Айтпайын-ақ деп едім!

Гүлзарды ит таптамасын

Қазір Астанадағы көпқабатты үйлердің арасынан үлкенді-кішілі гүлзарлар ашылды. Жылдың қай мезгілінде болсын тұрғындар таза ауа жұтып, серуен құрып, балалар да онда ойынның қызығына бататынын көріп жүрміз. Алайда қыстыгүні осы скверлер ит сарып, тіпті нәжісін қалдыратын жерге айналғаны өкінішті-ақ. Сорақылықтың көкесі сол, көктемде қар ерігенде қаладағы парктердің, көпқабатты үйлердің жанындағы скверлер, аулалардың көпшілігі алып иттің дәретханасына ұқсап кетеді.

«Қыста ұлымды далаға таза ауаға шығарамын. Сарырқа көшесіндегі «Астана» спорт кешенінің жанындағы скверге барамыз. Балам қолына күрек алып, қарды қазып ойнайды. Ұлым қарды қазам деп отыра қалған жердің бәрінен сап-сары болып жатқан иттің нәжісін көреміз. Сквер деген таза ауа жұтатын, демалатын жер ғой. Қазір тіпті біз үйден шыққанда көпқабатты үйлердің жанынан өтіп бара жатып иттің, адамның нәжісін көреміз. Бұған неге құзырлы мекемелер назар аудармайды?» дейді Астананың тұрғыны Күлзипа Бейсенқызы.

«Выгул собак запрещен» деп орысша жазылған мәтін ілулі тұрған күннің өзінде, кейбіреулер ит қыдыртып жүреді. Олар иттің нәжісін арнайы пакетке салып алуға міндетті. Ал қар суымен еріген нәжіс су қоймасына барып, тірі ағзаны зақымдайтын патоген түзеді. Ол сумен қатынас жасаған адамда тері аурулары пайда болады. Иттің нәжісінен бөлінген жұғымды заттар адам шомылатын суды жарамсыз қылатын өсімдіктердің қаулап өсуіне алып келеді дейді экологтар.

Иттің өзінде ешқандай ауру болмаса да, оның нәжісінде адамдар мен үй жануарларына зиянды бактериялар мен паразиттер болуы мүмкін. Оны жұқтыру үшін нәжісті ұс­таудың қажеті жоқ, себебі ол бактерия­лар шыбын-шіркей арқылы, үй жа­нуарлары арқылы адамға жұғады. Тіпті дәрігерлер иттің нәжісінде домалақ құрттар, сальмонелла, ішек таяқшасы, лямблия, лептоспир, парвовирус, колиформдық бактериялар сияқты жұқпалы ағзалар болуы мүмкін екенін айтып, сақтандырады. Сонда скверлерді, кең аулаларды иттің дәретханасына айналдырған ит асырайтын адамдардың арсыздығын, немқұрайдылығын, жауапсыздығын кімге айтып, кімге шағымданамыз?!

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button