Руханият

Шыңғыс жаққан «Шырақ»

Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры «Шырақ» қойылымы арқылы былтыр «35 градус» деген атаумен өткен І республикалық жастар театрлары фестивалінде жүлдеге ие болды. Нақтырақ айтқанда, аталған қойылымның режиссері Шыңғыс Жақыпбай «Ең үздік режиссер» дипломымен марапатталды. Фестивальдің аты айтып тұрғандай, іс-шара аясында тек 35 жасқа дейінгі режиссерлердің таңдаулы қойылымдары сахналанды. Солардың бірі – астаналық 30 жастағы Ш.Жақыпбай мен басқа өңірлерден келген сондай 7 режиссерге фестивальдің ашылу салтанатында осы диплом табысталды.

«Театрдың бағы да, соры да – режиссер» демекші, театр режиссері болудың өзі – табанды және қажырлы еңбек пен зор ізденісті, шығармашылық толғанысты қажет ететін үлкен өнер. Сегіз жылдық актерлік тәжірибесі бар Шыңғыс осы қиын жолдағы алғашқы қадамын былтыр наурыз айында «Шырақ» музыкалық қойылымы арқылы бастады. Дебюттік спектакліне ол ұзақ ойланып, іштей көп дайындалып барып кіріскен.

– Өзім осы спектакльді ­қояйыншы деп ниеттеніп жүрдім. Негізі, режиссер болу өте қиын, уайымы көп жұмыс екен. Әрине, бір дебюттік қо­йылымға бола өзімді режиссермін деп санамаймын. Ол үшін әлі талай еңбек етіп, көрермен жүрегін жаулайтын пьесалар сахналау керек. Сенің кім екеніңді көрермен өзі анықтайды. Біз аталған фестивальге өтініш жібергенде өтеміз деп ойламадық. Қаншама театрдың арасында бізді таңдамайтын шығар деген ой болды. Бірақ хабар келгенде өте қатты қуан­дық. Біз үшін бұл – үлкен қуаныш. Себебі фестивальге қатысуға шақырту алудың өзі жеңіс деп ойлаймын, – дейді жас режиссер Шыңғыс Жақыпбай.

«Шырақ» – band стилінде, жанды музыкалық шығармаларға негізделген лирикалық драма. Спектакльдің авторы – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин. Қойылымда танымал әнші Мархаба Сәбидің «Үнсіздік», «Жақсы адам», «О немене?», «Марсқа», «Таспай», «Қайтеміз?» деген әндері орындалды.

– Қазір көрерменді таңғалдыру қиын, негізі. Осы мақсатта біраз уақыттан бері театрлар музыкалық қойылымдарды көбейтті. Бұл да сондай туынды. Қойылымды бастар алдында Мархаба Сәбиден әндерін орындауға рұқсат алдық. Режиссер үшін ең бірінші ­пьеса материалының, яғни түп шығарманың мәні мен айтар ойы маңызды. «Шырақ» – отбасы құндылығы тақырыбын көтеретін туынды. Күйеуінің әйеліне көңіл бөлмеуі, жас келіншектің өзін керек сезіну үшін махаббатты сырттан іздеуі қойылым тақырыбына арқау болған. Өміріміздің мәні – отбасындағы сыйластықты қалай сақтап қалуға болады? Сенім мен күдік тайталасқа түскенде тура жолды қалай табасың? Қойылым осы са­уалдарға жауап іздейді, күлдіре отырып, көрерменін мәңгілік құндылықтардың қадірін түсініп, бағалауға шақырады, – дейді Ш.Жақыпбай.

Өнерлі шаңырақта дүние­ге келген екі ұлдың кішісі Шыңғыс қана ата-анасының жолын қуды. Олар басында бұған қарсы болса да, қанмен берілген өнерге тұсау салма­йық деп кенжесінің қадамын қолдады. Сөйтіп ол 2009-2012 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжін «музыкалық театр актері» мамандығы бойынша тәмамдады. 2012-2016 жылдары осы академияда «эстрада әртісі» (мюзикл) мамандығы бойынша жоғары білім алды. 2015 жылдан бастап Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театрының актері.

Театрда 11 қойылымда және кинода да сан алуан рөлді сомдаған. Мәселен, театрда «Моцарт» мюзиклінде Князь, Розенбергтің бейнесін, «Нартә­уекел» драмалық дастанында Сабалақ, Әбілмансұрдың рөлін, «Мейірімді жүрек» ертегісінде қасқырдың кейпін, «Чиполлино» ертегісінде Бұршақтың рөлін, «Өмір» драмасында бозбала Өмірдің рөлін, «Құлыншақ пен бөлтірік» ертегісінде қасқырдың, «Қар ханшайымы» ертегісінде зұлым сиқыршының, қарақшылардың, «Ірімшік құмар тышқандар» ертегісінде Мартонның, «Көзімнің қарасы» музыкалық драмасында бозбала Абайдың, «Жыл – он екі ай» ертегісінде Сарбаздың, «Ромео-Жульетта» спектаклінде Ромеоның рөлдерін сомдайды. Ал киноиндустрияда «Болашақ» телехикаясында Арман рөлімен танылды. Театрдағы жетістіктерінің ішінде 2014 жылы Оңтүстік Корея «DIMF-2014» мюзикл фестивалінің лауреаты атанғанын айта кетуге болады. Жас актер әрі режиссер Шыңғыс Нұрқанатұлы қазіргі таңда келесі бір режиссерлік қойылымды сахналау үшін шығармашылық ізденіс үстінде. Болашақта оның жаңа спектаклін елорданың «Жастар» театрының сахнасынан тамашалап та қалармыз.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button