Руханият

Шымкентте қаламгер көшесі бар

2001 жыл. Түртінектеп жүріп, Шымкентте Пушкин көшесі, 10-үйде қазақтың жампоз жазушысы Жүсіпбек Аймауытұлы тұрғанын анықтадым. Бардым. Көрдім. 1920 жылдардың межесінен қарағанда еңселі екі бөлмелі үй болған.

Қаусап тұр. Екі бөлменің бірінде жазушының өзі тұрған, екіншісі – педтехникум… Онда бала оқытқан. Бала оқыта жүріп, «Психология» оқулығын жазған, методикалық кітабын жазған. Қазақта болмаған, сол кезге дейін жоқ еңбекті жасаған жайсаң жазушы. «Ақбілек» романы да осы тар үйде туған. Үй қаусап тұр. Құландының арасынан әрең дегенде сыналап өтіп, аралап шықтым. Жүрегім езіліп, жаным жүдеп шықты құланды арасынан… «Қайран арысым-ай» деймін қапаланып. Жалдамалы пәтеріме келе «Жүсіпбек Аймауытов тұрған, «Ақбілек» туған үй еді…» аталатын көлдей мақала жазып жарияладым («Оңтүстік Қазақстан» газеті, 17 ақпан, 2001 ж.). Қызмет орныма келе өңір басшысы, қара жолдан қаражат шығаратын Бердібек Сапарбаевтың мазасын алдым. Жекешеленіп кетпесе екен деген күдікпен Бердібек Сапарбаев жалма-жан Жекешелендіру комитетінің басшысына анықтау жөнінде нұсқау беріп салды. Мен облыстық архивте отыр­дым. Кейін анықталғандай, «Пушкин көшесі, 10-үйдің» бір емес, үш қырынан келіп сатып алған үш иесі бар болып шықты. Дегенде осы бір ілкі бастаманың негізінде Қазақстандағы тұңғыш саяси қуғын-сүргін музейін біз Бердібек Сапарбаев жетекшілігімен Шымкентте құрған едік.

…Әдеттегідей тағы да бір барып көргім келді де, Пушкин, 10-үйге табан тіредім. Қиялыңмен өткен ғасырдың 20-жылдарына заматта өтесің де кетесің. Аштық. Индустрия­ландыру. Репрессия… Еріксіз жаның құлазиды. Пушкин, 10 – Жүсіпбек тұрған үй, педтехникумның бұрынғы ресми атауы. Көшені кезіп жүріп, бүгінгі атының 90-жылдардан бері Тоқаев көшесі екенін анықтадым. Ұзын емес, жарты шақырымдай ғана. Есіме Кемел аға сап ете түсті. Жазушылар одағында бір бөлмеде балалар әдебиеті кеңесінің қызу талқылауларында бірге болатын, ағалық ақылын тыңдайтын Кемел аға Тоқаев Шымкенттің тумасы ма? Ойланып тұрып қалдым. Есіме Амантай Байтанаев ағайды алдым. Кемел аға екеуі Шымкенттің жетім балалар үйінде құлын-тайдай тебісіп бірге өскенін білемін. Жазушылар одағында бірге отырып, екеуінің Шымкентті қимастықпен еске алатыны бар еді. Еске алудың ішінде қарт педагог Мырзай Алтынбекованың аты аталушы еді. Қыршын талант Саттар Ерубаев ғашық болған. Алматы педагогика институтында Мәлік Ғабдуллинмен бірге оқыған. Бейсембай Кенжебайұлы, Есмағамбет Ысмайылов қолдап, кандидаттық диссертация қорғатқан. Барып әңгімелестім. Кемел мен Амантайға сабақ бергенін айтып, бір жасап қалды.

Екпіндей келіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың есігінен ендім. Жүсіпбек тұрған үйдің де жағдайы кетіп қалғанын, тіпті ол құланды орналасқан Тоқаев көшесінің де алқам-салқам жағдайы жоқ екенін тәптіштеп айтып шықтым:

«Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейін кісі көп жүретін басқа бір оңтайлы жерден салайық. Ал мына Кемел Тоқаев көшесін жөндететін қаржы табыңыз. Жөндетейік. Кемекең Шымкенттегі жетім балалар үйінде оқыған. Сабақ берген ұстазына жолығып келдім. Жөндетейік те, Башбақан (сол кездегі Премьер-министр) Қасым-Жомарт Кемелұлы ­Тоқаевты шақырайық. Былтыр Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың әділетті сөзі болмағанда, Түркістан тойы тойланбай қала жаздады емес пе? Әкесінің ұстазын шақырайық! Мырзай Алтынбекова. Әлі тірі. Сексеннен асқан кісі. Енді қанша жүреді дейсің?! Жаңарған, жөнделген Кемел Тоқаев көшесінің тұсаукесерін жасайық. Жұртқа үлгі болсын…».

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев – Қасым-Жомарт Тоқаев­тың түйдей құрдасы. Әрі мемлекетшілдігін аса жоғары бағалайды. Азаматты құрмет тұтады (кейін қазақтан шыққан Сауд Арабиясындағы тұңғыш елші, білімпаз Нәзір Төреқұловтың кезекті мерейтойына конференция ұйымдастырғанда екеуінің тізе қосып, көп шаруа істегенін білемін). Жағымпаздық болмасын деді ме, әйтеуір, әкесі жайында сұрағыштады менен. Өзімнің де Кемел ағаға сый-құрметім бөлек мен ежіктеп түсіндірдім, білем. Бердібек Сапарбаев жанып түсті…

…Іске кірістік… Бірақ Қасым-­Жомарт Тоқаев келіп, әкесінің атындағы көшенің тұсаукесеріне қатыса алмады. Уақыт таппады ма, басқалай себебі болды ма, келмеді. Сөйтіп қайта жаңғырған Кемел Тоқаев көшесінің тұсаукесері өтпеді. Солай болғаны дұрыс та ­сияқты…

 Құлбек ЕРГӨБЕК,

жазушы-сыншы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button