ӘлеуметБасты ақпарат

Депутаттық сауалдың салмағы

Өткен аптада Мәжілісте «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары Үкімет назарын мамандандырылған мектептерде немесе мүгедек балаларға арналған сыныптарда сабақ беретін мұғалімдер мәселесіне аудартқысы келді. Бұл мәселенің халық қалаулыларының назарына іліккені бізді қуантты, әрине. Дегенмен бірнеше депутаттың атынан жолданған сауалдың құрғақ деректермен, сылдыр сөзбен өрнектелгеніне қарап өзіміз де ойланып қалдық.

«Негізгі мәселе аталған білім беру орындарында оқыту процесіне арналған қажетті оқу құралдарының, сондай-ақ, спорт және еңбек құрал-саймандарының, спорт сабақтарына арналған ашық алаңдардың және спорт залдарының жоқтығы болып табылады. Балаларға аса қажетті мұғалімдер, логопедтер, дефектологтар, психологтар мен басқа да мамандар жетіспейді. Сонымен қатар, мүгедек балалардың үйіне барып оқытатын мұғалімдер жол шығындарын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. Жоғарыда баяндалғанның негізінде депутаттық сауалымызды қарап, белгіленген заңнамалық мерзімде хат түрінде жауап  берулеріңізді сұраймыз» дейді Магеррам Магеррамов бастаған депутаттар Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған сауалында. Әдетте әр сөздерін санмен өріп, нақты дәйектермен дәлелдеп барып көтеретін депутаттардың тарапынан мұндай сауалды күтпегеніміз рас. Өздері көтеріп отырған мәселені құрғақ, жадағай сөзбен айта салмай, мәселенің мәнісін зерттеп, байыбына барып жеткізуге болмас па еді? Депутаттардың білім басқармасынан бұған қатысты ақпаратты толық алуға мүмкіндігі мол екенін ескерсек, өздерінің ізденуге, жағдайға шын жаны ашуға құлықты болмай отырғанын ғана аңғарамыз. Депутаттар Парламент төрінде осылай дегесін, бұл мәселесін қала бойынша барысы қалай екенін білмек болып қалалық Білім басқармасына хабарластық.

«Бүгінгі таңда қаламызда – 6 тифлопедагог, 4 сурдопедагог, 57 дефектолог және 100-ге жуық психолог жұмыс жасайды. Білім мекемелеріне 7 психолог (6 қазақ тілінде 1 орыс тілінде), 10 дефектолог (2 қазақ тілінде, 8 орыс тілінде), 11 логопед (4 қазақ тілінде 7 орыс тілінде) және қазақ тілінде оқыта алатын бір сурдопедагог пен бір орыс тілінде беретін тифлопедагог жетіспейді» деді Білім басқармасының баспасөз хатшысы Жазира Асанова.

Сондай дейміз-ау, депутаттар ең болмаса, осындай ақпараттарды ала отырып, жүйелі сөз, дәлелді уәж айтуға ерінді ме екен? Жоқ, әлде бұл әйтеуір «ауыз жыбырлатудың» амалы ма?

Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button