Басты ақпаратРуханият

Қаламы қолынан түспеген…

Қазақ журналистикасына, қазақ әдебиетіне ақжолтай із қалдырған Жылқыбай Жағыпарұлы 70 жасқа толар шағында кенеттен дүние салды.

Туған жері – қасиетті Қарқаралы топырағынан қуат алған Жылқыбай ­Жағыпарұлының бүкіл саналы ғұмыры Целиноград-­Ақмола-Астанада өтті.

Қаршадай кезінен қаламның құдіретіне арбалған абзал азаматтың мақсат-мүддесі бойына біткен қаламгерлік таланты арқылы халқына қызмет ету болды. Енді бүгін қарап отырсақ сол бұла арманының орындалғанына көзіміз жетеді.

Жылқыбай Жағыпарұлы 70-жылдары әскери міндетін өтеп болған бетте тағдырдың жазуымен Целиноградқа келіп, бірді-екілі мақаласын «Коммунизм нұры» газетіне өткізгенде, газет басшылығы оны бірден жұмысқа шақырады. Содан бері ол қаламын қолынан түсірмей ел туралы, жер туралы, ұлтының мүддесі туралы жаза берді. Ақмола облысының барлық өңірінің тыныс-тіршілігі туралы үздіксіз мақалалар жариялады.

Жылқыбай Жағыпарұлының азаматтық келбеті оның әдеби шығармалар жазуымен де ашылды. 1993 жылы шыққан «Зар нала» кітабы арқылы бүкіл қазақ оқырмандарының жүрегін жаулап алды десе болады. Қазақтың революцияға де­йінгі, революциядан кейінгі, ашаршылық кезіндегі тағдыр талайы туралы жазған «Кек», «Қиянат», «Зар нала» повес­тері оқыған оқырманның көзіне жас үйіріп, жүрегін толқытқан еді.

Жылқыбай Жағыпарұлы тарихи-әдеби шығармаларымен қатар ұлттық публицистиканың да көрнекті өкілі болды. Оның қазақтың ана тілі, салт-дәстүрі, өнері мен мәдениеті туралы мақалалары облыстық, республикалық баспасөзде түйдек-түйдек болып шығып жататын. «Ақмола көтерілісі», «Залал», «Қалам киесі», «Үміт толқыны», «Ұлт ұясындағы ұлағат», «Астана» және басқа да шығармалар жинағы оқырманның жүрегінен орын алғаны сөзсіз еді. Жылқыбай Жағыпарұлы шығармашылық адам ғана емес, іс жүзінде ұлтының патриоты ретінде көрінген азамат болып танылды. Ба­йырғы Целиноградта қазақ мектептерін ашу, немістердің Ақмолада автономиясын құру мәселесі туындағанда топтың ортасында жүріп, нағыз ұлтжанды азамат екенін сан мәрте дәлелдеген еді.

Жылқыбай Жағыпарұлының шығармашылық еңбегі мемлекет тарапынан да ерекше ескерілді. Президенттің Алғыс хаты, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Ақпарат саласының үздігі», «Мәдениет қайраткері», Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі атақтары – елім деп, жерім деп, ұлтым деп өткен Жылқыбай Жағыпарұлына берілген үлкен құрметтің белгісі.

Жылқыбай Жағыпарұлы өмірде қарапайым болып көрінгенмен, ол алдаспандай адалдығымен, найзағайдай намысымен, пышақтай өткір мінезімен ерекшеленетін еді. Ал аңқылдаған ақжарқын мінезі, адамға деген бауырмалдығы, досқа деген адалдығында шек жоқ еді-ау. Жүрген жерінің мәнін де, сәнін де келтіретін серілігі де бір төбе болатын. Қаншама жасқа шығармашылық тұрғыдан ұстаз, бауырмал аға да болды.

Жылқыбай Жағыпарұлының азамат ретіндегі тағы бір ерекше қыры – өнегелі әулеттің отағасы болды. Құдай қосқан жарымен күміс қасықтай қыздарын өсірді, құда-құдандалы болды, ­жиен-немерелер сүйді.

«Арқа ажары» газетінде ширек ғасыр еңбек етіп, бас редактордың бірінші орынбасары, «Ел» қоғамдық-саяси газетінде бас редактор, ел газеті – «Егемен Қазақстан» газетінде шолушы болып бүкіл өмірін баспасөз саласына арнаған Жылқыбай Жағыпарұлының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгілік сақталады!

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button