Ел тынысы

Шешімін күткен мәселе аз емес

«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң елдің негізгі қаржылық құжаты ретінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттерін шешуге, мемлекеттік органдардың функцияларын жүзеге асыруы үшін, экономика салаларын дамытуға және олардың қызмет етуіне қажетті қаржылық негіз құруға бағытталған.

Үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет шығыстарының басымдықтары Қазақстан Республикасының стратегиялық даму мақсаттарына сәйкес келеді және Ел Президентінің Жолдаулары мен басқа да бағдарламалық құжаттардан туындайтын тапсырмаларын ескере отырып қалыптастырылған.

Дегенмен бюджетті нақтылау кезінде өз шешімін талап ететін бірқатар мәселелерге назар аударғым келіп отыр.

Бірінші мәселе: өрт қауіпсіздігін ұйымдастырудың тиімділігін арттыру өзекті болып табылады.

Жыл сайын біздің елімізде мыңға жуық орманды дала өрттері мен 4 мыңға жуық табиғи өрт тіркеледі, олар қоршаған ортаға экологиялық зиян келтіріп қана қоймай, адам шығынына да алып келуде. Олардың салдарын жою үшін мемлекет айтарлықтай қаржылық шығындарды көтеруге мәжбүр.

2022 жылғы 5 қыркүйекте Қостанай облысында табиғи өртті жою жөніндегі жедел штабтың отырысында Мемлекет басшысы Төтенше жағдай министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп өртке қарсы қорғанысты күшейту және түрлі төтенше жағдайларға дайындықты арттыру жөнінде шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.

Абай және Қостанай облыстарындағы орман алқаптарының соңғы ірі өрттері орман шаруа­шылығының өртке қарсы қызметінде жүйелі мәселелердің бар екендігін көрсетті.

Атап айтқанда, өрт сөндіру деполарын құрылыс нормаларының талаптарына сай келмейтін, апаттық жағдайдағы ғимараттарда орналастыру, орман шаруашылықтарының материал­дық-техникалық базасының жеткіліксіздігі, арнайы өртке қарсы техникамен жабдықталмауы және тағы басқалар.

Республикалық бюджетті қарау барысында сенаторлар Жетісу, Алматы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында өрт сөндіру деполарын салу жөніндегі жобаларды іске асыруға қаржы бөлу жөнінде ұсыныстар енгізді.

Дегенмен, осы саладағы мәселелерді шешуде кешенді іс-шаралардың қажеттілігіне байланысты, қаралып отырған бюджет шеңберінде оларға қолдау көрсетілмеді.

Тыныс-тіршіліктің түрлі салаларында, оның ішінде жылыту маусымы басталған кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзектілігін ескере отырып, осы саланы қаржыландыру мәселесі бюджетті нақтылау шеңберінде шұғыл шешуді талап етеді деп есептейміз.

Екінші мәселе: қылмыс­тық-атқару жүйесі мемлекеттің құқық қорғау қызметінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, өйткені қылмысқа қарсы іс-қимылдың тиімділігі, сотталған адамдарды түзету және олардың қайта қылмыстар жасауының алдын алу осы жүйенің тиімді жұмыс атқаруына байланысты.

Алайда бұл салада ұзақ уақыт бойы өз шешімін таппай келе жатқан проблемалар бар, бұл, негізінен, қаржыландырудың жеткіліксіздігімен байланысты (әсіресе ғимараттар мен үй-жайларды ағымдағы жөндеу, толық бейнебақылау жүйесіне қызмет көрсету, жалақыны көтеру және т.б.). Жалпы, пенитенциарлық жүйені жыл сайынғы қаржыландыру қажет етілетін  мөлшердің 60%-нан аспайды.

Осыған байланысты, аталған саладағы өз шешімін қажет ететін бірқатар жүйелік мәселелерге назар аударамыз:

Біріншісі, пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту, себебі тұрғын үй ғимараттары мен мекемелердің көпшілігі өздерінің нормативтік пайдалану мерзімін тауысып, апатты жағдай күйінде болуда. Мысалы,  Қарағандыда 1946 жылы Қостанайда 1912 жылы және Таразда 1890 жылы салынған. Осыған байланысты, республикалық бюджет қаражаты есебінен 500 орындық тағы 3 тергеу изоляторларын аталған өңірлерде салу аса қажет;

Екіншісі, сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз етуді ұйымдастыру. Қазіргі уақытта қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 30 мыңнан астам сотталған адамдар жазаларын өтеуде, олардың 23 мыңға жуығы еңбекке қабілетті. Бірақ та, оның 40%-ы ғана жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда, 12 мыңнан астам сотталушының 340 млрд теңгеге жуық келтірілген залалын өтеу бойынша атқару парақтары бар. Алайда сотталушылар тұрақты жұмыстарға орналаспағандықтан олардың 2 млрд теңгеге жуығы ғана өтелген;

Үшіншісі, қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарды қадағалау бойынша жеке құрам бойынша кадр тапшылығы 41%, ал Ұлттық ұланда 43%-ды құрайды, оның негізгі себебі жалақының төмен деңгейі болып табылады.

Келесі мәселе Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін қамтамасыз ететін Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың кадрлық әлеуетін нығайтуға қатысты.

Ағымдағы жылдың 29 тамызында Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен өткен кездесуінде Омбудсмен жұмысының тиімділігін арттырудың, өңірлік өкілдердің жұмысын үйлестіруді күшейтудің қажеттілігін атап өтті.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе беріліп, өңірлік өкілдіктердің ашылуымен халықтың осы инс­титутқа деген сенімі артты.

Мысалы, өткен жылы Ұлттық Орталықтың атына 3 948 шағым түсті, ал ағымдағы жылдың 9 айында 4 368 шағым келіп түсті, олардың басым бөлігі құқық қорғау органдарының іс-әрекеттерімен және сот актілерімен  келіспейтіндігіне байланысты.

Осыған байланысты азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сапалы қорғау үшін бұл жұмысқа тәжірибелі мамандарды, әртүрлі саладағы сарапшыларды тарту қажет болып табылады, бұл қызметкерлер лауазымдарының санаттарын арттыруды, демек, бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етеді. Бұл мәселе Сенат қабырғасында республикалық бюджетті талқылау барысында көтерілді және мүдделі мемлекеттік органдармен пысықталды.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде уәкілетті мемлекеттік органдардың бюджеттік шығыс­тарды уақтылы және сапалы жоспарлау қажеттілігіне назар аударамыз.

Мұрат ҚАДЫРБЕК,

Парламент Сенатының депутаты 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button