Руханият

Ақын мұрасы насихатталды

Биыл белгілі ақын, аудармашы, журналист Марфуға Бектемірованың туғанына 65 жыл, өмірден өткеніне 10 жыл толды. Осыған байланысты елордада оның мұрасына қатысты бірқатар іс-шара өтті. Атап айтқанда, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ лирикасы және Марфуға Бектемірова поэзиясы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, ал қала мектептерінде ағарту апталығы ұйымдастырылды.

Жиынды Ресей Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары ­Геннадий Иванов, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбеков, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, осы ұйымның Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы бастап берді. Одан кейін ғылыми баяндамалар тыңдалды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Аймұхамбет ақынның поэзиясы туралы әңгімелесе, филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық туған жер тақырыбындағы өлеңдеріне тоқталды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сәуле Тапанова шығармаларының тәрбие­лік мәні туралы айтты. Филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек Марфуға Бектемірова поэзиясындағы көркемдік айшықтарын талдады. Қырғыз Республикасының Қарабаев атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айда Эгембер­диева өлеңдерінің сыршылдығына назар аударды. Ал филология ғылымдарының докторлары Әсима Ишанова мен Александр Бронин ­поэзиясындағы лейтмотивтер туралы әңгіме өрбітті.

Марфуға Бектемірованың шығармашылығына арналған ағарту апталығын Астана қаласы Білім басқармасы, қалалық Әдістемелік орталық ұйымдастырып, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Астана қалалық филиалы қолдау көрсетті. Оның аясында қала мектептерінде әртүрлі шара өтті. Апталық әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында қорытындыланды. Оған Марфуға Бектемірованың жары, ақын, журналист Есенгелді Сүйінов, белгілі қаламгер Ораз Қауғабай, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Астана қалалық филиалының жауапты хатшысы Нәзира Бейсенбаева қатысты.

Есенгелді Сүйінов соңғы он жылда жарының мұрасын насихаттау барысында бірнеше кітап жарық көргенін, былтыр Астана қаласы әкімдігі мен қалалық мәслихаттың қолдауымен тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылып, шығармашылық кеш өткенін, естелік кітап жарық көргенін, биылғы қыркүйекте Ақмола облысы Щучье қаласында Марфуға Бектемірованың атына бір көше берілгенін атап өтті. Осы шараларға атсалысқан азаматтарға, апталықты ұйымдастыр­ғандарға алғыс айтты. Ораз Қауғабай ақын туралы естеліктерді жаңғыртты. Апталықта үздік көрінген оқушылар өнер көрсетіп, оларға және ұстаздарға, мектептер ұжымына алғыс хат тапсырылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button