Қоғам

Спорт – мәңгі серігі

Балаңа бірнәрсе үйретудің ең оңай жолы – сол істі өзің істеп, өнеге көрсету. «Кітап оқы» деп күнде қақсағанмен оқуға ынтасы болмаса, бәлкім, ата-ана да қолына бір ауық кітап алғаны жөн шығар. Спортты өмірлік серігі еткен Елбасымыз да халқын салауатты өмір салтын сақтау­ға шақыра отырып, өзінің бірнеше спорт түріне әуестігімен үлгі болып келеді.

Еңбекқорлық және спортпен бала кезден тұрақты айналысқанның арқасында Елбасы 18 жасында-ақ дене тұрқы жағынан өз қатарынан үлкен көрінетін әрі өте шымыр болған. Бесіктен белі шыққаннан сол кездегі барлық ауыл баласы секілді әкесі оны күреске баулыды. Үйдің үлкені ретінде ол әулеттің көшін сүйреу жауапкершілігін жақсы сезінді. Теміртауға металлург болам деп келіп, одан әрі Днепр металлургия зауыты жанындағы кәсіби-техникалық училищеге жолдама алды. Сол жерде күресуге бейімі бар жастарды жинап жатқан домнашылар тобына өтті. Мұнда оның жаттықтырушысы танымал спорт шебері Лев Ежевский болды. Оның естеліктеріне қарағанда, болашақ Президенттің күрестегі ең сүйікті тәсілдерінің бірі қолды қапсыра ұстап, тобықтан қағу және классикалық түрі бойынша партерде төрт тағандап тұрған қарсыласын белден ұстап лақтыру болған. 67 келі салмақ дәрежесінде еркін және грек-рим күресінде ойынға шығатын ­Назарбаевқа жастайынан меңгерген қазақ күресі жақсы көмектесті. Мінез бен бұлшық еттің мығымдығын жас Назарбаев спортта күрес алаңдарында талай рет дәлелдеді. Сондай жекпе-жектердің бірінде бірге оқитын украиндық жігіт Николай Литошконы жамбасына басты. Екеуінің арасындағы күрес кейін өмірлік достыққа ұласты. 1959 жылы ­Нұрсұлтан Назарбаев Бүкілодақтық орталық кәсіподақ кеңесінің жарысында жеңімпаз атанды. Осылайша бір жарым жылда училищені оқып бітіргенде ол металлургиялық ауыр ғылымды меңгеріп қана қоймай, Украинаның күрестен спорт шебері болып шықты.
Қарағандыдан Алматыға көшіп келген жылы 40 жастағы Назарбаев тенниске ден қойды. Ол кезде Қазақстан КП ОК хатшысы қызметіне кіріскен болатын. Бастаған ісін аяғына жеткізетін әдетімен Елбасы кейіннен ракетканы да қолында еркін айналдырып, теннис добын жерге тигізбей ойнайтын дәрежеге жетті. Жалпы теннис ойынына көптеген елдердің саясаткерлері мен көшбасшылары әуес. Кезінде Н.Назарбаев Ресейдің Тұңғыш Президенті Б.Ельцинге теннис ойнауда лайықты қарсылас бола білген.
Елбасының спорттағы тағы бір қызығушылығы – гольф. Ақсүйектер ойынындағы алғашқы допты Назарбаев 1996 жылы соқты. Содан бастап ол демалыс күндері және гольф маусымы ашылған кездерде гольф турнирлерінен көріне бастады. Әрине, Мемлекет басшысының мұндай ойындарға ұдайы уақыты бола бермеді, дегенмен машығын жетілдіріп, көңілі қалаған спорт түрін тез меңгеріп алатын.
Келесі бір сүйікті спорт түрі – тау шаңғышылары қатарына Елбасы 55 жасында келді. Содан бастап қолы қалт етсе Алматының Шымбұлақ шатқалы мен өзге де тау-шаңғы курорттарына жиі баратын. Өзінің айтуынша, Шымбұлақта тау шаңғысымен сырғанауды бастаған кезінде онда көп ешкім болмайтын. Елбасының ізімен қазір тау шатқалына келіп, шаңғы тебетіндерден аяқ алып жүру жүргісіз. «Алатаудай әсем де биік тауымыз бола тұра, туризм үшін тау шаңғысы спортын дамытпау күнә болар еді. Сондықтан жасым белуар­дан асса да, мен өзгелерге жол көрсетіп, шаңғышылар қатарына қосылдым. Бұл – қаупі бар спорт, бірақ өте қызықты хобби. Нағыз ер жігіттер айналысатын спорт түрі» дейді өз сөзінде Елбасы.
Қазақстанда ат спортына да түрен салған Тұңғыш Президенттің өзі. Қазір елдің бәрі оның жолын қуып, атқа мінуді дағдыға айналдырды. Оның бастамасымен Алматы мен елордада ат жарыстары, Президент атындағы кубоктар жиі ұйымдастырылады. Ауылда туған Назарбаев та бала кезден ат жалында өскен. Кейін мемлекет басқару ісіне кіріскен соң күнде атқа шабу қайда? Онымен тек спорт түрі ретінде айналысу мүмкін еді. «Менен кейде: «Сізге қандай көлік түрі ұнайды?» деп сұрап жатады. Ойланбастан жылқы деп жауап беремін. Себебі бұл киелі жануар кезінде көшпенді қазақ еліне мінсе – көлік, жесе тамақ болды» деді бірде Елбасы баспасөз мәслихаттарының бірінде.
1995 жылы ол өз өміріндегі ең бір авантюралық спорт шарасы – елдегі жетекші альпинистермен бірге Алатаудың 4010 метрлік Абай шыңын бағындыруға қатысты. Бұл шара сол жылы ұлы ақынның 150 жылдығына арналған еді. Кәсіби альпинистер үшін оңай бағдар таңдалды. Бірақ сонда да болса Іле Алатауында көктем-жаз кезінде тастар жиі құлап, қар көшкіні болып тұратын. Әрі сол күні ауа райы да күрт бұзылған. Бірақ соған қарамастан Елбасы биікті бағындыру үшін тауға шығуды жалғастыра берген.
Елбасы спорттың адам денсаулығына пайдасы туралы көп айтады. Сексеннің сеңгіріне келсе де, әлі күнге таңғы уақытын дене жаттығуларымен бастау дағдысынан айнымаған. Бір жылдары елордалық мектеп оқушыларымен кездесуінде ол таңғы жаттығулары жүректің минутына 110 рет соғуына әкелетін «ауыр фитнеспен» аяқталатынын айтқан еді. «Бойымда ата-анамнан берілген мықты тек бар, әрі өзім тау бөктерінде туып, соның етегінде асыр сап өстім. Менің денсаулығымның мықты болуына сол да негіз болған шығар. Дегенмен өсе келе Алла берген денсаулықты күтуге адам өзі ұмтылмаса болмайды. Мен мұны ерте бастан ұқтым және бұл менің өмірлік дағдыма айналды, қазір спортпен шұғылданбай тұра алмаймын. Себебі спорт – тек деннің ғана емес, жанның да саулығының кепілі. Ол адам бойындағы ерік-жігер мен табандылық қасиеттерін дамытады» дейді тағы бір сөзінде еліміздің Тұңғыш Президенті. Ал ерік-жігері мықты адамдардың барлық қиындықтарға төтеп беріп, кедергілердің бәрін жеңіп шығатынын Елбасы өз өмірімен-ақ дәлелдеп берді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button