Қоғам

Шенеуніктер неге ұйқылы-ояу?

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Еуразиялық экономикалық комиссиядағы (ЕЭК) қазақстандық шенеу­ніктер Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) аясында отандық кәсіпкерлерге толық қолдау көрсетпей отырғанын сынға алды. 

«Өкінішке қарай, біздің шенеуніктер ЕЭО-ның аясында отандық өнім өндірушілердің мүддесін толық қорғап отыр­ған жоқ. Тимур Мұратұлы (Т.Сүлейменов, Ұлттық экономика министрі – авт.), интеграциялық органдардағы біздің өкілдеріміз ең қажетті мәселелерді шешуге де көмектесе алмайды. Бұған бағаға қатысты алаяқтықты, еркін бәсекелестікке кедергі келтіретін өзге де мәселелерді жатқызуға болады» деді Мәжіліс төрағасы Парламенттегі отырыста Ұлттық экономика министріне.
Ол қазақстандық цементті Ресейге экспорттауға қатысты қиыншылықтарды мысалға келтірді. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, ресейлік өнім өндірушілер жыл сайын Қазақстанға 700 мың тоннаға жуық цементті ешқандай кедергісіз экспорттайды. Ал қазақстандық кәсіпорындар Ресейге цемент жеткізуде айтарлықтай қиыншылықтарды бастан кешуде. «Мұның бәрі интеграциялық органдардағы біздің өкілдеріміздің Ресейде экспортталатын цементке жаңа стандарттардың және өнімді сертификаттауға жаңа ережелердің енгізілуіне дер кезінде көңіл бөлмеуінен орын алып отыр. Осы ақпаратты біздің өнім өндірушілерге дер кезінде жеткізбей, оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырды. «Сонда олар немен айналысады?» деген сұрақ туындайды. Олар мемлекеттің, соның ішінде қарапайым салық төлеу­шілердің, осы кәсіпкерлердің ақшасына күн көріп отырған жоқ па? Егер біздің шенеуніктер осындай ұйқылы-ояу қалпынан өзгермейтін болса, отандық бизнес айтарлықтай шығынға батады» деп атап өтті төраға.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button