Ресмиет

СОТ СТАТИСТИКАСЫНЫҢ СОНЫ МҮМКІНДІКТЕРІ



Статистика ғылым атаулының маңызды саласы болып саналады, әрі белгілі бір уақыт үзігіндегі қо­ғамдық тұрмыс қалыбындағы әлдебір заңдылықтың көрсеткіштерін ай­қындап, жинақтау, өңдеп, талдау ісін жүзеге асырады.

Статистика салала­рының бірі – құқықтық статистика. Ол қыл­мыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық бағыттарды қамтиды.

Сот статистикасы құқықтық ста­тистиканың бір бөлігі ретінде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша төрелікке тартып, қылмыстық істің сотқа дейінгі және сот актілерін орындау кезеңіндегі әділсот талаптарын жүзеге асырады.

Статистика соттардың про­цес­суал­дық қызметі туралы да, қа­­рал­ған істің мөлшері мен нәти­желе­рі ту­ралы да сандық және сапа­лық көр­­­сеткіштерді есепке алады. Сот статистикасының негізінде белгілі бір заңдылықтарды, мәсе­лен, аза­маттардың құқы мен еркін­дік­терін қорғау үшін сотқа ша­ғым­дану үдерісін, әділ­соттың ажы­рамас бөлігі саналатын бас­қа да мәселелер санатының кө­беюін немесе азаюын айқындауға болады.

Сот статистикасын қалыптастыру бір-бірімен байланысып жатқан бірнеше сатылы кезеңдерден тұра­ды: әуелі соттардың істі әділ­сотқа жолдауы мен оның нәтижелері қа­да­­ғаланып, содан соң түскен деректер топтастырылады (мәселен, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша соттар қызметінің ерекшеліктерін жекелей көрсететін көрсеткіштерді топтарға бөледі). Аталған деректерді жинақтап болған соң мұқият талдауға кіріседі.

Қоғамдағы құқықтық қарым-қатынастар сияқты соттардың қыз­меті де алуан түрлі болады.

Соттар алдында тұрған ұйымдық және техникалық ыңғайдағы мін­деттерді шешу ісінде «ҚР СО БААТЖ» бағдарламасын (Қа­зақстан Республикасы сот орган­дарының бірегей автомат­тан­ды­рылған ақпараттық-талдамалық жүйесін) қолданудың маңызы зор. Бұл азаматтардың, қоғамның және мемлекеттің ара­сындағы еркін ақпарат алмасу­дың және ақпараттар таратуға тиісті шектеулер қоюдың талап етілетін балансын сақтау қағидасына сүйе­нетін сот төрелігін ақпараттық, техникалық қолдауды қамтамасыз ететін соттардың бірегей ақпарат­тық кеңістігін қамтамасыз ету үшін аумақтық тұрғыдан бөлінген автоматтандырылған жүйе болып табылады. Мақсатты бағдарла­ма­ның тұжырымдамасында бірегей ақпараттық кеңістікті қалып­тас­тырып, сот билігінің дербестігі мен судьялардың тәуелсіздігіне қатысты конститу­циялық ұстын­дарды сақтау, Қазақстанның бірегей сот төрелігін орнықтырып, соттар қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ, азаматтар мен заңи тұлғалардың соттық-құқықтық ақпараттар алу құқын жүзеге асыру сияқты міндеттер белгіленген.

Ең алдымен, соттарға келетін хат-хабарларды сот ісі қағаздарын қоса алғанда, автоматтандырылған есепке алу жүйесі оларды осы сот судьялары арасында автоматты түрде бөлуді енгізуге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде барлық сот инстанцияларына түскен талап-шағымдар, азаматтық, қылмыстық істер, әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар арнайы жасақ­талған бағдарлама арқылы судья­ларға бөлініп беріледі. Бұл, бір жағы­нан, судьялар арасында талап-шағым­дардың, сот істе­рінің, басқа да материалдардың тең бөлінуін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сондай-ақ кейінгі кезде ауыздыға сөз болып жүрген сот төрелігіндегі сыбайлас жемқорлық сияқты келеңсіздікке жол бермейді…

Жалпы, электронды жүйе соттағы іс қарау барысын жетілдіріп қана қоймай, әділсот төрелігіне жүзеге асыруда озық технологияларды тікелей қолдану мүмкіндігіне жол ашады.

«ҚР СО БААТЖ» бағдарламасын жасау барысында басқа мемлекеттік органдармен ақпараттық-бағдар­ламалық сабақтастықты сақтап, сот органдарының лауазымды басшы­ларының қызметін автоматтандыру жайы ескерілген.

Енді іс қағаздарын жүргізу барысына озық технологияларды енгізіп, еліміздегі бағдарламалық қамту ісін жетілдіре түсу, сот жүйесіне қол­да­ныстағы бағдарламалар жаңа­лығын уақтылы енгізу міндеті тұр.

Жанар САРЖАНОВА,
Астана қаласы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасының бөлім прокуроры




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button