Әлеумет

Интернеттегі алаяқтар жастарды арандатады

Астана қаласы Полиция департаментінің ­бастығы Марат Төлебаев жастарды жымысқы жолмен тартуға ұмтылатын әртүрлі субъекті­лердің тарапынан болатын арандатушылық іс-қимылдардан және жағымсыз көріністерден сақтануға шақырды.

«Бұл – интернеттегі оңай жолмен ақша табу дегенге қатысты мәселе. Қазіргі кезде нағыз қылмыстық термин жасырылған алуан түрлі сайт осы оңай олжаны жастарға жарнамалайды. Сайып келгенде, есірткі тарататын жастар интернеттегі алаяқтар мен есірткі сатушылардың қолында қуыршақ болады. Есірткі таратуға қатысты барлық іс-әрекет ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жатады. Мұндай қылмысты жасаған адамға 7 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген» деп түсіндірді М.Төлебаев мәселенің мәнісін.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездескен құзырлы департамент басшысы заңнамадағы өзгерістер, жастар арасындағы буллинг, есірткіқұмарлық, токсикоқұмарлықпен бірдей дәрежеде тәуелділік тудыратын ойын-сауық, интернеттегі алаяқтық және тағы басқа тақырыптар бойынша кеңінен мағлұмат берді. Бұл кездесудің түпкі мақсаты оқытушылар мен студент-жастардың ақпараттану, заңсыз іс-әрекеттен құқықтық жағынан қорғану және сауаттылық деңгейін көтеру болғаны анық.

Мәселен, соңғы 2 жылда елордада жастарды есірткі таратуға шақыратын 200-ге жуық жарнама сайты жабыл­ғанын, 7 есірткі дайындайтын зертхананың анықталғанын біле бермейміз. Заңсыз айналымнан 350 келіден астам есірткінің алуан түрі, соның ішінде 50 келі синтетикалық есірткі тәркіленген. Бүгінгі таңда ішкі істер органдары – көпқызметтік жүйе, яғни оған көптеген міндет жүктелген. Полицейлер барлық қылмыстың 96 пайызын зерттеп, барлық әкімшілік құқық бұзушылық іс-қимылдардың 97 пайызын анықтайды.

Кездесуде Марат Төлебаев Астанадағы криминогендік ахуал туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, жалпы қалыптасқан жағдайдың тұрақты екенін атап өтті. Қаланың бас полицейінің айтуынша, 10 мың тұрғынға шаққанда қылмыс деңгейі 4 пайызға төмендеген. «Соның ішінде кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, зорлау, бұзақылық, бопсалау және ұрлық азайды. Қылмыстардың ашылуы көбейіп келеді. Кісі өлтіру, қарақ­шылық, бұзақылық, көлікті айдап әкету және қалтақағар ұрлыққа қатысты қылмыстардың барлығы ашылуда» деді ол.

Сонымен қатар ол тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту бағытындағы заңнамамызға енгізілген бірқатар өзгеріс туралы, шағын электр көлік құралдары мен электр скутерлерді пайдаланудағы заңнамалық түзетулер туралы жастарға толық мағлұмат берді. Жүздесудің соңында Полиция департаментінің бастығы ынтымақтастық туралы меморандум аясында заң мамандықтарының студенттері маңызды «кадр резерві» екенін атап өтті, сондай-ақ болашақ түлектерді ішкі істер органдарына қызметке шақырды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button