Қала тіршілігі

СПОРТШЫЛАР САЙЛАУ НАУҚАНЫН НАСИХАТТАУДА



vuCo-VSREzY-680x365

Кеше Астана қаласы Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқар­масы 26 сәуір күні өтетін ҚР Президенттік сайлауын насихаттау мақ­сатында спорт ардагерлері мен ҚР Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілдерінің кездесуін ұйымдастырды.

 – Елордадағы спортшылар қауымы сайлауды насихаттау және ұйымдастыру жұмыстарын қызу қолға алды. Біздің басқармаға 7 сайлау учаскесі бекітілген. Сол учаскелер орналасқан ғимараттарды жөндеу мен оларға келетін жолдарды тазалауды міндетімізге алдық. Бұдан басқа арнайы техника мен жиһазды әкеле бастадық. Дауыс беруге арналған жәшіктерді дайындап, сайлауға қатысты басқа да жұмыстарды атқарудамыз. Мақсатымыз – сайлау күнін халық ұмытпастай мерекеге айналдыру. Бұл күні сайлаушылар шаттанып, мерейленсе, еліміздегі бірлік пен татулық атмосферасын сезінсе екен» дейді басқарма басшысы Берік Маржықпаев.

Оның айтуынша, басқарма дауысқа бірінші болып келетін адамдарға сыйлықтар дайындап отыр. Олардың қатарында спорттық киіммен бірге спорттық нысандарды тегін пайдалануға мүмкіндік беретін айлық абонементтер бар. Атап айтсақ, абонементке ие болғандар «Қазақстан» спорт сарайының бассейні мен «Алау» мұз сарайына кіре алады. Сайлаушыларды қуантатын басқа да сыйлықтар жетіп артылатын көрінеді.

Сонымен қатар сайлауды насихаттау мақсатында басқарма 12 сәуір күні қала әкімдігінің алдындағы алаңда жүгіруден жарыс ұйымдастырып, соның барысында аспанға әуе шарларын ұшырғалы отыр. Шарлар болашаққа деген сенімнің символы болмақ. Жүгіруге Серік Сәпиев, Динара Сәдуақасова, Марина Вольнова, Ілияс Сүлейменов сынды белгілі спортшылар қатыспақ. Сондай-ақ, қоғам қайраткерлері мен Парламент Мәжілісінің депутаттары сөз сөйлемек.

Халық белгілі спортшылармен сайлау өтетін күні де жүздесе алады. Кез келген адам олармен суретке түсіп, қолтаңба алу мүмкіндігіне ие болады.

Аманғали ШМИТҰЛЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button