барымтасын» Мәжіліс спикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ашып беріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәртебесін көтеруді үнемі айтып жүргеніне ерекше назар аударды. Республика күні қарсаңында Президент 700-ден астам қарапайым еңбек адамын мемлекеттік наградамен марапаттағанын атап өтті.

«Биылғы «Алтын домбыра» ақындар айтысының өзіндік мәні бар. Бүгінгі айтыс қарапайым еңбек адамдарына арналады. «Еңбек – ел ырысы» деп отырмыз. Себебі берекенің бастауы – еңбекте. Ал оның иесі де, киесі де – қарапайым еңбек адамдары. Осы ретте Мемлекет басшысы «Адал азамат» ұғымын қоғам санасына сіңіруді ұсынды. Айналып келгенде, мемлекетті мемлекет, елді ел қылып отырған бай-бағыландар емес, қатардағы жұмысшылар, малшылар, диқандар, ұстаздар мен дәрігерлер. Қазір оларға деген қоғамның шынайы құрметі оянып келеді» деді Е.Қошанов.

Айтыстың екінші күні 8 ақын финалға шықты. Марапаттау рәсіміне Amanat»-тың атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысып, дәстүрлі доданың мәні мен маңызына тоқталды, партия алдағы уақытта да мәдениет пен өнерге барынша қолдау көрсете беретінін жеткізді.

Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қарағандылық Мақсат Аханов иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табысталды. Ал жүлделі 1-орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы қызылордалық Мейірбек Сұлтанханға, 2-орын павлодарлық Аспанбек Шұғатайға бұйырды. 3-орынды ұлытаулық Төлеген Жаманов пен Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусина өзара бөлісті. Сондай-ақ жамбылдық Алина Айдаралы, Батыс Қазақстан облысының айтыскері Мұрадым Мейрланов және алматылық Шұғайып Сезімхан арнайы жүлде иеленді. Сайысқа түскен барша ақынға қомақты сый-сияпат табысталды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button