Денсаулық

Серпіліс те, талап та бар

Халқымыздың әл-ауқатының өсуін басты басымдыққа бекіткен Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбында өрбіді.

Бұл ретте Елбасы медициналық қызмет сапасына басты назар аударып, оны тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйі­нің аса маңызды компоненті ретінде бағалады. Елбасының осы саладағы жұмысты ең алдымен, әсіресе, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін баса көрсетті.
Десе де, елордалық бастап­қы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелердің де өзіндік қиындықтары жоқ емес. Осы ретте Жолдауда қарастырылған бірқатар тұжырымдар денсаулық сақтау саласын жаңа сапаға көтереді деп ойлаймын. Атап айтқанда, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді атқарушы органдарға тапсырды. Және осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінетіні белгілі болды. Бұл өте қажетті, дер кезінде көтерілген мәселенің бірі болып отыр.
Мәселен, өзім жетекшілік ететін №8 қалалық емхана­ға 70545 адам тіркелген. Әр учас­келік дәрігер мыңнан аса адамның денсаулығына жауап­ты. Әрине, олардың денсаулығы, өмір жасының ұзақтығы қо­ғамдағы өзгерістерге тығыз байланысты. Егер кеңінен алып қарасақ, Елбасы Жолдауында бұл да ескеріліп, адам денсаулығы әріден қарастырылып отыр. Ол мына мәтінде көрінеді: «Құрылысқа мен коммуналдық секторға заманауи технология­ларды белсенді енгізу, білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құру, медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру, сапалы жұмыспен қамтуды қамсыз­дандыру – азаматтарымыз­дың өмірінің деңгейін сөзсіз көтереді». Мемлекет басшысы осы озық технологияларды емханамызға ендірсек, онда денсаулық сақтау саласында аурулардың алдын алу мен емдеуді айтарлықтай жақсартуы, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру ісі сөзсіз алға жылжитынын айтады.
Барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшіріп, 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қыз­мет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік ашылу қажеттігі де Жолдауда айқын көрсетілген.
Бұл ретте елордамызда айтарлықтай ауқымды жұмыстар орындалды деуге болады. Бүгінде Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, 780 мың медициналық құжаттар сандық сапаға ауыстырылып, электронды қалыпқа енді. Қалалықтардың 93 пайызында денсаулықтың электронды паспорты бар.
Қазіргі күнде емханамызда қолданылып жүрген кешенді бағдарлама, біріншіден, дәрігерге қолайлы. Ол өзінің учаскесіне тіркелген адамдардың хал-жағдайына, олардың емханадан тысқарыда болып жатқан денсаулығына қатыс­ты өзгерістерге мониторинг жасай алады. Өзіне қарасты тіркеуде тұрған адамның денсаулығы күрт төмендеп, жедел жәрдем шақырды ма, не болмаса ауруханада емделді ме, басқа да оқыс оқиғаға тап келді ме? Мұның бәрін дәрігер өз модулі арқылы емделушілердің барлық қимыл-қозғалысын, емделу қорытындыларын бақылап отырады. Дәрігер учаскесіндегілердің толық тізімін көре алады, оны топ-тобымен жасына қарай, тағы басқа сипаттарымен іріктей алады. Осы тізім арқылы скринингтен өтуге тиісті тұр­ғындарды анықтап, басқа да кезектегі ем-шаралардың кестесін түзеп, хабарласа алады.
Осы бағыттағы жұмыстардың жандануына Елбасы Жолдауы тың серпіліс беріп, біздің жұмыс­тың сапасын көтеруге өзіндік талап та қойып отыр.

Айгүл ҚАСЫМОВА,
№8 қалалық емхананың
бас дәрігері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button